Келгендер қанша, кеткендер қанша?

Серікқали ЖЕКСЕНБАЕВ, «Оңтүстік Қазақстан».


Егін егіп, мал ұстауға табиғаты қолайлы Түркістан облысына қоныс аударуға құмбыл қандастарымыз көп. Оларға мемлекет тарапынан қандай көмектер көрсетілуде? Енді осыған тоқталайық.

Олар оңтүстікке құмар

 Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаеваның айтуынша, биылғы 1 тамызға дейін облысқа 609 отбасы, 851 этникалық қазақ қоныс аударып, оларға қандас мәртебесі беріліпті. Атап айтқанда, Өзбекстаннан – 820 адам, Ауғанстаннан – 9 адам, Тәжікстаннан – 7 адам, бұдан басқа мемлекеттерден 15 адам келген. Сарыағаш ауданына 284 адам, Қазығұрт ауданына – 141, Ордабасы ауданына – 110, Келес ауданына – 79, Сайрам ауданына – 44, Түлкібас ауданына – 54,  Түркістан қаласына – 16, Арыс қаласына – 2, Бәйдібек ауданына – 2, Кентау қаласына – 3 адам),  Мақтаарал ауданына – 37, Жетісай ауданына – 35, Төлеби ауданына – 23, Шардара ауданына 21 адам қоныстанды.

– Қандастардың басым көпшілігі арнайы оқу орындарын бітірмегендіктен құрылыс саласында жұмыс істеп, сауда-саттықпен айналысады, ауыл шаруашылығымен шұғылданады, – дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева. – қоныс аударған қандастарымыздың 556-сы еңбекке жарамды. Оның ішінде 14 адам жалдамалы жұмысшы, 396-сы өзін-өзі жұмыспен қамтыған, 80 адам жұмыссыз немесе жұмыс іздеуші. Басқа да санаттар бойынша 66 адам тіркелген. Еңбекке жарамды 48 этникалық қазақтың білімі жоғары екен. Ал, 242 адам орта кәсіптік,  258-і адам жалпы орта білім алған,  8 адамның орта білімі жоқ.

Босқын мәртебесін беру рәсімі ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің «Босқын мәртебесiн беру туралы өтiнiшхатты тiркеу мен қарау қағидаларын бекіту туралы» 2022 7-сәуірдегі жылғы №118 бұйрығына сәйкес жүргізілген. Бүгінгі таңға өңірімізде 3  шетел азаматына (3 отбасы) пана іздеуші куәлігі және 8  шетел азаматына (3 отбасы) босқын куәлігі беріліпті. Оның ішінде үшеуі пана іздеушілер мәртебесіне ие. Мысалы, 1 адам Украинадан келсе, 2 адам  Ауғанстан Ислам Республикасының азаматы. Босқындар да көп емес, барлығы 3 отбасы (8 адам) тіркелді. Екі отбасы Украиндан келсе, 6 адам (1 отбасы) Ауғанстан Республикасының азаматы саналады. Жалпы, босқын мәртебесін беру бойынша облыс әкімінің шешімімен құрылған комиссия отырыстарында қарау үшін пана іздеушілердің құжаттары, берген ақпараттарының шынайылығын анықтау және сұрау салу бойынша басқарма басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп, жүйелі істер жүргізуде. Аталған жұмыстар жалғасын табуда.

Шетелдік жұмыс күшіне зәруміз бе?

Біз шетелдік жұмыс күшіне қаншалықты мұқтажбыз? 2023 жылға шетелдік жұмыс күшін тартуға квота ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2022 жылғы 30 желтоқсандағы №541 бұйрығына сәйкес Түркістан облысы бойынша 250 (І санатты 7, ІІ санатты 83, ІІІ санатты 120, IV санатты 40 бірлік)  болып бекітілген екен. Бөлінген квота негізінде өткен 6 айда 18 кәсіпорын мен ұйымға  86 (оның ішінде 1-санатты – 2 адам, 2-санатты – 25 адам, 3-санатты – 37 адам, 4-санатты 22 адам) шетел азаматына рұқсат берілді.

