Мүмкіндігі мол – CHAT GPT

 Жасанды интеллекттiң нейрoжүйесi саналатын ChatGPT білім беру саласына үлкен жаңалықпен енді. Чат GPT негізіндегі тіл үлгісі деп аталады. Бұл – тіл моделі адамдармен табиғи сөйлесу үшін әзірленген және дайындалған жасанды интеллекттің бір түрі. 2015 жылы америкалық Илон Маск бірнеше әлемдік деңгейдегі бизнес-магнаттармен бірігіп жасанды интеллектті зерттеу компаниясын құрды. OpenAI компаниясына тиесілі ChatGPT – түрлі сұрақтарға жауап, кеңес беретін және күрделі тапсырмаларды орындай алатын чат-бот. Бұл технологияның көмегімен мәтiндердiң қатесiн талдауға, студенттiң бiлiм деңгейiн анықтауға және oлардың дағдысын жақсарту бoйынша ұсыныс беруге болады. Сoндай-ақ, Сhat GPT боты жеке oқу материалын жасау үшiн таптырмас көмекші. Жүйе арқылы студенттiң мiнез-құлқын талдай отырып, oқудың тиiмдiлiгiн арттыруға және баланың нәтижесiн жақсартуға мүмкiндiк береді.

 «Жасанды интеллект маманды алмастыра алмайды, алайда, Chat GPT қолданатын маман оны қолданбайтын маманды далада қалдыратын болады!». Бұл – қазіргі таңда АҚШ-та ең көп айтылатын сөз. Адамзат тарихында Chat GPT бар болғаны 2-ақ айда 100 000 000 қолданушыны жинап үлгерген технология. Goldman Sachs экономистері «ChatGPT секілді жасанды интеллект технологиясы жақын болашақта 300 000 000 жұмысшының орнын алып қояды» деген болжам айтады. Қазір біз GPT алгоритмдерін тек өзіміздің компьютер немесе смартфон арқылы ғана қолданудамыз. Бұл алгоритмдер болашақта роботтарға енгізіледі. Робот-гуманоидтар алдағы 15-20 жылдан кейін үйіңізде  қызмет етіп жүрсе таң қалмаңыз. Ғалымдардың айтуынша, бұрындары фантастикалық кинолардан көретін қиял-ғажайып көріністер енді дәл жаныңызда көз алдыңыздан өтіп жатады. Әсіресе, күнде бітпейтін қазақтың тойында зыр жүгіріп қызмет етіп жүрген даяшылардың орнын робот-қызметшілер алмастыруы әбден мүмкін. ChatGPT чат-боттың тағы бір мүмкіндігі күнделікті қайталанатын жұмыс түрін автоматтандырады. Мысалы, сіздің орныңызға сабақ жоспарын жасап қана қоймай, ғылыми ізденісті жаңаша бағытта орындайды. Сондай-ақ, егер сіз сатушы болсаңыз, сататын өнімге сипаттама жазып береді. Сіздің немесе біреудің орнына маркетолог, ағылшын тілін үйретуші, PR маманы, есеп шығарушы, бюджет жасақтаушы, мәтін жазушы да бола алады. ChatGPT  арқылы курс жасауға, сабақ өтуге, тапсырма ойлап табуға, тест жасауға, шығарма жазуға, академиялық мәтіннің сығындысын алуға болады. Бұл технологияны қолдану барысында жалғыз өзіңіз аналитика бөлімін, ғылыми-ізденіс бөлімін, контент бөлімін, сату бөлімін, қызмет көрсету бөлімін алмастыруға мүмкіндігіңіз бар. 

Біздің елімізде IT салада сервистік қызмет көрсететін компаниялар көп болғанымен, оны зерттеу саласы дамымай отыр. Дамыған мемлекеттерде жасанды интеллектті медицина мен әскери салаға көп пайдалануда. Ашығын айтқанда, олардың ресурстары бұған әбден жетеді. Жоғары деңгейлі бағдарламашыларға барлық жағдай жасалған, жалақысы жоғары, уақыттары көп. Ал, бізде бәрі керісінше. Қалай айтсақ та, болашақта жасанды интеллект біздің өміріміздің бір бөлшегіне айналады деп сеніммен айтуға болады. 

Бүгінде ChatGPT сервисі тегін. Оны қалаған адам қолдана алады. Ол үшін chat.openai.com сайтына кіресіз, ChatGPT бетіне өтіп, Sign Up батырмасын басыңыз. Одан соң электронды пошта адресін жазып, телефон нөміріңізді көрсетіңіз, келген кодты енгізіп, тіркеуді растаңыз. Осымен тіркеу процесі аяқталды. ChatGPT-дің бастапқы бетінде мүмкіндіктер, шектеулер мен сұраныс жасау үлгілері тұрады. Ал, сұраныс жасайтын жол уеб-беттің төменгі жағында орналасқан. Бағдарламаңызға код жазып беруін сұраңыз. Жазатын мәтінді арнайы жолға енгізіңіз де, болған соң Enter басыңыз. Бір қызығы, қай тілде жазсаңыз, бот сол тілде жауап жинап береді. Міне, сізге технологияның жетістігі!

Ғарыштық жылдамдықпен дамып жатқан жасанды интеллект «Аватар. Су жолы» фильмінде әдемі көрініс тапқанын бәріміз білеміз. Көрермендердің көзайымына айналған фильм адамзат баласының болашақтағы бейнесін дәл суреттеген. Қызылды-жасылды әлем. Ұшатын жануарлар. Фильмнің көрерменді еліктірер тұсы экрандағы бояулардың кең көлемде қолданылуы мен оқиға желісінің тартымдылығы. Жасанды интеллекттің адамның ойлау жүйесіне тікелей әсер етіп, инстинкт арқылы ой ұшқырлығын дәлме-дәл суреттеуі білімнің ұшан-теңіз екендігін көрсетеді.  

Дей тұрғанмен, ChatGPT-дің өзі: «Жасанды интеллект адамды толықтай алмастыра алмайды. Қайталанатын істерді адамға қарағанда тезірек және нақтырақ жасауы мүмкін, бірақ, адамдағы шығармашылық, интуиция мен әлеуметтік дағдыларды ауыстыра алмайды»  дейді. Демек, адам миының мүмкіндігі шексіз. Ал, жасанды ақылды қанша жерден қолданғанымен адам болмысын көшіріп бере алмайды. ChatGPT нейрoжүйесi білім беру саласында жастардың ойлау, бағамдау, жоспарлау әрекеттеріне кері әсер етуі мүмкін. Бүгінде кітапхана аралап, саябақта сабаққа дайындалатын жастардың азаюы да осының дәлелі. Ұнамаса да шындық осы.   

А.ЖАХИЯҚЫЗЫ. 

Пікір қалдырыңыз