Археологтар назарында – Қарашық қалашығы
Түркістан облысы аумағында 1770 ескерткіш есепке алынған. Қазір ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің тапсырысы бойынша Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің экспедициясы 3 археологиялық ескерткіш орнында қазба жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Атап айтқанда, Сауран ауданындағы Қарашық ІІ қалашығы, Келес ауданындағы Мыңтөбе оба қорымдары мен Күлтөбе қалашығы ескерткіші және Созақ ауданы, Қызылкөл маңындағы оба қорымдары. Таяуда жобаның күнтізбелік жоспарына сәйкес «Қарашық өңіріндегі ескерткіштердің бүгіні мен болашағы» атты далалық семинар ұйымдастырылды. Іс-шараға археолог мамандардан бөлек, Түркістан облыстық мәдениет және туризм басқармасының өкілдері, Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетіне қарасты Археология ғылыми-зерттеу орталығының басшысы қатысты.
Семинар кезінде жоба жетекшісі, профессор Мадияр Елеуов ортағасырлық Қарашық қаласының тарихи маңыздылығына, жүргізілген зерттеу нәтижелеріне және табылған көне жәдігерлерге тоқталып, жан-жақты түсіндірме берді. Қатысушыларды осы жылы жүргізілген алғашқы қазба жұмыстарының барысымен таныстырды.
– Қыркүйек айының 1-нен бастап, күні бүгінге дейін осы нысанда жалпы 3 қазба жұмысы жүргізілді. Қаланың орталық бөлігі, шахристан, рабадтан (қаланың шаруашылық аймағынан) тұратын цитательдегі қазба жұмыстарын белгілі археолог Дөлей Талеев басқарып, онда көлемі 20×20 метр, тереңдігі 1 метр етіп қазба салып, нәтижесінде бірнеше бөлмеден тұратын тұрғын үйдің орны анықталды. Үйдің ішінен әртүрлі ыдыс сынықтары мен үй жануарларының сүйектері кездесіп, бір ошақ ашылды. Шахристандағы бірінші қазба Қарашық өзенінің жағасындағы тік жарқабақта жүргізіліп, ені шығыстан батысқа қарай 4 метр, ұзындығы 8 метр жерге салынды. Нәтижесінде пахсадан, кейбір қабырғалары тастан қаланған тұрғын жайдың орны ашылып, одан әртүрлі ыдыс сынықтары мен үй жануарларының сүйектері шықты. Сонымен қатар осы қазбаның жарқабаққа жақын жиегіндегі топырақты құлатып, тіктеп археологиялық әдіснамаға сай кесік қазба салынып, Шахристандағы қамал орны анықталды. Осы бірінші қазбаның оңтүстік жағынан жанамалап, екінші қазба жұмыстары жүргізілді. Бір тандыр және ашық ошақтың орны анықталды, – деді профессор.
Экспедиция жұмыстарына Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің докторанты, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіне қарасты Археология ғылыми-зерттеу институтының және Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің ғылыми қызметкерлері де қатысты.
– Қазіргі таңда «Қарашық өңірінің ежелгі және ортағасырлық қалалары» тақырыбымен ортағасырлық Қарашық қалашығында кешенді ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл ғылыми жоба министрлік гранты негізінде жүзеге асуда. Әр жыл сайын 2 ай көлемінде жұмыстар жүреді. Еліміздің оңтүстік өңірінде әлі анықталмаған ескерткіштер, тарихи орындар өте көп. Оларды анықтау үшін келесі жылы Бәйдібек, Сауран аудандарының аумағында ескерткіштер санын нақтылау жоспарланған. Алдымен археолог мамандар тарапынан ғылыми-зерттеу жұмыстары жүреді, содан кейін тиісті аудан-қалалармен жұмыс істейміз, – дейді Тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі орталық басшысы Жандос Құрбан.
Айта кетейік, оңтүстік өңірінде археологиялық зерттеулер жүргізіп, ежелгі, ортағасырлық мекендер мен қалаларды есепке алып, оларда кешенді пәнаралық зерттеулер жүргізуді мақсат еткен жоба жұмыстары үш жылға есептелген.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.