Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ: «Қай елде мекен етсе де, қазақтың бір ғана Отаны бар, ол – Қазақстан!»

«Елордада шетелдегі қазақтардың басын біріктіріп, өзекті мәселелерді талқылауға бағытталған «Отандастар» форумы басталды» деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жиын басында сөз алған ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Мемлекет басшысының форум қатысушыларына арнаған хатын оқып берді. Онда былай делінген:
«Ардақты ағайын, Сіздерді «Отандастар» форумының ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Бұл халқымыз үшін айрықша мәні бар басқосу. Қазақта: «Келісіп пішкен тон келте болмас» деген сөз бар. Халқымыз қашан да елдік мәселелерді алқалы жиында ақылдасып шешкен. Осы орайда шетелдегі қазақтармен жан-жақты байланысты нығайту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және басқа да өзекті мәселелерді өздеріңізбен талқылаудың маңызы зор. Қай мемлекетте мекен етсе де, қазақтың бір ғана Отаны бар – ол Қазақстан. Сондықтан біз шетелде тұратын қандастарымызды қолдауға қашан да мән береміз. Олардың тарихи Отанына қоныс аударуына толық жағдай жасалған. Қазақстан азаматтығын және қандас мәртебесін алу тәртібі жеңілдетілді. Шетелдегі қазақ кәсіпкерлері үшін «Ата жолы» картасы енгізілді. Қандастармен қарым-қатынасты дамытуыға бағытталған осындай жұмыстар жалғаса береді».
Форумға шетелдегі 200-ден астам қазақ ұйымдарының басшылары, белсенді және танымал тұлғалармен қатар, отандық ғылым, білім, мәдениет, спорт, бизнес, медиа, саясат, қоғамдық ұйымдар және басқа да салалардың көрнекті өкілдері мен белгілі қайраткерлері қатысып жатыр.
Форумның мақсаты – шетелдегі қазақ ұйымдарымен өзара түрлі ынтымақтастық мәселелерін талқылау; еліміздің жаңа кезеңдегі мемлекеттік саясатымен және саяси-экономикалық реформаларымен, сондай-ақ, ұлттық руханиятқа қатысты заманауи трендтермен таныстыру, шетелдегі қазақтарды қолдауда Қазақстанның жүргізіп отырған саясаты, шетелдегі қазақ жастарын Қазақстанда сапалы білім алу және өз қабілеттерін іске асыру, сондай-ақ, елге көшіп келетін қандастарға мемлекет тарапынан қабылданып жатқан қолдау шаралары туралы ақпараттандыру.
Форум аясында «Ел дамуындағы қандастардың рөлі», «Отандастардың интеллектуалдық әлеуеті – ұлттық құндылықтарды ілгерілету драйвері», «XXI ғасырдағы қазақ тілі және бүгінгі мүмкіндіктері», «Медиа және заманауи трендтер» тақырыптары бойынша сессиялар және «Отандастар Қоры» КеАҚ жаңа жобалар тұсаукесері мен «Тайқазан» форумының қорытынды сессиясы өтіп жатыр.
«Отандастар» қорының президенті Абзал Сапарбекұлының айтуынша, 40-қа жуық мемлекеттен 200-ге жуық делегат келді. Бұл форум екінші рет өтіп отыр. Бұған дейін 2019 жылы өткен. Форумның басты ерекшелігі – ауқымдылығы, делегаттар санының көптігімен ерекшеленеді. 

Пікір қалдырыңыз