Жерлесіміз – корабль капитаны

Армия – біздің қасиетті жеріміз бен мемлекетімізді қорғайтын сенімді қалқан. Сондықтан әрбір азамат әскер қатарында болып, еліміздің тыныштығына үлестерін қосуы керек. Мәселен, Созақ ауданынан көптеген әскери мамандар шығып, тәуелсіз мемлекетіміздің баянды болашағы жолында қажырлы қызмет атқарып келеді. Айталық, Байқоңыр ғарыш айлағында қызмет атқарған полковник Қален Тоқмұхаммедов,  полковник Жомарт Жеңіс, әскери бөлім командирі, полковник Асылхан Байсынов, Айбол Ыбыраев, подполковник Нарсәбит Жанмолдаев, Жұмаділда Қасымов, Шапағат Жалмаханов, Дәулет Нұрғожин, тағы басқа да жерлестеріміз бүкіл ел жастарына үлгі. 
Ел қауіпсіздігі жолында аянбай қызмет етіп жүрген осындай жерлестеріміздің бірі – капитан Дәулет Досмырза. Ол Алматы қаласындағы Құрлық әскерлерінің Әскери институтына  оқуға түсіп, 2016 жылы аталмыш оқу орнынан тәрбие құрылымының офицері мамандығы бойынша жоғары әскери білім алып шығады.
2016 жылдың 1 тамызында ҚР Қорғаныс министрінің бұйрығымен ол Әскери-теңіз күштерінің 21814 әскери бөлімінің «Қазақстан. Сарыарқа. Орал» зымыран-артиллериялық 3-дәрежелі кемесінде лауазымды қызмет атқарды. 2021 жылдың 29 желтоқсанынан бастап бүгінгі күнге дейін Әскери-теңіз күштері Бас қолбасшысының бұйрығымен 29011 әскери бөлімінің материалдық-техникалық қамтамасыз ету батальоны командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары қызметін атқарып келеді.
Дәулет 2015 жылы Қытай шекарасында орналасқан «Айбалта – 2015» оқу-жаттығу, сол жылы Жеңіс күнінде Астана қаласында өткен әскери шеруге қатысып, жүлделі екінші орынға ие болды. Мәскеу маңындағы «Алабино» полигонында қазақстандық танкистер қатарында  «Танк биатлоны» байқауының жүлдегері. 
– Әлі есімде, жарыс қызықты әрі тартысты өтті. 2023 жылы 5 мамыр күні Бүкілармиялық кеңеске қатыстым. Бүкіл армиялық кеңес Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовтың қатысуымен өтті. Жалпы, бұл бірегей шарадан үлкен әсер, алдағы өміріме қажетті рухани азық алдым. Үйде әкеміздің әскерде түскен суреттерін көріп қызығатын едім. Әкем Бақытжан Әділбеков Кеңес Армиясы қатарында екі жыл азаматтық борышын өтеген. Әскери теңіз күштерінің офицері ретінде іні-қарындастарыма, жастарға айтарым, әскери қызметтен қашпай, елімізді, жерімізді ерікті түрде, отаншылдық сезіммен қорғауға тиістіміз. 
Бұл – біздің азаматтық борышымыз. Әскерге барғаннан ешкім қор болмайды, жаңа ортамен  танысасың, ел көресің, жер көресің, достар табасың, Отанға деген сүйіспеншілігіңді арттырасың. Сонымен қатар, бірінші орында жауапкершілікті сезінесің және өз бетіңше шешім қабылдай білуді үйренесің, – дейді Дәулет Досмырза.
Иә, Созақтың сары даласынан шыққан қазақтың қара домалақ баласы бүгінде теңізде жүр. Бұл – жастарда ынта-ықылас болса, қандай қиындықты да жеңе алатынын білдірсе керек.

Мақсат ҚАРҒАБАЙ.
Созақ ауданы.
Пікір қалдырыңыз