Отандық бизнес өкілдерімен кездесті
«Ақорда» резиденциясында Қасым-Жомарт Тоқаев отандық бизнес өкілдерімен кездесу өткізді. Президент өз сөзінде Қазақстан халқына Жолдауында елімізді дамытуға арналған тың тәсілдер ұсынғанына назар аударды.
– Біз экономиканың өсімін кемінде 6-7 пайызға жеткізуіміз керек. Ол үшін бизнестің жеке бастамаларына барынша қолдау көрсету қажет. Осы бағытта біраз шаруа атқарылды. Дегенмен, кәсіпкерліктің даму қарқыны әлі де болса бәсең, өз әлеуетіне сай емес деуге болады. Бір сөзбен айтқанда, бізге шын мәнінде сапалы серпіліс қажет. Ең алдымен, мемлекет пен бизнестің қарым-қатынасы мүлде жаңа үлгіге көшуге тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы мемлекет пен бизнесті жаңа «қоғамдық шарт» жасауға шақырды.
– Бұл шарттың мәнін былай сипаттауға болады: Мемлекет бизнестің дамуы үшін барынша қолайлы жағдай жасайды және жекеменшіктің толық қорғалуын қамтамасыз етеді. Өз кезегінде кәсіпкерлер өздеріне жүктелген міндетті, атап айтқанда, салық төлеу, экономикаға инвестиция құю, жұмыс орындарын ашу, қызметкерлеріне қолайлы еңбек ортасын қалыптастыру секілді міндеттерді адал орындайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, мемлекет пен бизнес арасындағы қатынас өзара сенімге негізделуі қажет. Сонымен қатар, Президент жуық арада шешуді қажет ететін басым міндеттерге тоқталып, ең алдымен, заң үстемдігін және жекеменшіктің қорғалуын қамтамасыз ету қажет екенін атап өтті.
Президент салық түсімдерінде елеулі сәйкессіздік бар екеніне тоқталып, салық саясатын жетілдіру қажеттігін айтты.
– Еліміздегі салықтың 80 пайызын 260-қа жуық компания төлейді. Бұл теңгерімсіздікті басқа салық төлеушілердің салықтық түсімін арттыру арқылы түзеу керек. Сарапшылардың бағалауына сәйкес елімізде жұмыспен қамтылған жалпы халықтың төрт миллионы табысынан салық төлемейді. Жеңілдетілген салық режимі енгізілгеніне қарамастан, микро және шағын бизнес субъектілері ақша айналымын жасырады және азайтып көрсетеді. Бизнес субъектілерінің 70 пайызға жуығы жеңілдетілген декларацияда бес миллионнан аз табыс көрсетіп, осы режим аясында түсімдердің 6 пайызын ғана төлейді. Сондықтан салық процедураларын жеңілдетіп, халықпен және бизнеспен тиімді қарым-қатынас жасау арқылы белсенді салық төлеушілерді көбейту жаңа салық саясатының негізгі мақсаттарының бірі болуға тиіс. Салық төлеуден жалтарудан, тексеруші органдармен тіл табысып, тәуекелге барудан гөрі салық төлеу тиімді әрі оңай болуы керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Жолдауда кәсіпкерлік субъектілерін ынталандыруға бағытталған бірқатар тапсырма бергенін еске салды. Атап айтқанда, мемлекеттік қаржылық қолдаудың ерекше шараларын ұсыну, сондай-ақ, стандартты салық режимінде жұмыс істейтін бизнес үшін мемлекеттік тендерлерге жеңілдікпен қол жеткізу мәселелерін пысықтау керек.
Бұдан бөлек Президент Үкіметке қолдау шараларына қатысты тетіктерді сапалы түрде жаңғыртуды тапсырды.