Қырманға кел, қалқатай!
Сабырбек Олжабай,
«Оңтүстік Қазақстан».
Қоңыр күз шіркін, берекелі де, мерекелі мезгіл ғой. Төрткүл төңірек сарыала түске боянып, қыраттар қызылжалқын түрге еніп, қараша қаз қайтқан осы бір кездің сағынышы да ересен. Қырмандар дәнге толып, дала әнге толып жататын табиғаттың осы бір жомарт шағын сүймейтін адам кем шығар, сірә.
Иә, береке-байлық күзде. Шаруалар «балапанды күзде сана» деп текке айтпайды. Жыл он екі ай бойы төккен ащы теріңнің тәтті жемісін терер кез де осы. Сондықтан, қоңыр күзде той тойға ұласып жатады. Солардың ішінде шаруа біткен өнімдерін жинап біткен шақтағы «Алтын күз» мерекесінің орны бөлек. Бұл мереке қаншама жылдардан бері үзбей тойланып келеді. Әрине, шадыманды шақ болғаннан соң оның соңы мерекелік концертке ұласады. Жиналғандар жадырап, бір сергіп қалады.
Осындай жиын-тойларда байқаймын, белгілі композитор Сыдық Мұхаметжановтың (сөзі – Садықбек Адамбековтікі) «Қырманға кел, қалқатай!» әні жиі шырқалады. Соңғы жылдары эстрадалық бағытта қайта өңделген бұл ән бүгінде тек еңбек әні ғана емес, кез келген жиын-тойдың да сәнін келтіретін рухты әрі ойнақы ретро-шығармаға айналған.
Ей, құшағыма сені алып,
Би билейік қуанып.
Қырманға кел, қалқатай,
Білегіңді сыбанып, – деп келетін қайырмасының өзі жүрек шымырлатады.
Ән басталмай жатып-ақ ортаға шығып билей жөнелгің келеді. Осындайда ойлайсың: бүгінде рухты оятатын, еңбекке жігерлендіретін, отансүйгіштікке баулитын, сезіміңді селк еткізетін осындай әндер неге аз деп. Япырай, сонау Кеңес өкіметі тұсында жазылған бұл әннің құдіреті неде? Еңбек пен сезімнің ұштасуы қандай ғажап! Шығарма тек жоспарды орындауды ғана емес, еңбек ортасында жүрген жастардың бір-біріне деген сырлы сезімін, әдемі әзілі мен зілсіз қалжыңын да қоса өріп тұр емес пе?! Әндегі «жалқау болсаң ақ саусақ, қызыл тырнақ, Біз болар ек сендейді ескермеген» деген жолдарының өзі еңбек еткен адамның мәртебесі биік болатынын ишаралап тұр емес пе?! Ән қысқа қайырымды, жеңіл орындалады. Аз сөзбен көп мағына білдірген осы ән Кеңес өкіметімен бірге жоқ болып кетпей бізге қалай жетті? Эстрадалық бағытта өңделгендіктен ғана ма? Әлде мәтінінде тартып кететін иірімдері бар ма? Тыңдап отырсаңыз, біз айтқанның барлығын да табасыз. Қалай дегенде де негізгі түйін әннің жүректен шығып жүрекке жеткенінде болса керек.
«Қырманға кел, қалқатай!»
әні – ерен еңбек пен жалынды жастық шақты бейнелеу мақсатында туған, қазақ музыкасының алтын қорына кірген классикалық шығарма. Бұған ешкімнің таласы бола қоймас, сірә. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары өмірге келген бұл әннің алғашқы орындаушысы Суат Әбусейітов еді. Қазір бұл әнді тыңдармандар Роза Рымбаева, Досымжан Таңатаров, Жанар Айжанова, Серікбол Сайлаубек, «Азия» тобы, тағы басқалардың орындауында тыңдап жүр.
