Әлемді автокөлікпен шарлап жүр

Ерболат АЙНАБЕКОВ, «Оңтүстік Қазақстан».

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, газет халықтың көз-құлағы болғандықтан, мұнда сырттан келіп жататын адам көп. Бірі өз шығармаларын жарыққа шығару үшін арнайы ат арытып келіп жатса, екіншісі қоғамдағы кейбір келеңсіздіктерге байланысты «төртінші билік» өкілдерінің төрелігіне жүгініп келіп жатады. 

Бұл жолғы қонақтардың жөні бөлек – әлемді автокөлікпен аралап, саяхат жасап жүрген ерлі-зайыптылар өздерінің көрген-баққанын бөлісу үшін біздің редакцияға арнайы бұрылыпты. Бас редактор Абай Балажанның қабылдауында болып, алға қойған мақсаттарымен бөлісті. Айтуларынша, бүгінгі күнге дейін төрт мемлекеттің шекарасын кесіп өтіп, он мың шақырым жол жүріпті. Оңтүстіккореялық саяхатшы Пак Хён Мин мен әйелі Шин Хав Сон жер шарын жеңіл көлікпен аралап, рекорд жаңартуды жоспарлап отыр. «Біз Оңтүстік Кореядан шыққалы бері Ресей, Ауғанстан және Маңғолия мемлекеттерін аралап, 10 000 шақырым жол жүріп үлгердік. Алда әлі біз бағындырмаған ұзақ жол жатыр. Екі жылда Азия, Еуропа, Африка және АҚШ-ты түгел аралап шығуымыз керек. Бір қызығы, біз кейде жоспардан тыс жолдарға түсіп, ондағы тың жаңалықтарға кезігіп жатқан жайымыз бар. Мәселен, Ресейден кейін біз қайда баратынымызды нақты білмедік. Бір қарасақ, Қазақстанның шекарасына келіп қалыппыз. Бұрын еміс-еміс естігеніміз болмаса, бұл ел жайлы онша біле бермейді екенбіз. Бізге мұндағы аура ұнады, адамдары да көңілді, емін-жарқын екен. Алған әсерімізді сөзбен айтып жеткізу қиын. Бәлкім, ұзақ сапардан оралған соң алған әсерімізді бөлісіп, арнайы кітап жазатын шығармыз» дейді Пак Хён Мин өз ойымен бөлісіп. 
Саяхат барысында әр қаланың әсем көріністерін тамашалап қана қоймай, тарихымен танысып, мәдениетіне тереңірек бойлап, тұрмыстық салт-дәстүрін де жетік білуге әрекеттеніп жүрген олар біздің бір ғасырлық тарихы бар «Оңтүстік Қазақстан» газетіне қызығушылық танытып, қолдарына алып суретке түсті. Алда әлемнің сексеннен астам елінде болуды жоспарлап қойған олар осылайша өздерімен бірге «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бір данасын ала кетті. Біз де алыстан ат арытып келген саяхатшыларға қонақкәде ретінде газет бетінен орын беруді жөн көрдік. 

Пікір қалдырыңыз