Біздің жолдар неге тез бұзылады?
Халықаралық No News ұйымының мәліметтеріне сүйенсек, әлем елдерінің жол сапасы бойынша жасалған рейтингінде Қазақстан 141 мемлекеттің арасынан 93-орынды иеленіп тұр екен. Біздің елмен Латвия, Ресей, Қырғызстан және Украина мемлекеттері қатар тұрса, ең жақсы жолдарымен ерекшеленетін үш елдің қатарына Сингапур, Нидерланды мен Швейцария кіреді.
Кеңес үкіметі ыдыраған тұста Қазақстан аумағында 117 мың шақырымнан астам автомобиль жолдары болса, 2003 жылы бұл көрсеткіш небәрі 89 мың ғана болған екен. Яғни тиісті күтім жасалмаған жолдар әбден тозып, апат туындататын жағдайға түскен. Ал бүгінгі таңда еліміздегі автожолдардың жалпы ұзындығы 96 мың шақырымды құрап отыр. Көптеген қазақстандықтар жолдардың сапасына шағымданады. Алайда еліміздегі жолдардың үштен бірінен астамы «қанағаттандырарлық жағдайда» деп танылған.
Енді «Біздің жолдар неліктен тез бұзылады?» деген сауалға жауап беріп көрейік. Техника ғылымдарының кандидаты Қалижан Құлмановтың пікірінше, бұл жағдайдың негізгі бір себебі бар. Ол – жол құрылысшылары мен жылу жүйесіне қызмет көрсететін компаниялардың іс-әрекеттерінің сәйкес келмеуі. Бұл тұрғыда ол: «Биыл асфальт төселсе, келесі жылы құбырдың жарылуы немесе ағымдағы жөндеу орын алады. Ал, қазылған жерді жолға жауаптылар емес, компаниялардың өздері толтырады. Сосын, жаңбырдан кейін ол жерлер қайтадан бұзылып кетеді. Тексеруші адам ештеңе айта алмайды, өйткені бәрі төселіп, асфальт қабылданып қойған. Егер жер астындағы тығыздық бір рет бұзылса, жаңбырдан кейін ол міндетті түрде тағы бұзылады» деп пікір білдірген.
Ал автокөлік одағының директоры Сәбит Аманбаев Қазақстанның көптеген трассалары салмағы 10 тоннадан аспайтын көліктерге есептелгенін, бірақ жүктеме бойынша нормалар көзделмегенін айтады. Алайда мамандардың пікірінше, жолдарды шамадан тыс жүк артылған көліктер емес, жоғары жылдамдықпен жүретін автомобильдер тез бұзады екен. Олардың сөзіне сүйенсек, 100 км/сағ. жылдамдықпен жүретін жолда көлік 150 км/сағ. жылдамдықпен қозғалса, жолды екі есе тез бұзатын көрінеді.
Ұлттық жол активтері сапасы орталығының директоры Замир Сағыновтың айтуынша, тағы бір проблема – мамандардың жетіспеушілігі. Оның сөзіне сүйенсек, жастар бұл салада жұмыс істегісі келмейді, өйткені жұмыс жағдайлары қолайлы емес. Басқа себептер ретінде сыбайлас жемқорлық, мемлекеттік сатып алу конкурсын өткізу шарттары, жоспарлы жөндеудің болмауы, климаттық жағдайлардың айырмашылығы және жол қозғалысы ережелерін сақтамау қарастырылады.
Жол сапасына тағы не әсер етеді? Құрылыс сарапшыларының пікірінше, жобалау процесінде де сапаны бақылау қажет. Ең алдымен топырақтың сипаттамасын егжей-тегжейлі зерттеген маңызды. Зертханалық сынақтар мен технологиялық есептеулердің дұрыстығы негізгі факторлар болып саналады. Егер есептеулер дұрыс болмаса, уақыт өте келе жол біркелкі болмайды. Біріншіден, жол бойында шұңқырлар, содан кейін асфальтта жарықтар пайда болып, бұл жоғарғы қабаттың бұзылуына соқтыруы мүмкін. Әрине, сапаға климаттық жағдайлар да әсер етеді. Сондықтан әртүрлі аймақтар мен елдердегі жолдардың сапасын салыстыру емес, климатты дұрыстап зерттеген дұрыс.
