Ордабасыда өндірісті дамытуға мүмкіндік мол
Облыс әкімі Дархан Сатыбалды Ордабасы ауданына іссапармен барды. Сапар барысында өңір басшысы алюминий профилін шығаратын «GOLD ALUMINIUM» ЖШС-нің құрылысымен танысты. Өңір басшысы инвесторларға мемлекеттен тиісті көмек көрсетілетінін жеткізді.
– Инвесторларға қолдау көрсетіледі. Әр жобаны жоспарға сай уақтылы әрі сапалы атқару керек. Аудан, қалалардағы жобалар іске асса, облыс экономикасының дамуына үлес қосады деп үміттенімін, – деді өңір басшысы.
Зауыт «Бадам» индустриалды аймағында орналасқан, жылдық қуаттылығы – 10 мың тонна. 2016 жылы Индустрияландыру картасы аясында мемлекеттік қабылдаудан өтіп, іске қосылған. Газ жүйесіне қосылуға «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-дан техникалық шартты осы жылдың маусым айында алып отыр. Құны 3 млрд. теңгелік жобаның құрылыс-монтаждау жұмыстары инвестордың өз қаржысы есебінен жүргізіліп, биыл мемлекеттік қабылдаудан өтті. Кәсіпорын жыл соңына дейін іске қосылып, 100 жаңа жұмыс орны ашылады. Зауытта боялған және боялмаған алюминий профильдері шығарылады.
Айта кетейік, «Gold Aluminium» зауыты – еліміздегі әртүрлі мақсаттағы алюминий профильдерін және одан жасалған бұйымдарды шығаратын компаниялардың арасында көшбасшы.
Сапар барысында облыс әкімі Ақбұлақ ауылындағы «KAZ KIOTI» ЖШС-інде болып, ауыл шаруашылығы техникаларын шығаратын зауыттың жұмысымен танысты. Жоба құны – 7,2 млрд. теңге. Жылына 2000 техника шығаруға қауқарлы кәсіпорында 50 адам қызмет етеді. 2015 жылы салынған зауыт «Үдемелі индустриалды-инновациялық даму» мемлекеттік бағдарламасы аясында іске қосылды. Компания ауыл шаруашылығы техникаларын шығаратын әлемдегі ең үздік «DongFeng» және «Wuzheng» секілді компаниялармен серіктесе жұмыс істейді. Бүгінде Ордабасы индустриалды аймағында құрастырылатын тракторларға сұраныс жоғары. Кәсіп-орын басшысының айтуынша, зауыт трактордың 5 түрін құрастырып, шығарады. Қосалқы 3 және 4 корпусты соқа (плуг) шығарып жатыр. 2023 жылы 200 трактор жиналып, оның 175-і сатылды. «KAZKIOTI» компаниясы арнайы лизинг бағдарламасын іске қосты. Бағдарлама шарттары бойынша 15 пайыздан бастап алдын-ала төлем жасалады. Лизинг мерзімі – 3 жылдан 10 жылға дейін.
Дархан Сатыбалды кәсіпорынның жұмысын оң бағалап, индустриалды аймақтарда осындай жобаларды көбейтуді тапсырды. Инвестициялық штабта жобаларды талқылап, қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Облыс елді мекендерін толық инфрақұрылыммен қамту бағытындағы жұмыстар жүйелі жүргізілуде. Соның бір мысалындай Төрткүл ауылдық округі, Төрткүл елді мекенінде табиғи газ беру нысаны іске қосылды. Ауыл тұрғындарының қуанышын бөлісуге арнайы келген өңір басшысы Дархан Сатыбалды төрткүлдіктерді айтулы сәтпен құттықтап, халықты елді мекендерді заман талабына сай дамытуға өз үлестерін қосуға шақырды.
– Елді мекендердің инфрақұрылымын жақсарту бағытында маңызды жобалар жүзеге асырылып жатыр. Проблемалар кезең-кезеңімен шешілуде. Енді үйлерге газ кіргізу жұмысын күшейту керек. Тұрғындардың өмір сапасын жақсарту жолындағы жұмыстар жалғасады, – деді Дархан Амангелдіұлы.
Аталған нысанның құрылысы өткен жылы қыркүйек айында басталып, биыл қараша айында аяқталды. Мердігер мекеме – «Газовое хозяйство Шымкентгаз» ЖШС. Келісімшарт құны – 793,684 млн. теңге. Жауапты мамандар тарапынан жеке үйлерге газды кіргізу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Құжаттандыру жұмыстары толық аяқталған соң, ауылдағы 1497 үй немесе 7631 тұрғын газбен толық қамтылады.
