Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Франция президенті Эмманюэль Макронды қарсы алды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға ресми сапармен келген Франция президенті Эмманюэль Макронды Ақордада күтіп алды.
Мәртебелі мейманның сапарына орай салтанатты рәсімдер залында Құрмет қарауыл сап түзеп, оның бастығы Мемлекеттер басшыларына баянат берді.
Осыдан кейін Президенттік оркестр екі елдің әнұранын орындады.
Одан әрі Эмманюэль Макрон мен Қасым-Жомарт Тоқаев кілемше бойымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туына қарай жүрді.
Оның алдына келгенде мейман тоқтап, басын сәл иіп, ілтипатын білдірді.
Бұдан кейін қос Президент Құрметті қарауыл сапының бойымен жүрді.
Франция Президенті Құрметті қарауыл бастығымен қоштасып, Қ.Тоқаевпен шағын құрамдағы кездесуге өтті.
Еске салайық, Франция президенті Қазақстанға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен келіп отыр.
Сапар аясында екі ел басшылары сауда-экономикалық, инвестициялық және энергетикалық ынтымақтастықты нығайту, сондай-ақ халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі мәселелерді талқылайды деп жоспарланған.
Айта кету керек, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Францияға былтыр жасаған ресми сапары аясында 35 құжатқа қол қойылған болатын.
Бұдан соң Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Қазақстанға ресми сапармен келген Франция Президенті Эмманюэль Макронмен келіссөз жүргізді.
Келіссөз алдында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмманюэль Макрон бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылының бастығы мемлекеттер басшыларына рапорт беріп, екі елдің әнұрандары шырқалды. Содан кейін президенттер шағын құрамда келіссөз жүргізу үшін Шығыс залына барды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Эмманюэль Макронға ілтипат білдіріп, жылы қарсы алды.
– Президент мырза, біз үшін бүгін үлкен оқиға. Сіздің сапарыңызды бәріміз құптаймыз. Менің шақыруымды қабыл алып, Қазақстанға ресми сапармен келгеніңіз үшін алғыс айтамын. Қазақстан мен Франция арасындағы ынтымақтастық жақсы дамып келе жатыр. Дегенмен екіжақты қарым-қатынасқа тың серпін беру керек. Сондықтан сіздің сапарыңызды тарихи, өте маңызды деп айтуға болады. Бүгінгі келіссөздер нәтижелі болатынына сенімдімін. Оған ешқандай күмәнім жоқ, – деді Президент.
Мемлекет басшысы Франция Қазақстанның Еуропа Одағындағы басты және сенімді серіктесі, сондай-ақ ел экономикасының ірі инвесторының бірі екенін атап өтті.
Өз кезегінде Эмманюэль Макрон Қазақстан мен Франция арасындағы байланыстарға жоғары баға берді.