«Өзегін қайғы өртеген, дертің қалың...»

Қазақстан Республикасы Үкіметі Қаулысының негізінде Мәдениет және спорт министрлігінің «2023-2025 жылдарға арналған мерейтойлар мен атаулы күндердің тізбесін бекіту туралы» бұйрығына сәйкес бүгінде Қожаберген жыраудың «Елім-ай» дастанының 300 жылдығы ел көлемінде аталып өтілуде. «Елім-айдың» 300 жылдығы алдымен түбі бір түркінің бесігі Түркістан қаласында аталып өтіліп, дастанға ескерткіш орнатылды. Ал, 17-18 тамызда халқымыздың ғұламаларының бірі Салық Зимановтың айтуына қарағанда «...қазақ елі тарихындағы тұтас бір құбылыс» болған Қожаберген жырау дастанының тойы туған жерінде аталып өтті.
Облыстағы ең үлкен сахна – «Оқушылар сарайында» «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» заманының «Елім-ай» дастанына 300 жыл атты ғылыми-практикалық конференцияны облыс әкімі Айдарбек Сапаров ашып, құттықтау сөз сөйледі. Ол ХVІІІ ғасыр қазақ тарихында жер бетінен құрып кете жаздаған сұрапыл жылдар болғанын еске сала келіп, сол жылдардың шындығы, жоңғар шапқыншылығының қанқұйлылығы, басқарған қонтайшылары мен батырлары, шапқыншылықтың географиялық аумағы, жер-су атаулары – бәрі-бәрі «Елім-ай» дастанында суреттелгенін атай келіп, білгір тарихшымыз Манаш Қозыбаевтың әз-Тәукеден кейінгі Қазақ хандығында болған «текетірес, бақталас, берекесіздіктің бет-пердесі көрсетіліп, «ақтабан шұбырынды» қалай болып, халық неге тозғанын ашады деген сөзін келтірді. Сөзінің қорытындысында ол қазақ бар кезде «Елім-ай» дастанының ұмытылмайтынын, қай кездегі, қай замандағы билік буындарына, елдің сөзін ұстайтын адамдарына, зиялы қауымға сабақ бола беретінін айтты. Сонымен бірге әкім күннің ыстығына қарамай алыстан ат терлетіп келген қонақтарға, жалпы жиылған қауымға, жыраудың өмірі мен шығармашылығын зерттеп, бастырып, елге кеңінен таратып жүрген адамдарға алғысын айтты.
Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, ақын Қасымхан Бегман өзінің құттықтау сөзін Жазушылар одағының жаңа басшысы Мереке Құлкеновтің атынан айтып, Қожаберген жыраудың «Елім-ай» дастанының қазақ әдебиеті мен тарихындағы орны ерекше екенін атап өтті.
Ұлы Абай қоғамның жақсысы тек жалғыздар (единица) екенін айта келіп:
Единица кеткенде,
Не болады өңкей нөл?
Берекеңді қашырма,
Ел тыныш болса, жақсы сол.
