Шақшам шақша-ақ еді...

Моңғолия президенті Цахиагиийн Элбэгдорж 76 жастағы ғалым Ақсолтан Қылышұлын Наурыз мерекесімен құттықтап барып, ақсақалмен шақша ауысқан екен. Бұл тек моңғол жұртына ғана емес, қазақ халқына да тән дәстүр, үлкен мерекелерде ғана адамдардың бір-біріне көрсететін ізет-құрметі.

Шақша ертеде иесінің қоғамдағы орнының көрсеткіші де болған екен. Той-жиындарда  ер азаматтар өзінің дәрежесін көрсету мақсатында алтын, күмістен жасалып, гауһар, зүбаржат, сердолик тәрізді қымбат бағалы тастармен көмкерілген шақшаларын алып жүрген.
Әлдеке деген шебердің бір қаралық күміспен нақыштаған келісті шақшасын бір би үйіне арнайы келіп отырып, «тамыр болайық» деп ат-түйедей қалап, «менен де қалағаныңды ал» деп ақыры алып кетеді. Әлдеке шебер келесі жылы барса, би қолқа бермек түгіл «шақша даулай келдің бе?» деп өзін келеке қылады. Әлдеке шебер ханға жүгінеді. Хан: «Қолқа сұрағандай оның қандай шақша еді?» дейді. Сонда Әлдеке шебер:
«Шақшам шақша-ақ еді, 
Шақша да болса жақсы-ақ еді, 
Кер бұғының мүйізі – нақысы еді, 
Бір қысырақ істеген ақысы еді. 
Гауһар мен жақұттан салған көзі
                                          бар еді,
Қолқасын келесі жылы аларсың деген сөзі бар еді» дейді. Сонда хан биге «Шақшасын қайырып бер, қайырмасаң қалағанын бер» деп кесім айтыпты.
Шақша – насыбай салуға арналған құты. Дәстүрлі қазақ қоғамында шақша сиырдың немесе ешкінің мүйізінен жасалған. Ондай шақшалардың екі шеті қақталған күміспен көмкеріліп, бетіне күміс шегелер қағылған. Түбі мен қақпағы күмістен жасалады. Қақпағының бір шетінен ауыз қалдырып, оны тығынды шынжырмен жалғастырып бекіткен. Қазақ шеберлері шақша жасауға сан алуан материалдарды пайдаланған. ХІХ ғасырда қолданыста болған қымбат бағалы металдан жасалған  шақшаның бірі бүгінде  «Ұлы Дала Елі» орталығы қорында сақтаулы тұр. Әдемі өрнектелген бабаның көзі келушілерге өткен ғасырдан үнсіз сыр шертіп тұрғандай.

Д.ТАУАСАРОВА,
«Ұлы Дала Елі» орталығының қызметкері.
Пікір қалдырыңыз