Рас, кешегі Кеңес өкіметі кезінде еңбек тақырыбы мемлекеттік идеологияның негізгі тірегі болды. Сол себепті қазақ музыка өнері де жұмысшылардың, диқандардың, комбайншылардың, кеншілердің, малшылардың еңбектерін дәріптейтін жолдан алыс кете алған жоқ. Десек те, бұл шығармалар халықты рухтандырып, еңбекке ынталандырды. Сұранысқа ие болғандықтан да композиторлар еңбек тақырыбындағы әндер мен күйлерге көбірек көңіл бөлді. Бұлар мемлекет тарапынан да қолдауларға ие болды. Авторларға қаламақы жақсы төленді. Олардың әндері радиодан, телеарналардан жиі шырқалып тұрды. Осы кезеңде қазақ композиторлары еңбек тақырыбына арналған жігерлі әрі құлаққа жағымды классикалық әндерді дүниеге көп әкелді. Айталық, «Маржан қыз», «Егінжайда бір қыз жүр», «Жылқышы әні», «Тың игерушілер әні», «Алтын егін», «Ақ күріш», «Шофер келді қырманға», «Шопан әні», «Жастар маршы», «Құрылысшылар», «Тербеледі тың дала», тағы басқа да толып жатқан әндер мен романстар қазақ аспаны көгінде қалықтап ұшты. Осы әндермен талай ұрпақ қанаттанды, өсіп-өнді, еңбекке жігерленді, Отанды, туған жерін сүйді.
Иә, кезең ауысады, уақыт алға жылжиды, өмірлік мұраттар өзгереді. Бірақ, әсем ән қай кезде болсын, халық жүрегінде қалады. Айталық, есте жоқ ескі замандарда шырқалған халық әндерімен қайта қауышып жатамыз ғой. Сол әндерде өз заманының көрінісі, талабы, мұңы мен зары да қабат өріледі. Солай екен деп біз сол әнді айтпай қойып жүрміз бе? Жоқ, «Бір замандарда осындай оқиғалар өткен екен. Сонда мына халық композиторы осы әнді шығарған екен» деп талай шығарманы орындап жүрген жоқпыз ба? Бұған бір ғана Димаш Құдайбергенов орындап жүрген «Самартау» әнін мысал ретінде айтсақ та жеткілікті. Осы әннің ішкі иірімдері, терең тынысты қайырымдары шетелдіктерді де тамсандырып, қазақ әнін қосыла шырқаған жоқ па?! Ендеше, халық әндері болсын, кешегі Кеңес өкіметі тұсындағы шығармалар болсын, ел жүрегінде қалып жатса, бұл олардың өміршеңдігін, табиғилығын айғақтайды.
Қай заманда да адамды көрікті ететін, шыңға шығаратын – еңбек. Ал, еңбек, еңбек адамдары қай кезеңде де ұлықталып, дәріптелуі тиіс. Осы ретте бүгінде еңбекке, еңбек адамдарына арналып шығарылған әндер мен күйлердің саусақпен санарлық қана екенін айтпай кетуге болмас. Біз соңғы жылдары жазылған әндерді саралағанда Арман Қуандықтегінің «Еңбек адамы» деген бір ғана шығармасына кезіктік. Онда да мультфильм түрінде. Былтыр Жұмысшы мамандықтары жылы болып жарияланғаны белгілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл да осы дәстүр жалғасатынын айтты. Иә, қашанда еңбек адамына құрмет көрсетілуі тиіс. Рас, олар сый, марапаттардан кенде қалып жатқан жоқ та шығар. Алайда, солардың еңселерін көтеретін көркем шығарма немесе әсем ән неге жоқ? Біз елге белгілі бірқатар композиторлармен тілдесіп, мұның сырын сұраған едік...