Рас сөзге таласып,
Ақжем болма, жаным, кел! – дейтін еді ғой «Сәулең болса кеудеңде» дейтін өлеңінде. Бүкіл ел қамын, жер тұтастығын ойлап, ұлы тұлғалар есімін жаңғыртып жүретін «единицаның» бірі – Бекет Тұрғараев екендігіне ешкім дау айта алмас. Жақсыларды түгендеуге тырысқан кешегі Қуат Есімханов, жалпы елдің жоғын жоқтаған бүгінгі Сабыр Қасымовпен бірге қоян-қолтық жұмыс істеп жүрген, «Жеті жарғы және Қожаберген жырау» халықаралық қоғамдық қайырымдылық қорының төрағасы Бекет Тұрғараев өзінің құттықтау сөзінде Түркістанда атқарылған мерейтойлық шаралар туралы айта келіп: «Біз бүгін үш ғасыр өткен оқиғаны еске алып, ұлы бабаларымыздың рухына бас иіп, «Кеудеңде шыбын жаның болса егер, Жоғалтпа жер бетінен қазақ атын» деген Қожаберген жыраудың «Елім-ай» дастанының мәнін түсініп, бас қосып отырмыз. «Елім-ай» жыры тәуелсіздіктің жемісі, соның арқасында жарыққа шығып, халыққа жетуіне мүмкіндік туды. Алдыңғы толқын ағаларымыз кешегі кеңестік кезеңде, мұндай шыңғырып тұрып шындықты айтқан шығарманы дәріптеуге мұршалары болмады. Өйткені, кеңестік идеология орыс пиғылының әшкереленуіне жол бермеді» дей келіп, одан әрі шешен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлытаудағы құрылтайда айтқан: «Бір кездері ұмытылып кеткен ұлт перзенттерінің есімін қайта жаңғыртуымыз керек. Ел тағдырын айқындаған тарихи оқиғаларға лайықты баға берген жөн» деген сөздерін еске ала келіп, халық жадынан өшпеген ұлы тұлға Қожаберген жырау Толыбайұлын тарих қойнауынан аршып алып, оның ел тағдырын айқындаған тарихи оқиға – «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаға» арналған «Елім-ай» жыр дастаны ел игілігіне, халық қазынасына айналып отырған ұлы шығарма екенін айтты. «Ол ұлттың мәңгілік болуын арман еткен асыл мұра» деді Бекет Тұрғараев. Шешен өзінің сөзінде «Қожаберген жырау болмаған, «Елім-ай» дастаны қолдан жасалған» деп жырдың тарихи маңызын ескермей, әдеби көркемдігінен мін тауып, әлеуметтік желіде жоққа шығарғысы келіп жүргендер туралы да айтып өтті. «Осындай халық санасынан өшпеген, жүрегінің тереңінде сақталып, ауыздан ауызға жатталып, бүгінге жеткен ұлы жырды ұлықтаудың орнына «бұл қайдан келді, кімнің шатпағы» деп шалқасынан түсіп жатқан кейбір ұлы көшке, ұлы дастанға топырақ шашып, көңілге көлеңке түсіріп жүрген азаматтарға «санаңды сілкіндір, есіңді жиып, көпке топырақ шашпа!» дегіміз келеді» деді. Одан әрі 300 жылдық тарихы бар «Елім-ай» дастанын мәңгілік есте қалдыру үшін, қасиетті Қаратаудың беласуына тұғыртас орнатылып, «Елім-ай» дастанында сипатталған ел тағдырының қасіретті кезеңінен мағлұмат беріп, мәңгілік өшпес ерліктің иесі халық екенін болашаққа хабардар етіп тасқа таңбаланғаны айтылды. «Болашақ ұрпақтың ой санасына жеткізіп, тасқа жазылған тарихтан көз жазбас үшін, мектеп оқулықтарына енгізіп оқытуға Білім министрлігі мен Жоғарғы ғылым және білім министрліктеріне ұсыныс жасалды» деп қорытты Б.Тұрғараев өзінің сөзін.
«Елім-ай» жыры 2007 жылы құрылған «Жеті жарғы және Қожаберген жырау» халықаралық қоғамдық қайырымдылық қорының бастамасымен
15 мың дана болып шығарылып, халыққа тегін таратылғаны да оның сөздерінен белгілі болды.