Айта кетейік, Ордабасы ауданы бойынша 57 елді мекеннің 9-ы табиғи газбен қамтылған. Қамту деңгейі 21,6%-ды немесе
25 568 адамды құрайды. Олар – Қайнар, Ынтымақ, Ұялыжар, Теспе, Ықыластемір, Темірлан, Қажымұқан, Боралдай, Қызылсеңгір ауылдары. Қазіргі уақытта 25 елді мекенде 30 нысанның құрылысы жүргізілуде. Биыл 14 елді мекенді (Бірлік, Жамбыл, Ақжол, Мақташы, Бейсен, Қараспан, Берген, Батыр ата, Ынталы, Елшібек батыр, Сыпатаев, Қызылжар, Төрткүл, Қарақұм және Бірлік газ жеткізуші құбыр) табиғи газға қосып, қамту деңгейін 45,1%-ға жеткізу жоспарлануда.
Бүгінгі таңда Қарақұм ауылында табиғи газ нысанының құрылысы аяқталып, 3536 тұрғын «көгілдір отынмен» қамтылды. Қалған 11 елді мекен келер жылы табиғи газға қосылады деп күтілуде.
Іссапар аясында облыс әкімінің төрағалығымен Ордабасы ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде мәжіліс өтті. Өңір басшысы жиын барысында жауапты басқарма басшылары мен аудан әкіміне жұмысты ширату жөнінде тапсырма берді.
– Биыл көзделген 6 инвестициялық жобаны іске асыруды тапсырған болатынмын. «Ордабасы Сапар» орталығы мен «RZN» компаниясының газоблок шығару жобасы әлі күнге іске аспаған. Ауданға инвестиция тарту, жаңа зауыттар мен кәсіпорындар ашу жұмыстарын күшейту қажет. Аудан әкімі жуырда делегация құрамында Қытайға барып, кәсіпорындарымен танысып келді. Енді сол сапардан нәтиже көрсетіп, жаңа өндіріс орындарын ашуға бар күш-жігеріңізді салып, ауданның инвестициялық климатын жақсарту керек. Бұл үшін барлық ресурс бар, индустриалды аймақ ашылған, – деді Дархан Сатыбалды.
Мәжілісте бірқатар кемшілік айтылды. Ағын су жүйелерінің тозығы жетіп, қоқысқа толып қалған. Механикалық тазалау жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілмеген. Пайдаланылмай жатқан және заңсыз пайдаланудағы жер телімдерін қайтару жұмыстары да баяу жүргізілуде.
Облыс әкімінің тапсырмалары хаттамаға енгізіліп, жауапты басшыларға оны орындауға уақыт берілді.
«Ашық есік күні» өңір басшысы 20-дан аса тұрғынды қабылдады. Тұрғындар негізінен инфрақұрылым, жер қатынастары, әлеуметтік мәселелерді көтерді.
Атап айтқанда, Аққойлы ауылының тұрғыны жайылым, көшелерге асфальт төсеу, ауыз су және табиғи газбен қамтамасыз етуді өтінді. Келесі азамат қайтарымсыз грант мәселесі бойынша сауал қойды. Бұдан бөлек атаулы әлеуметтік көмек тағайындап, баласын мүгедектікке шығаруды сұраған ананың мәселесі тиісті мамандарға жолданды.
Темірлан елді мекенінің тұрғыны үйінің жанынан қазылған жердің салдарынан баспанасы апатты жағдайда тұрғанын, Шұбарсудан келген азамат ауылда халық санының көп болуына байланысты ХҚКО ашуды қажет ететінін жеткізді. Бүгінде ғимарат мәселесі шешілгенімен, штат мәселесі шешілмей тұр. Елшібек батыр ауылының тұрғындары жаңа мектеп ғимаратына зәру. Қалаш елді мекеніне баратын ұзындығы 9,6 шақырым жол мен «Орда» шағын ауданының ішкі көшелері асфальтталса деген өтініш айтылды. Сондай-ақ Мәдениет, Жұлдыз, Ақпан, Ынтымақ және Сарыарық, Көктөбе ауылдарына табиғи газ жеткізу мәселесі де көтерілді.
Білім саласына қатысты бірқатар мәселе айтылды. Мектептердегі ҰБТ, «Жайлы мектеп» туралы да сұрақ қойылды. Сондай-ақ білім басқармасына қарасты балабақша, мектептерді жиһазбен қамтамасыз ету жайы сөз болды. Ақбұлақ ауылының тұрғыны Алпамыс батыр көшесіне жол салу мәселесін сұрады.
Жалпы, облыста тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелер тұрақты бақылауға алынған. Жеке қабылдауға келген азаматтардың өтінішін мұқият тыңдаған облыс әкімі тиісті сала басшыларына заң аясында оңтайлы шешуді тапсырды. Айта кетейік, дәл осындай өңір басшысының ашық форматтағы жеке қабылдауы барлық аудан, қалада жалғасады.