Көлік министрлігі немен айналысады?
Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Көлік министрлігін қайта құру қажет екендігін атап өтті. Президенттің айтуынша, еліміз үшін көлік-логистика саласын дамытудың стратегиялық маңызы зор.
– Үш жыл ішінде оның ішкі жалпы өнімдегі үлесі кемінде 9 пайызға жетуі тиіс. Ол үшін саланы тиімді басқару өте маңызды. Сондықтан Көлік министрлігін қайта құрған жөн. Бұл министрлік жол инфрақұрылымын салумен де айналысады, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Жақында жаңа министрліктің қызмет бағыты мен ережелерін бекітуді көздейтін Үкімет қаулысы ашық талқыға шығарылды. Онда «Көлік министрлігі теміржол, автомобиль, ішкі су көлігі, әуе кеңістігін пайдалану мен азаматтық және эксперименттік авиация қызметі, аэронавигация мен әуежайлардың көрсетілетін қызметтері саласындағы табиғи монополиялар, әуежайлардың көрсетілетін қызметтері саласындағы қоғамдық маңызы бар нарықтар, автомобиль жолдары саласында басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы саналады» делінген.
Құжатта көрсетілгендей, министрліктің құрамына автомобиль жолдары комитеті, азаматтық авиация комитеті, көлік комитеті сынды ведомстволар енеді.
Ал, министрліктің қызмет бағыттары қандай? Ведомство негізінен теміржол, автомобиль, ішкі су көлігі, сауда мақсатындағы кемелер, әуе кеңістігін пайдалану мен азаматтық және эксперименттік авиация қызметі саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды, көліктің адамның өмірі мен денсаулығына және қоршаған ортаға қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, көлік саласында инвестициялық, ғылыми-техникалық және әлеуметтік саясатты қалыптастыруды, көлік саласында Қазақстан Республикасының мүддесін қорғауды, республика халқын тасымалдауға, оның ішінде әлеуметтік маңызы бар жолаушылар тасымалына және олармен байланысты көрсетілетін қызметтерге деген қажеттіліктерді қамтамасыз ету үшін жағдай жасауды, жолаушылар тасымалын жүзеге асыратын көлік жұмысшыларын мүгедектігі бар адамдармен қарым-қатынас жасау және оларға қызмет көрсету дағдыларына, оның ішінде ымдау тіліне үйретуді, көлiк қызметiн пайдаланушылар құқықтарының сақталуын қадағалау сынды қызметтерді жүзеге асырады.
Министрліктің және оған бағынысты ведомстволар қарамағына «Нұрcұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы», «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы, «Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты», Жол активтері сапасының ұлттық орталығы, «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі», «Қазаэронавигация», «Қазақстан су жолдары» сияқты алпауыт компаниялар берілді.