Келесі құттықтау сөз кезегі өзіне берілгенде «Қаһармандар» қорының төрағасы, «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын жаппай ақтау жөніндегі» Мемлекеттік комиссия құрылуының ұйытқысы болған Сабыр Қасымов «Қожаберген жыраудың бойында барша халқымызды өзіне тартатын күш бар. Ол – отансүйгіштік идеясы, қазақтың бостандыққа ұмтылған ұлы арманы» деді. Одан әрі шешен «Елім-ай» дастанының тарихи мәніне тоқталып, оның көршілес империялардың сол күндегі озбырлығын ашқанын, оңтүстіктегі мұсылман елдерінің де жанашырлығы жоқтығын көрсеткенін айта келіп, бүгінгі таңда да әрқашан тек өзіңе сеніп, өзіңнің өнерің мен ақылыңның арқасында ғана өзгелермен тең болуға болатынын мегзегенін ұққанын айтты. «Дастанның осындай қырларын ашуға тарих, саясат ғылымдарымен айналысатын жастарымыз терең бойлап, нақты тұжырым жасар деген ойдамын» деді С.Қасымов. «300 жыл бұрын жазылған дастанда көрсетілген барлық жер, су атаулары, қай жерлерге бабаларымыздың қаны төгіліп, көмілгені, олардың бастарына қойылған белгілер жерімізге көз алартқан кеудемсоқтарға өңірдің нақ кімдікі екенін көзге шұқып көрсетіп беретін дәлелдер. Әсіресе, осы жағынан алғанда «Елім-ай» баға жетпес құнды дереккөзі екендігі даусыз. Басқа халықтар осындай ежелгі дастандарын тарихи мұра ретінде пайдаланып, сол кездегі бабаларының ақыл-ойын, көзқарас өрісінің кеңдігін, ел үшін жасаған еңбектерін, ұрпақ қамын қалай ойлағандарын, билеушілері мен халқының қатынастарын көреді, дереккөз ретінде пайдаланады. Ал, біздің арамыздағы кейбіреулер дастанның тілінің көркемдігінен, кейбір сөздердің сол заман тарихына сәйкес еместігінен кінәрат тауып, ауыздан ауызға тарағанда қосылған көптеген қоспалары үшін «Елім-айды» жоққа шығарғысы келетіні өз тарихымызды балтамен шабуға ұмтылу десе болады» деді заңгер. Одан әрі шешен Қызылжарда және басқа өңірлерде өткен Қожабергенге арналған ғылыми-тәжірибелік конференцияларда айтылған ұсыныстардың толық орындалмағанын сынады. Мектеп бағдарламаларында, орта және ЖОО бағдарламаларында тым үстірт айтылатындығын тілге тиек етті. Сонымен бірге Қызылжардың кіреберісіне орнатылған Қожаберген ескерткішіне өзінің тәнтілігін жеткізіп, «бұл ескерткіш жалғыз Қожабергенге емес, осыдан үш ғасыр бұрын біздің жеріміз үшін, қазақтың бостандығы үшін күрескен қаһармандарымызға қойылған белгі деп білемін. Осы бағытта басқа да, бұрын аттары жабылып қалған, бабаларымыздың ерлігін жаңғырту қажет. Бұл жерде ешқандай жершілдік, қызғаншақтық, рушылдық сияқты кертартпа түсініктер болмауы керек. Сонда ғана біз халқымыздың бірлігіне, болашағына, тұтастығына зиян келтіретін жаман әдеттерден арыламыз, ағайын» деді ол. Ал, сөзінің соңында осы өлкеден шыққан тағы бір алып тұлға – Смағұл Сәдуақасовтың есімін ұлықтау бағытындағы жұмыстардың кемшілігін ауызға алып өтті. Қазақты ХХ ғасырда қырғынға ұшыратқан голощекиндік «Кіші Октябрь» жоспарына ашық қарсы шығып, елін қорғаған және сол жолда небәрі 33 жасында өмірден өткен арыстың есімін халық әлі күнге жетік білмейді. «Әйтеуір Қызылжарда мектеп аты берілген екен, енді сол көше орналасқан «Интернационал» көшесін Смағұлдың атымен атаса – нұр үстіне нұр болар еді деді шешен.
Алматы мен Астанадан ат терлетіп жеткен ақын-жазушылар, тарихшы, әдебиетші, заңгер ғалымдар қатарында елімізге танымал азаматтар Бексұлтан Нұржеке, Кәдірбек Сегізбайұлы, Иран-Ғайып Оразбай, Қасымхан Бегманов, Серік Негимов, Аманжол Күзембайұлы, Құлбек Ергөбек, Зиябек Қабылдинов, Сұлтанхан Аққұлұлы, Кәрібай Мұсырман және жергілікті өлкетанушылар Ербақыт Амантай, Сәуле Мәлікова – бәрі де конференцияда өздерінің ғылыми баяндамаларын жасап, ұсыныс-пікірлерін айтты.
