Мәслихат төрағалары есептік кездесу өткізді
Мәслихат төрағалары БАҚ өкілдерімен кездесіп, атқарылған жұмыстарды баяндады.
«Amanat» партиясы Түркістан облыстық
филиалында Түркістан, Кентау қалалары және Отырар, Сауран аудандары
мәслихатының төрағалары БАҚ өкілдерімен кездесіп, атқарылған жұмыстарды
баяндады.
Алғаш болып сөз кезегін алған Түркістан
қалалық мәслихатының төрағасы Ғаппар Сарсенбаевтың айтуынша, 19 наурыз күнгі сайлаудың
нәтижесінде сегізінші шақырылымдағы Түркістан қалалық мәслихатына 18 депутат
сайланып, 30 наурыз күні бірінші сессиясы өтіп, сол сессияда Түркістан қалалық
мәслихаты құрылған. Мәслихат төрағасы сайланып, мәслихаттың тұрақты
комиссиялары құрылып, депутаттық фракция тіркелген.
Содан бері қалалық мәслихатта «Бюджет,
экономикалық және әлеуметтік даму, өнеркәсіп, кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі», «Әкімшілік аумақтық
орналастыру, құрылыс және коммуналдық қызмет көрсету салаларын, депутаттық
өкілдік және этика, ұйымдық-құқықтық қызметті қамтамасыз ету жөніндегі», «Әлеуметтік
қорғау, денсаулық сақтау, білім, ғылым, мәдениет, жастар ісі, туризм-спорт,
тарихи мұраларды қорғау жөніндегі» және «Табиғат қорғау, экологиялық мәселелер
және құқық бұзушылықтың алдын алу мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету
жөніндегі» 4 тұрақты комиссия жұмыс істеп келе жатыр.
«Жалпы, елдің алдында тұрған экономикалық және әлеуметтік міндеттерді орындауға ықпал етуде мәслихат маңызды рөл атқарады. Осы бағытта жыл басынан бері өткізілген сессиялар туралы мәліметке тоқтала кетейін. Қалалық мәслихатта осыған дейін 4 сессия, 8 тұрақты комиссиялардың отырысы өтіп, 24 мәселе қаралды. Осы жылы комиссия құрамдарына 1 рет өзгерістер енгізіліп, 7 мүше ауыстырылды және жаңадан ашылған 12 учаскелік сайлау комиссиясының құрамына 88 мүше сайланды. Түркістан қалалық мәслихатының депутаттары бекітілген кестеге сәйкес, қаламызда орналасқан 6 сектор тұрғындарымен жыл басынан бері 61 рет кездесу өткізді. Сондай-ақ, 43 рет қоғамдық қабылдау өткізіліп, 116 азаматтың мәселесі қаралды. Қалалық мәслихат депутаттары халықтың түрлі топтарымен тұрақты негізде кездесулер өткізіп, сайлаушыларды жеке мәселелері бойынша арнайы қабылдаулар ұйымдастырды. Осындай жеке қабылдаулар мен кездесулерде көтерілген мәселелер бойынша құзыретті органдарға шаралар қабылдау үшін тиісті хаттар жолданды», - деді Ғаппар Амантайұлы.
Сонымен
бірге, БАҚ өкілдері тарапынан қойылған мұқтаж отбасыларға қолдау көрсету және
тұрғынүй сапасын бақылауға қатысты сұрақтарға жауап берді.
Содан
соң, сөз тізгінін Отырар аудандық мәслихатының төрағасы Ұзақов Уәлихан алып, аудандық
мәслихаттың атқарған жұмыстары туралы қысқаша баяндады.
