Әдеп немесе мәдениет дегеніміз – мөлшерді білу

Жаратқан иеміз адамзатқа ақыл-санамен қоса көп мүмкіндік те берген. Оның қыр-сырын, құпиясын толық білетін пенде кемде-кем. Тіпті, «заман өзгерді» деген адам өзінің өзгеріп жатқанын сезіне бермейді. Қайткенде де сананы тұрмыспен бірге орта да билейтінін ешкім жоққа шығара алмас. Сондықтан қоғам дамуының барлық сатысында қарым-қатынас атаулының алтын жібі – адамшылық қасиет ең қажетті құндылық ретінде бағалануға тиіс деп ойлаймыз. Кез келген ел ғасырлар бойы қалыптасқан құндылықтарын сақтау арқылы ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз етеді. Бізде де талай сыннан өткен, әбден сұрыпталған, әділдік пен тәртіпті бекемдейтін құндылықтар бар. Жалпыға да, жалқыға да бірдей ықпал ете алатын, заңда жазылмаса да жалпақ жұртымызда мойындалған адамгершілік нормаларын сақтап қалуға, қолдауға және насихаттауға міндеттіміз.

 Оның жемісін барша халық көретін болады. Әрине, кісінің барлық жерде, барлық ортада өзін-өзі ұстай білуі, өркениетті қоғамға тән әдептілікті, жөн-жоралғыны сақтауы адамшылық қасиетті бойына сіңіруіне байланысты. Бұл құндылық адам баласына дүние есігін ашпай тұрған сәттен беріледі. Тегінен, түп-тамырынан бастау алады. Бесікте нәр алған баланың болмысы одан кейінгі тіршілігіндегі тәлім-тәрбиемен, біліммен, мәдениетпен толығады. Есейген шақта есті, кемел адам болуға тырысады. Қатарынан қалмауға ынта-ықылас пайда болады. Алайда, көбінің өзін-өзі шектеуі, өскен ортаға тәуелділігі басымырақ түсуінен немесе басқа себептермен ой-өрісі, білік-парасаты кенжелеп қалатыны жасырын емес. 

Жасынан әдептің әліппесін меңгеріп, оны бойына сіңірген адам, әдетте жайдары, еп-септі, ашық (коммуникабельді) болып өседі. Яғни бұл – оны өмірде, саясатта, бизнесте, басқа да салаларда табыстар мен жеңістер күтеді деген сөз.

Өмір тәжірибесі дәлелдегендей, халқымызда бұрыннан бар, тамыры тереңде жатқан ізгілік, ілтипаттық, сыпайылық, қонақжайлық, жомарттық, қайырымдылық сияқты қасиеттерді бойына мықтап сіңірген замандастарымыз аз емес. Оның ішінде аға ұрпақ өкілдері де, бүгінгі жастар да баршылық. Қазақтың даласы қандай ұланғайыр болса, пейілі де сондай кең екендігін ұлтымыз әлдеқашан дәлелдеген, дәлелдеп те келеді. Сондықтан дүниенің қай түкпірінде болсын біздің елдің азаматына сеніммен қарайтыны, лайықты құрмет көрсететіні бекер емес. Оған нақты мысалдар мен дәлелдер де жеткілікті. Бәлкім, ұлттық код дегеніміз осы шығар. 

«…Алыстан сәлем береді, Әдепті елдің баласы», «Әдептіліктің белгісі – иіліп сәлем бергені», «Әдепті бала – арлы бала» сияқты халық нақылдары қазақтың әдеп үлгісінен, яғни сөйлеу мәнерінен, бет-бейнесінен, мінез-құлқынан, тұрқынан, ортаға бейімделуінен мол хабар берсе керек-ті. Тіпті, «Әдепті әдепсізден үйрен» деген ел даналығында да көп мән жатыр.

Мәселен, әр отбасыда – жөн-жосық, әр ауылда – әдет-ғұрып, әр еңбек ұжымында – жарғы, ереже, қоғамда – қағида, тәртіп бар. «Адамның күні адаммен» екендігін ұдайы есте тұту – есті кісінің міндеті. «Бір адамның көңілін қалдыру – бір шаһарды бұзумен тең» деген даналықты да ұдайы ескеріп жүру – әр азаматқа адамшылық әліппесі дерлік. Адамның өзіне берер серті, ардақ тұтар анты барды арттырумен, кемді толықтырумен байланысты. 

Елдіктің асыл арқауына мойынсұнбау, бұра тарту ғасырлар бойы түзілген дәстүрге, ата-баба жолына қиянат жасаумен бірдей. Оғаш мінез, адамдармен жараспаушылық, сыйыспаушылық немесе астамшылық, менмендік шегінен асқанда әдеп әдірем қалады. Ал, жармасып жүретін жаны сірі күншілдік, қызғаныш ұрыс-керіске, кикілжіңге, жанжалға апарып соқтырады. 