Соның ішінде танымал жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Бексұлтан Нұржекеұлы «Қожаберген және Сегіз сері айналасындағы күдік білдірушілерге айтылатын пікір» атты баяндама жасап, күдік келтірушілерге шынайы, парасатты жауап қайтарды. «Өзгелер жоғын бар қылып жатқанда, біздің барымызды барымтаға салып жатқанымыз қандай өкінішті» дей келіп Сегіз серінің шежіресін таратып, арғы атасы Қожаберген жырау екенін айтып берді. Одан әрі Мәшһүр Жүсіп, Жаяу Мұса өлеңдерінен мысал келтіре отырып, Сегіз серінің өмірі мен шығармашылығы туралы айтты. Жазушы Сегіз серінің әндері шетінен жауһар екенін, «құлағыңа емес, жүрегіңе барып шым-шым сіңіп жататын» сезімдер екенін жеткізді. «Бар-жоғы 37-ақ жыл жасаған адам үшін бұл – ақылға сия қоймайтын қазына. Біз мақтанатын жерімізді өзіміз бағаламай жүрміз. «Күй атасы Құрманғазы» деп қалай мақтансақ, «ән атасы Сегіз сері» деп солай мақтануымыз керек!» деді ол.
«Елім-ай» дастаны – тарихи дерек» атты баяндама жасаған тарихшы, профессор Аманжол Күзембайұлы бүкіл әлемдік тарихта жазбаша дерек жоқ болған жағдайда ауызша деректер пайдаланылатындығын атап өтіп, «сондай ауызша мағлұматтардың бірі және бірегейі Қожаберген жырау шығармалары. Өкінішке қарай, осы құнды деректер талдаудан, саралаудан, тексеруден өткізіліп, осы күнге дейін тарих ғылымының кәдесіне жарамай отыр» деді. Одан әрі жырау шығармаларының зерттелуіне тоқталған ғалым оны алғаш рет 1927 жылы Сәкен Сейфуллин, 1936 жылы Б.Майлин, І.Жансүгіров, Ғ.Мүсірепов бастаған арнайы тарихи-этнографиялық экспедиция зерттегенін айтып, «өкінішке қарай, аласапыран заманда бұл материалдар із-түзсіз жоғалған» деді. Содан кейін тәуелсіздіктің елең-алаңында жазушы Нәбиден Әбутәліпов Қожаберген мұраларын жүйелеп, жинап, бастыруға үлкен еңбек сіңірген. Ал, 1993 жылы Әл-Фараби атындағы Ұлттық университеттің ғылыми-зерттеу тобы Қызылжар өңіріне келіп, жыраудың басына зиярат етіп, көнекөз қариялардан мол мағлұмат алып қайтқан екен. Аты-жөндері Ш.Нұрғожаұлы, М.Тырақаев, Н.Сатин сияқты ақсақалдар жыраудың Қаратай Биғожин Әдеби мұралар қорына тапсырған шығармаларынан басқа да жырларын айтып берген. Одан бері Қызылжардағы «Асыл мұра» тобының іздеушілері Қожабергенге қатысты бірнеше кітаптың жарық көруіне мұрындық болған. 2000 жылы республикалық конференция өткізіліп, онда академик Манаш Қозыбаев және басқалар баяндама жасап, «Қожаберген тану» орталығын ашу туралы ұсыныс жасалады. «Елім-ай» дастанының алғашқы нұсқасын Қаратай Биғожин тапқан, ал, екінші нұсқасын Мәдина Дастанова деген зерттеуші жариялады. Көлемі 9 баспатабақ, онда жыраудың «Елім-айдан» басқа шығармалары да енгізілген. Екі нұсқаның кейбір өзгешеліктері болмаса мазмұны бір мәселеге арналған. Ол
18 ғасырдағы қазақ-жоңғар соғысы» деді А.Күзембайұлы. Сонымен бірге ғалым «Елім-ай» жырын локолизациялау барысында жазылған жері – Батыс Сібір екендігі, уақыты – 18 ғасыр, туу себебі – жыраудың өзінің айтуынша: «Елім-ай» деп бастай бер Айша жаным, Біз айтпасақ кім айтар елдің зарын...» екені айтылып, дастанның авторлығына да күмән тумайтындығы танылғанын жеткізді. Сөзінің соңында Аманжол Күзембайұлы «Қазақтың ауыз әдебиетінің кез келген ескерткіші өзінің алғашқы қалпын сақтамаған. Заман өте келе ақын-жыраулардың жаңа ұрпағы дастанға көптеген өзгерістер кіргізген. ХХ ғасырда ескерткішті көшіріп жазушылар бүгінгі оқырманға түсініксіз сөздерді қолданыстағы терминдермен ауыстырған. Бұл үдеріс бүкіл әлем ғылымында бар процесс» деді.