Марат ІЛИЯСОВ, ҚР еңбек сіңірген әртісі, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері:
– Кешегі әндер физикалық еңбекті, колхозшылар, кеншілер өмірін суреттейтін. Қазір еңбек түрлері, оның сипаты өзгерді. Көптеген ауыр жұмыстарды техника мен роботтар атқарады. Ал, оларға арнап ән шығара алмайсыз. Бұрын қарапайым жұмысшыларға арнап қаншама әндер жазылды. Айталық, «Жазылбекшілер маршы» жастарды мал шаруашылығына жетеледі. «Маржан қызды» Әбілахат Еспаев ағамыз күрішшілерге арнап жазды. Сол замандарда белгілі тақырыптарға арналған әндерге конкурстар, байқаулар өтіп тұратын. Қазір оның бірі де жоқ. Тек патриоттық әндерге ғана конкурстар өтіп тұрады. Бәлкім, тәуелсіздік жылдарындағы еңбек адамдарының өмірі дейтін тақырыпқа конкурс не байқау жарияланса, жақсы туындылар өмірге келер ме еді?..
Құралай СӘТМҰХАНБЕТОВА, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, Майра Уәлиқызы атындағы республикалық байқаудың бірінші орын иегері:
– Қазіргі музыка индустриясы өтімді өнімдерге бағытталған. Тыңдармандар жеңіл әуендерді ұнатады. Айталық, махаббат, сезім, тойларда айтылатын көңіл көтеруге бағытталған ырғақты әндер сұранысқа ие. Продюсерлер мен әншілер табыс әкелмейтін салаға бет бұрғысы келмейді. Оның үстіне бүгінгі адамдар жұмыс істеп келіп, тағы да жұмыс туралы ән естігісі келмейтін шығар. Сондықтан, біз сезімге құрылған әндер шығарғымыз келеді.
Иә, әндер тапсырыспен де жазылады. Кешегі Кеңес өкіметі тұсында көп ән тапсырыспен жазылды емес пе?! Егер қаламақыны жақсы төлесе қазір де еңбек тақырыбына тамаша әуен жаза алатын композиторлар бар. Бірақ, әзірге мұндай тапсырыс жоқ.
Бекжігіт СЕРДАЛЫ, композитор, мәдениет саласының үздігі:
– Меніңше еңбек туралы әндер мүлдем жоғалып кеткен жоқ. Олар формасын өзгертті. Қазір қай композитор да, әнші де ең бірінші ақша табу жағын ойлайды. Егер біз сауыншы қыз, құрылысшы жігіт, шопан туралы ән жазсақ, мұны ешкім сатып алмайды. Қазіргі рэп немесе хип-хоп мәдениетінде ақша табу, табысқа ұмтылу жағына баса мән беріледі. Бүгінгі еңбек тақырыбы осылардың арасынан көрініс табады. Бірақ, солай екен деп сырлы сазды, әсем әнді саудаға салуға болмайды. Ән жүректен шығуы тиіс. Несі бар, еңбек ырғағы соншалықты тамаша көрініс берген жерге барған композитор неге жақсы ән жазбасқа?! Бірақ, бізде сондай орта бар ма?..
Автордан: «Қырманға кел, қалқатай!» Неткен сырлы сезім, мөлдір әлем еді десеңші! Ұжым болып жұмылып, арман-мүддеміз бір арнаға тоғысып, риясыз таза көңілмен думанды ортада осындай жоғары рухты әндерді шырқар күн қайта айналып келеріне сенгің келді.
Қазақтың тойы тарқаған ба?! Кеше тағы да тойға бардым. Бірер әннен соң «Қырманға кел, қалқатай!» әні шырқалды. Думанды топ дөңгеленіп ортаға шықты. Би қызды. Не құдірет десеңші, менің де денем қызып барады. Биге шықпасам да әнге қосылып кеткенімді білмей қалдым. Иә, қазір айтылып, артынша ұмытылып кететін қойыртпақ әндерден гөрі ескі болса да есті әуендер жүрекке жақын-ау деп ойлап отырдым.
Сіз не дейсіз?