Әр сөзі ғибрат
![](https://okg.kz/assets/images/posts/5531a5834816222280f20d1ef9e95f69/019bf95b1ca6cd440f735a8b482e5b47.jpg)
Тамырсыз ағаш болмайтыны сияқты тағдырсыз халық болмайды. Қазақ халқы – талай қиындықтарды бастан өткізген, болашағына байыппен, үмітпен, сеніммен қараған тағдырлы халық. Дана халқымыз «қарты бардың – қазынасы бар» дейді. Үлкенді сыйлау, оларға құрмет көрсету – ата-бабадан келе жатқан салтымыз. Қарияларымыздың өмірлік тәжірибелері мен ақыл-кеңестері, тәлім-тағлымдарының біз үшін орны бөлек. Себебі, олардың біздің айбынды елдің ұрпағы болып өмір кешуімізге, атамекеніміздің рухани бекем, рухы асқақ елге айналуына қосқан үлестері мен еңбектері ерен. Сондай жандардың бірі – ардагер ұстаз, білім саласында өзіндік ізін қалдырған Әбдімәжит Үдербаев.
Әбдімәжит Қалдыбайұлы – Төлеби ауданы, Көксәйек ауылында дүниеге келген. 1976– 1977 жылдары Шымкент қорғасын зауытының механикалық шеберханасында токарь болып жұмыс істеген. 1979–1984 жылдары Шымкент педагогикалық институтының математика факультетін сырттай оқып бітірген. Оқи жүріп осы институт қабырғасында «Жалпы техникалық еңбек» кафедрасында оқу шебері болып жұмыс істейді.
1982 жылдан бастап туған ауылындағы С.Темірбеков атындағы жалпы орта мектебінде математика пәні мұғалімі болып жұмыс істейді. Ал, 1997 жылдан зейнетке шыққанға дейін (2020 жыл) осы мектепте директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарды.
Саналы ғұмырының 45 жылын шәкірт тәрбиелеуге арнаған ағамыз ұстаз деген киелі атқа дақ түсірген емес. Әбдімәжит ағамыздың тәрбиелеген шәкірттері бірнеше рет облыстық, республикалық білім байқауларында топ жарды.
Әбдімәжит Қалдыбайұлы қоғамдық өмірде де өте белсенді. Ауданда бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы, сайлау комиссиясының төрағасы қоғамдық қызметтерін абыройлы атқарды.
Шәкірт тәрбиелеу ісіне де, елдің қоғамдық өміріне де белсене араласқан ардагер ұстаздың еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Әбдімәжит ағамыз Төлеби ауданы әкімінің Алғыс хатымен, аудандық, облыстық мәслихаттың Құрмет грамоталарымен, облыстық білім басқармасының арнайы Алғыс хатымен марапатталған.
Райхан ОРЫНБАСАРОВА,
зейнеткер-ұстаз.