Қазақстанның ең нашар жолдары қай өңірлерде?
Батыс Қазақстан облысы елге ең нашар жолдарымен де танымал. БҚО-да жергілікті маңызы бар жолдардың ұзындығы 5104 шақырымды құраса, оның 70 пайыздан астамы жөндеуді қажет етеді екен. Әсіресе жол тұрғысынан Казталовка, Жәнібек және Бөкейорда аудандарының тұрғындары көбірек зардап шегіп жатыр. Ауа райының қолайсыздығынан көліктер Оралға барар жолда да жиі кептеліп қалады. Билік бұл жолдарды жөндеуді 2021 жылы аяқтауды жоспарлаған. Алайда пандемия мен құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты бұл жоба биыл аяқталады деп жоспарланып отыр.
Мәліметтерге сүйенсек, Қызылорда–Жезқазған тас жолында 50 жылдан астам уақыт бойы күрделі жөндеу жүргізілмеген. Автожолдың ұзындығы 369 шақырым және күн сайын ол жол арқылы 4 мыңға жуық көлік жүреді. 2021 жылдың қыркүйегінде жолды қайта құру басталып, бюджеттен 240 млн. доллар бөлінген көрінеді. Тұрғындардың айтуынша, бұл жолда апат жиі орын алады. Сонымен қатар, жолдың сапасы көліктің жағдайына кері әсерін тигізеді.
Ал Қостанай облысында жолдары сапасыз екі аудан бар – Амангелді және Жангелді. Біраз уақыт бұрын кейбір учаскелерге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін бюджеттен 9 млрд. теңгеден астам қаражат жұмсалған. Сондай-ақ өткен жылы Қостанай облысында Рудныйдан өзен арқылы өтетін көпірге дейінгі ұзындығы 19 шақырымды құрайтын Қостанай–Қарабұтақ жолына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Қарағанды облысы да жолдарды жақсарту аясындағы жанжалдармен танымал. Мысалы, 2021 жылы дәл осы өңірде жол салуға қатысы бар тұлғалардың 51,4 млн. теңге жымқырғаны үшін қылмыстық іс қозғалған. Алайда тергеу барысында фактілер расталмай, іс жабылған.
Ресми мәліметтер бойынша, Ақтөбе облысындағы трассалардың 34 пайызы жөндеуді қажет етеді екен. 2022 жылы жалпы ұзындығы 752 шақырым болатын жолдарды жөндеу бойынша 201 жобаны іске асыру жоспарланып, бұл жоба үшін 32 млрд. теңгеден астам қаражат жұмсалған.
Қазақстанның ең сапалы жолдарын да атап өтейік.
Қазақстан бойынша ең сапалы жолдар Маңғыстау облысында деп саналады. Себебі мұндағы облыстық және аудандық маңызы бар автожолдардың 95 пайызы жақсы жағдайда. Айта кетсек, Маңғыстау облысындағы жергілікті жолдардың ұзындығы 1406 шақырымды құрайды. Бұл Батыс Қазақстан облысына қарағанда төрт есе аз. Қазақстан трассалары арасында ең жоғары баға алатынына қарамастан, облыста жол құрылысына байланысты жанжалдар да орын алып тұрады.
Ал Шығыс Қазақстан облысы қатты жолдардың саны бойынша көш бастап тұр. Облыста мұндай трассалар Ақтөбе облысына қарағанда екі есе және Атырау, Қызылорда немесе Маңғыстау облыстарына қарағанда бес есе көп. Мұндай жол жабыны ауа райына ең төзімді болып саналады және климатқа қарамастан көліктердің оңай қозғалуына мүмкіндік береді.
Егер жолдарды тығыздығы бойынша бағалайтын болсақ, онда бірінші орынды Солтүстік Қазақстан облысы иеленеді. 2021 жылдың деректері бойынша Солтүстік Қазақстан облысындағы трассалардың 69 пайызы жақсы немесе қанағаттанарлық жағдайда. 2025 жылға қарай бұл көрсеткішті 95 пайызға дейін жеткізу жоспарланған.
Ал, сіз тұратын өңірдегі жол сапасы қандай?