«Сайлау нәтижесінде Отырар аудандық мәслихаттың сегізінші шақырылымына 13 депутат сайланды. Оның 11-і «Amanat» партиясының мүшесі. Қалған екі халық қалаулыларының бірі «Қазақстан халық партиясы» атынан, ал екіншісі өзін-өзі ұсынған. Жаңадан құрылған мәслихаттың алғашқы сессиясы 30 наурызда аудандық «Сайлау комиссиясы» төрағасының қатысуымен өтті. Онда 4 мәселе қаралды. Атап айтқанда, сайлаудың қорытындысы, аудандық мәслихат төрағасын сайлау, мәслихаттың тұрақты комиссияларын құру және олардың төрағаларын сайлау туралы. Жаңа құрамдағы мәслихат бүгінгі күнге дейін жалпы саны 4 сессия өткізді. Оның 1-і кезекті, 3-і кезектен тыс сессиялар. Тұрақты комиссиялардың отырыстары 3 рет өткізіліп, жалпы саны 25 мәселе қаралды. Күні бүгінге дейін тіркелген арыз-шағымдардың саны - 7. Оның 2-і қатыстылығына қарай тиісті органдарға жолданса, қалған 5-і қанағаттандырылды. Олар ауыз су, көше, жарықтандыру және жеке мәселелер. Мәслихат төрағасының жеке қабылдаулары әр аптаның сәрсенбі күні болып белгіленген. Алайда, келемін деуші тұрғындарға әрдайым есігіміз ашық. Биылғы жылы ауданымызда өзекті мәселелердің бірі ағын су тапшылығы болса, екіншісі шіркей елді әбігерге салды. Күн жыли сала бұл жәндік малдың да, жанның да мазасын алатыны бар. Сәуір – мамыр айларында бірқатар депутаттар мен ауыл белсенділері бірлесіп, облыстық энергетика және тұрғын үй басқармасының тапсырысы бойынша дизенсекция жұмыстардың сапалы жүрзеге асырылуына атсалыстық. Елді мекендер мен ондағы халық көп шоғырланатын орындарда, Сырдария мен Арыс өзендері бойындағы зиянкестерді жоюға бақылау жүргіздік. Буын аяқтылар мен жәндіктерді жоюға қосымша күштер тартуға ықпал етіп, нәтижесінде 18 арнайы маман, 7 техника, 2 қайық осы іске жұмылдырылды. Жоғарыда атап өткендей ауданымыз үшін өзекті мәселелердің бірі бұл ағын су. Ауданның негізгі бағыты ауылшаруашылығы. Соңғы жылдары Қоғам, Қарғалы, Отырар ауылдарында ағын су тапшылығы орын алып келеді. Бұл мәселе бойынша жергілікті атқарушы органдар тарапынан жоғары инстанцияға ұсыныстар берілген. Атап айтқанда бірінші кезекте Д.Алтынбеков каналын бетондау жұмыстарын толық аяқтау, дрендер орнату болса, екіншісі «Ақын-Жақып» каналын іске қосу арқылы ағын су тапшылығын шешу. Ал, бұл жобаларды іске асыруға жергілікті атқарушы органдардың құзіреті де, бюджеті де мүмкіндік бермейді. Сондықтан бұл мәселелерге Үкіметтің назарын аудартып, шешілу жолдары қарастырылуда. Осы мақсатта 10 шілдеде сенат депуттары - Бектаев Әли Әбдікәрімұлы, Қадырбек Мұрат Болатұлымен ауданда кездесу өткізіліп, шаруалар мен мәслихат депутаттары атынан ұсыныстар бердік. Сенаторлар көтерілген сұрақтарды тиісті орындарға жеткізіп, бақылауда ұстаймыз деп уәделерін беріп кетті. Әзірге Қоғам, Қарғалы ауылдық округтеріндегі егістік жерлерге су жеткізу үшін «Қызыл-Ту» насос станциясынан 6 дана СНП насос іске қосылды. Д.Алтынбеков каналын бетондау үшін демеушілер есебінен жобалық сметалық құжаттама жасалуда. Ол дайын болған соң «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнына ұсынылады. Алайда, бұл күн тәртібіндегі мәселелерді түбегейлі шешеді деп айту қиын. Оны шешу үшін жоғарыда аталған «Ақын Жақып каналы» іске қосылуы қажет», - деді Уәлихан Жамалхнұлы.
Өз
кезегінде мәслихат төрағасы аудандағы экологиялық мәселелерді шешуге басымдық
беріліп жатқанын жеткізіп, алдағы уақытта бірқатар жоба жүзеге асырылатынын
мәлімдеді.
Ал, Кентау қалалық мәлихатының төрағасы Қаблан
Елеусізов өз баяндамасынан соң қаладағы жерасты суының деңгейі, Кентауды экологиялық
аймақтар қатарына енгізу, тамақтандыру орындарының жұмысы жайлы қойылған
сұрақтарға жауап беріп, мәслихат депутаттары бұл мәселелер бойынша облыс
басшылығы және Үкіметпен тікелей қарым-қатынас жасап жатқанын айтты. Ал, Сауран
аудандық мәслихатының төрағасы Сержан Байсбаев аудан аумағында заңсыз мия
саудасы мен заңсыз карьерлерге қатысты жұмыстар атқарылып жатқанын айтып,
мәселелер заң аясында шешілетінін мәлімдеді.
Айта кетсек, аудан, қала мәслихаттары
төрағаларының қатысуымен өтетін мұндай баспасөз жиындары бекітілген кестеге
сәйкес жалғасын табады.