Мысалы, адамның мінезін, қасиетін зерттеп, әдеп төңірегінде трактат жазған ежелгі грек философы Аристотельдің шәкірті Теофраст «Әдеп мінездері» (Этические характеры) еңбегінде адами ерекшеліктерді жүйелеп, оның 30 қасиетін көрсетсе, француз жазушысы Ж.Лабрюйер мінездің 1000-нан аса жинақтық қасиетін сипаттаған. Мыңдаған, миллиондаған мінез-құлыққа ең әуелі адамның сана-сезімі ғана басшы бола алады. Жекелеген адамдар сырын, ішкі дүниесін қанша жасырып ұстаса да, бір күні бүйендегі май секілді бұлт етіп сыртқа шығып кетуі әбден мүмкін. Сондықтан әдеп сақтау – қарапайымдылықтың белгісі ғана емес, үлкен мәдениеттің де қайнар көзі. Кезінде академик Д.Лихачевтің мәдениет ұғымына берген анықтамасы саналы адамға сабақ болатындай. Ол осы туралы сұраған БАҚ өкіліне:

«Мәдениет дегеніміз – мөлшер мен шекті білу» деп нақты жауап берген еді.

Шындығында, әркім өзінің де, өзгенің де орнын, әр нәрсенің шегін білсе, қоғам мәдениеті арта түседі. Әр нәрсенің парқын білсе, шамасынан аспаса, түсініспеушілік, қиындық болмайтыны ақиқат. Қайта адамдар арасындағы қарым-қатынаста кездесетін түсініспеушіліктің, ерегіс пен шекісудің түйіні тезірек тарқатылар еді. Осыған дағдыланып, оғаш оқиғаны бірлесіп шұғыл шешуге қарекет жасалса, әдептен озбайтын жастар көбейері анық. Сонда қоғам әдептілікті бағалап, адамшылықты дәріптеуге мүдделі болады. Имандылыққа ынталы, тазалыққа жақын жандарды қолдау зиялылық өлшеміне айналып, адами биік дәреже саналар еді. Зайырлы мемлекет аясында діни дүниетаным мен жоғары мәдениетке негізделген әдепті барлық салаға лайықты ендіру маңызды. Бұл жерде қазір әр мекемеде құрылған Әдеп комиссиялары міндеттерін жаңа заман тұрғысынан қайта қарау қажет деп ойлаймыз. Өйткені, оның негізгі мақсат-мұраты – әдепті бұзбау, жамандықтың алдын алып, қағидаттарды бұзуға жол бермеу, қиындық шегіне жеткізбеу емес пе?! Әдепті бұзу фактілерін қарайтын қолданыстағы мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексі, адам құқығын қорғайтын өзге де заңдар мен нормативті құжаттар жеткілікті. Әйтпесе, аталған комиссия қадағалаушы тиісті мемлекеттік орындардың құзыретін бөлісіп отырғандай әсер қалдырады. Жоғарыда айтылған дәстүрлі құндылықты – әдеп қағидаларын қалпына келтіру ісі кез келген ортада қоғамдық пікір мен ұжым талқысын сұрыптайды, әділ, тиімді шешім шығаруға ықпал етеді. Сонда Әдеп жөніндегі комиссия арыз-шағымның, өсек-қауесеттің төңірегінен алыстап, тәуелсіз еліміздің моральдық түзігін, азаматтардың мемлекет ісіне белсенді түрде араласуын жүйелер еді. 

 Жалпы, әдеп – қоғамдағы тәрбие мен білімнің тең жартысы. Жақсы әдеп – ұлттық болмыстың бүтін бет-пердесі, мәдени мұраның тәжірибелік бөлігі. Мұның негізінде халқымыздың таным-түсінігі мен дәстүр-салты сабақтасып жатыр. Жаңа заманға лайықты жаңашыл әдепті жетілдірудің мәні – мемлекетшілдікке адалдық, жаңа жобаларды жоспарлау мен жүзеге асыруда кәсіби шеберлікке иек арту, қоғамда сұхбаттастық (диалог) пен үйлесімді дамытатын пәрменді іс-қимылға көшу. Сөз бен істің арасындағы алшақтықты жою да – жаңа әдептің мазмұны. Мұндай қадам жаңа Қазақстанда әділеттілікті әлеуметтендіріп, қоғамның ертеңге деген сенімін нығайтады, ел мен жер тұтастығы үшін күрескен ата-баба аманаты – игі қадір-қасиет пен әдет-ғұрыпты бүгінгі және болашақ ұрпаққа табиғи қалыпта жеткізуге мүмкіндік береді.

Дархан МЫҢБАЙ, қоғам қайраткері.


Пікір қалдырыңыз