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің профессоры Серік Негимов өзінің «Елім-ай» дастаны «Ақтабан шұбырынды – Алқакөл сұлама» заманының көркем энциклопедиясы» атты баяндамасында Бұқар жыраудың «Қамалды бұзған құлшына» өлеңінің мына жолдары:
«Күрзімен жауды басқа ұрған,
Қалмақтың ханын састырған.
Жаралы дұшпан басшысын
Ат тұяғына бастырған» деген жыр жолдарын ұстазы Қожабергенге арнағанын тілге тиек етті. Ғалым «Елім-ай» ұлы дала тарихында ұлы бабаларымыздың ұлт, халық, мемлекет, жер қорғау қайғысынан туған аяулы, асыл түйдекті лебізі. Тарихи-этнографиялық, тілдік, палеосемантикалық қымбат құндылықтар мен ақпараттарға бай Орхон жазба ескерткіштеріндегі «Елім-ай!», «Туған жерім-ай!», «Бектерім-ай!» (152 мәрте), «Қонысым-ау!» (749 рет), «Қара жерім-ай!», «Жоғарыда Тәңірім- ай!», «Қара орманым-ай!», «Ынтымақ- ай!» және т.с.с. Ұлы Дала жұртының бойтұмарындай киелі, жұлынды сөздері «Елім-ай!» дастанын оқығанда тарихи сабақтастық тайға таңба басқандай жалғастық танытады.
«Елім-ай!» дастанында геостратегиялық жағдай, әскери колонизация, соғыстың тактикасы мен стратегиясы, саяси мақсат пен пиғыл, жаһандық билік мәнісі терең, толық сипатталған» деді. Одан әрі Серік Негимов «Елім-ай» дастанының ел арасына ауызша да, қолжазба күйінде де тарағанын айтты. Жазбаша нұсқасын сақтаған – Қожаберген жыраудың ағасы Қарабастың ұрпағы Шақшақ батыр Көшекұлы. Одан Сегіз сері көшіріп, одан соң Ер Есенейдің жиені Тәштит Тәбейұлы Барлыбаевтан Шыңғыс Уәлиханов, Зілғара шешен баласы Мұса үйренген. Ең ақырында Қожахмет Дәрібайұлы (1891-1978) насихаттаған» деді ол.
Конференцияда бұлардан басқа филология ғылымдарының докторы Құлбек Ергөбек, журналист, қоғам қайраткері Кәрібай Мұсырман, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зиябек Қабылдинов, журналист Ербақыт Амантай, архивариус, тарих ғылымдарының кандидаты Сәуле Мәлікова баяндама жасады.
Конференцияның қорытындысы бойынша қарар қабылданып, онда Қызылжардағы әскери институтты Қожаберген жыраудың атымен атау, мектеп оқулықтарына Қожаберген жыраудың өмірі мен шығармашылығынан деректер беру, «Елім-ай» дастанынан үзінділер берілуін Оқу-ағарту, Қорғаныс министрліктерінен сұралатын болды. Конференцияның материалдары жеке кітап болып шығады. Сонымен «Елім-ай» дастанына арналған тағы бір үлкен конференция өз жұмысын аяқтады.
Айта кететін жайт, конференциядан бір күн бұрын алыстан келген меймандар мен жергілікті қонақтар Қожаберген жыраудың туған жеріне барып, басына зиярат етті. Жолда 1918 жылы Алашордаға әскер жинауға арналған форум өткен Әлти қажының Аққусақ қыстауындағы Алаш Орда арыстарына қойылған ескерткіштерге мінәжат етті және ат ойындарынан көріністер тамашалады.
Жақсыбай САМРАТ.