«Көтере алмайтын шоқпарды беліңе байлама!»

Осылай деген Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Сарыағаш ауданындағы мектептің күрделі жөндеу жұмысын созбалаңға салған мердігерге қатаң талап қойды. Жаңа оқу жылы жақындағанына қарамастан білім ұясының құрылысын әлі аяқтамаған «Шаңырақ» ЖШС-нің басшысына 1 апта уақыт берді. Өз міндеттемелерін орындай алмаған жағдайда шара қолданылады, іс сотқа беріледі. 

– Әліңіз келмей ме, тапсырыңыз. Осыншама уақыт созып, енді сылтаумен тойдырмақсыз. Сіз 1300 баланы далада қалдырайын деп отырсыз. Мемлекет қаражатын алып, халықты алдап отырсыз. Шамаңыз келмесе неге аласыз? Біз үшін әр сәт қымбат. Сізге соңғы мүмкіндік беріледі. Бір апта. Атүсті жүріп жұмыс істеген соң сапа да оңбайды. Сапасын бақылау күшейтіледі, – деді Дархан Сатыбалды. 
Құрылыс компаниясы күрделі жөндеуді осыдан 1 жыл бұрын бастаған. Осыған дейін жұмысты жылдамдату туралы талай рет ескерту алған. Облыс әкімі жұмысшылардан жалақыларын сұрады. Егер дер кезінде алмаған болса, жауаптыларға жағдайды тексеруді тапсырды. 
Көктерек кентіндегі И.Панфилов атындағы №16 мектепке өткен жылдың қазан айында басталған күрделі жөндеу жұмыстары биыл тамыз айының соңында аяқталуы тиіс. Құрылыстың жалпы құны – 247,3 млн. теңге. 
Түркістан облысында білім беру саласында 1 мың мектеп бар. Биыл Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасына қарасты 21 мекемеде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сарыағаш ауданында желтоқсан айына дейін 3 мектептің құрылысы аяқталады. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 9 мектеп күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Облыста 5 жылда жаңа 100-ге жуық мектеп салынды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Жайлы мектеп» пилоттық жобасымен 3 жылда 63 мектеп салынбақ.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облыс бойынша жалпы 63 мектептің құрылысы жоспарланса, оның 10 мектебі Сарыағаш ауданында салынады. Бұл мектептер алдағы екі жылда пайдалануға беріледі. Жалпы, білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша, оның ішінде турникет жүйесімен, бейнебақылаумен, дабыл кнопкасымен, күзетпен қамту үшін қазынадан 408 млн. теңге бөлінген. Ыстық тамақпен 1-4 сынып оқушыларын қамтамасыз ету үшін 135 млн. теңге бөлінді. Яғни биыл бірінші рет осы мақсатта 693 млн. теңгеге жуық қаржы бөлініп, ол балаларымыздың денсаулығы мен қауіпсіздігін сақтауға бағытталды. 

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Пікір қалдырыңыз