Бизнесті кеңейтудің жаңа көкжиегі Түркістаннан басталады

Түркістанға Қытайдың Шаньдун провинциясынан делегация келді. Шаньдун Қытайдың барлық аймақтары арасында ШҰАР мен Пекиннен кейінгі Қазақстанның үшінші сауда серіктесі. Аталған провинция мен Қазақстан арасындағы тауар айналымы жыл басынан бері 1 млрд. долларды құрады. Бұл сапар Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпиннің «Бір белдеу, бір жол» бастамасының 10 жылдығы қарсаңында өтіп жатыр.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Қытай Халық Республикасы делегациясымен кездесті. 
– Бүгін бізде Түркістан облысы мен Қытай Халық Республикасы (ҚХР) арасындағы екіжақты қарым-қатынастың дамуына қатысты пікір алмасуға жақсы мүмкіндік туып отыр. Орталық Азиядағы бизнесті кеңейтудің жаңа көкжиегі саналатын Түркістан облысы – еліміздің қарқынды дамып келе жатқан өңірлерінің бірі және үлкен инвестициялық, сондай-ақ, туристік әлеуетке ие. Халық тығыз орналасқан біздің өңірімізде ауа райы өте қолайлы, ауыл шаруашылығы саласы қарқынды дамыған. Инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетіледі. Өңірімізде өндірісті дамытуға басымдық берілген. Түркістанда туризм саласын дамыту Мемлекет басшысы қойған басты міндеттердің бірі екендігін атап өткім келеді. Түркістан облысында бірнеше бағытта өңіраралық кооперацияны дамытуға болады. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-қытай достығын, тату көршілік пен өзара сыйластықты нығайтуда жаңа табыстарға қол жеткізуге болатынын үнемі айтып жүр. Барлық деңгейдегі тұрақты байланыстар екі елдің берік достығы мен берік қарым-қатынасының жарқын үлгісі болып табылады. Біз өз тарапымыздан қытайлық компаниялардың бизнесті дамыту жөніндегі бастамаларына толық қолдау көрсетуге дайынбыз және ынтымақтастығымыз ұзақ мерзімге жалғасады деп сенеміз, – деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.
Ең алдымен жеңіл өнеркәсіп саласында жіп иіру, мата және кілем өндірісі мен тоқыма кластерінің бірлескен кәсіпорындарын құру мүмкіндігі бар. Сондай-ақ, пластикалық ойыншықтар, пластикалық ыдыстар, автомобиль жасау, электроника, цифрлық технологиялар және т.б. пластмассадан жасалған бұйымдар өндірісін дамытуға болады. Өңірдің негізгі инвестициялық алаңдары – индустриялық аймақтар және «Turkistan» арнайы экономикалық аймағы. Онда дайын инфрақұрылымы бар жер учаскелерін, сондай-ақ, түрлі салықтық жеңілдіктер қарастырылған.
Сонымен қатар, агроөнеркәсіптік кешен саласында облыста ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру бойынша дайындалған жобалар да құпталады. Түркістан облысында мақта өндірісінің жылдық көлемі 316 мың тоннаны құрайды. Өңірде жеміс-көкөніс, бақша дақылдары мен ет-сүт өнімдерін терең өңдеу – басым бағыттардың бірі. Инвестициялар өнеркәсіп, жылжымайтын мүлік, ауыл шаруашылығы, туризм және логистика салаларына бағытталды.
Қытай делегациясы тарапынан да бірнеше жобалар ұсынылды. Ең алдымен аспан асты елінен келген делегация халық сұранысына сай салаларға бет бұратындарын атап өтті. Атап айтқанда, мақта шаруашылығы және ауыл шаруашылығы техникасы, сондай-ақ, баламалы энергетика және күн энергетикасы саласына басымдық берілген.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Пікір қалдырыңыз