Бүгінгі таңда рұқсат мерзімі аяқталмаған 111 (оның ішінде 1-санатты – 5 адам, 2-санатты – 32 адам, 3-санатты – 50 адам,  4-санатты – 24 адам, корпоротивішілік ауысу – 1) шетелдік азамат 22 кәсіпорында жұмыс істеуде. Шетелдік жұмыс күшіне рұқсат алғаны және мерзімін ұзартқаны үшін төленген салық алымы  60,4 млн. теңгені құрады. 

Солтүстікті түбі біз толтырамыз-ау...

«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» жобасы аясында 2015 жылдан бері Түркістан облысынан еліміздің жұмыс күші жетіспейтін солтүстік өңірлерге халықты қоныстандыру жұмыстары жүйелі түрде  жүргізілуде. Жалпы, біздің облыстан 2015-2022 жылдар аралығында 11 784  адам (3 080 отбасы) қоныс аударыпты. Мәселен, 2015 жылы 8 отбасы (32 адам), 2016 жылы 146 отбасы (665), 2017 жылы 193 отбасы (745), 2018 жылы 455 отбасы (1 768), 2019 жылы 560 отбасы (1757), 2020 жылы 347 отбасы (1 066), 2021 жылы 816 отбасы (3 730), 2022 жылы 555 отбасы (2 021 адам) көшіп барды. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылдармен салыстырғанда 3 есеге ұлғайып отыр. 

Биылға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі республика бойынша 6 727 квота бөліп, қоныс аударушылар үшін мемлекеттік қолдау көрсететін 7 облыс (Абай, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Ұлытау, Шығыс Қазақстан облыстары) белгіленді. Бөлінген квота негізінде биылғы алты айда Түркістан облысынан 238 отбасы (885 адам) қоныс аударды. Атап айтқанда, Павлодар облысына 98 отбасы (335 адам), Солтүстік Қазақстан облысына 77 отбасы (319), Абай облысына 5 отбасы (12), Ұлытау облысына 1 отбасы (8), Шығыс Қазақстан облысына 25 отбасы (87), Қостанай облысына 32 отбасы (124 адам) қоныс аударды.

Маман да, адам да керек!

Басқа өңірлерге көшіп барған 352 адам немесе олардың 40%-ы жұмысқа қабілетті. Ал, қалған – 49,2%-ы балалар (435 адам), 4,7%-ы жастар немесе студент (42 адам), 0,5%-ы зейнеткер (4 адам), 4,1%-ы бала күтіміндегілер (36 адам) және  1,8%-ы басқа санаттағылар (16 адам) саналады.

Қоныс аударғандардың көпшілігі өз мамандықтары бойынша жұмысқа орналасса, енді біразы агросекторда мал, егін шаруашылығымен айналысу үшін арнайы жер алып, өз кәсіптерін ашты. Сөйтіп, еңбекке жарамды топтың 215 адамы тұрақты жұмысқа орналасты. Ал, 38-і өз кәсібін жүргізіп отыр. 46 адам үй шаруасында болса,  51-і басқа да әлеуметтік қолдау шараларына (оқу, грант) қатысты. Солтүстік өңірлерге қоныстанған тұрғындардың жағдайы қазір бұрынғысымен салыстырғанда көш, ілгері деп айтсақ болады. Оларға барынша әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлар жасалуда. Мәселен, тұрғын үй, жер телімі, балабақша, мектеппен және мемлекет тарапынан берілетін басқа да тиісті қаражаттармен қамтамасыз етілді. 

Аталған игілікті істер одан әрі жалғасын табуда. Сондықтан біздің облыстан солтүстік өңірлерге көшіп баруға талапкерлер жыл өткен сайын көбейіп келеді.

Пікір қалдырыңыз