Құдас датқа

Жауғашты руынан шыққан Құдас датқа 1815 жылы өмірге келген. Кіндік қаны тамған жер Түркістан облысы, қазіргі Сауран ауданына қарасты Қаратаудың етегіндегі Қаражон ауылы. Ол датқа дәрежесіне дейін көтеріліп өз заманының белгілі тұлғаларының біріне айналды. Туған жеріне жасаған қайырымды істері мен ел басқарудағы әділдігі, турашылдығы, батырлығы арқасында жерлестерінің сүйіспеншілігіне бөленді. 

 Датқа деген Қоқан және Бұқар хандықтарында билерден жоғары, сұлтандармен шендес дәреже болып саналған. Олар тек ханға немесе әмірге ғана бағынышты болған. Датқа – парсы сөзі, дад+хаһ «тілек, әділдік», соттың әділдігін талап етуші деген мағынаны білдіреді. Орыс зерттеушілері датқа дәрежесіндегі адамдарды генералға, генерал-губернатор лауазымына тең дәрежедегі адамдар деп санаған. Кейбір датқалар Ресей отаршылдығына қарсы күрес жүргізіп, мұсылман халықтарының ынтымақты болуын уағыздаған,  ислам дінін насихаттап, мектеп-медреселер аштырған. Халықты егіншілікпен шұғылдануға талпындырып, арық-тоған қаздырған» деп жазыпты жазушы-журналист Ордабек Шаяхметов шежірелік зерттеу еңбегінде.

Ресейдің жергілікті әкімшілігі өзіне шын беріліп, адал қызмет еткен қазақтарды көтермелеп, сый-сияпат жасап, марапаттап отырған ғой. Сондай марапатқа ие болған қазақтың тұлғалы датқаларының бірі Құдас Кілкеұлының есімі  заманында үш жүзге мәлім болған. 

Тарихи айғақтарға сүйенер болсақ, Құдас датқа Байзақ, Тіней Елқонды, Қанай, Қыпшақ Тұрсынбай датқалар, Жаппас, Атығайұлы Битабар,  Божбан Қайдауылұлы, Найман Ақтаз Уәйіс Байжанұлы болыстармен бір дәуірде өмір сүрген. Аталған кісілермен таныс-біліс болғандығы,   тарихи мәліметтерде тайға таңба басқандай көрініп тұр. Ал, енді, Құдас датқаның шөбересі Жәңгір Қалшабекұлының өз аузынан айтылған әңгімесін тыңдап көрелік:

– Бізге жеткен әнгімелер, ел аузындағы сөздер мен көнекөз қариялардан естігендеріміз, Құдас датқа елге Қоқан хандығы билік жүргізіп тұрған уақытта өмір сүрген. Ол датқа билігін жиырма бес жасында өзінің шешендігімен ел көзіне түскен соң алады. Сол уақыттан бастап ел ішіндегі жер дауы, жесір дауларын әділдікпен шешіп отырған. Ол 1840 жылы датқа атанды.  Шегебай, Раматулла, Қалдыбек, Смайыл атты ұлдары болған.  Құдас Кілкеұлы елді әділ басқарумен қатар жас құрақтай  өсіп келе жатқан жастарға көп көңіл бөлген. Сол өскелең ұрпақтың ішінде он бес жасар Жұман есімді жерлес ағайынды өзі тәрбиелейді. Датқа  Жұманның бойындағы ерекше қабілеттерін ерте байқайды. Сенім артып, болашағынан көп үміт күтеді. Сол оймен Жұманға білімін,  ел билеу тәсілін үйретеді.  Жұманды Құдас датқа қай жерге барса да жанына ертіп жүреді екен. Оны  билердің алқалы кеңестеріне, жиындарына қатыстырып отырған.  Иә, уақыт өте Жұман сол үмітті ақтайды.

Құдас датқа Түркістан аумағындағы датқалардың ішінде  билікті отыз бес жыл уысында ұстаған мықтының өзі болыпты. Өзге датқалар мұндай межеге жете алмаған.  Осыдан-ақ оның заманынан өте туған адам болғанын аңғарамыз. Әрине, білімді, ақылды, шешен әрі қара қылды қақ жарған әділ жан ғана осынша уақыт  билік тізгінін ұстап тұра алмақ. 

Құдас датқа саяси жағдайларға да жүйрік болыпты. Айталық, елдің мына жағында алып  көрші Ресей  тұрса,  мына жағында айдаҺардай ақырып Қытай тұр. Олардың елшілерімен, сауда жасай келген кірешілерімен жақсы қарым-қатынас орната білген. 

Адамның ғұмыры мен билік мәңгі емес екенін датқа  терең түсінді. Сол себепті ол өзінің еліне, туған жеріне қызмет етіп, тек жақсы атымен қалуды ойлады. Құдас датқа өз ажалымен қайтыс болған соң, қара шаңырақта отырған ұлы Раматулла ақ жуып, арулап, соңғы сапарға шығарып салады.  Оның жаназасына Түркістан уәлятының әкімі, шаҺардың игі жақсылары мен   ел-жұрты қатысады. Оны Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің ішіне жерлейді.

Уақыт өте өзі тәрбиелеген Жұман би  атанады. Оның билік еткен жері қазіргі Жаңақорған шекарасынан бастап Бәйдібек ауданындағы «Қызыл көпір» елді мекеніне дейінгі аумақты қамтыған екен. Ол күрделі дауларды шешіп отырған. Құдас Кілкеұлы қайтыс болғанда, оның үлкен ұлы Шегебай он бес жаста екен. Әкесі қайтыс болған соң Жұман би   Шегебайды  өз қамқорлығына алған.  Бір жылдан соң сайлауға қатыстырады. Шегебай он алты жасында  болыс атанады. Көнекөз қариялар Шегебайдың еліне жасаған жақсылығын жыр қылып айтып отырады екен.  Ол да әкесі сияқты турасын бетке айтатын өткір кісі болған. Жасқанбай, жасымай сөйлеген. Болыстың бұл адами қасиеттері, әрине, дұшпандарына  жақпаған. Шегебайдың әділ  шешімдері олардың барлық жоспарларын бұзып отырса керек. Сондықтан олар Шегебайдың көзін құртудың  жолын іздейді. Ол қай жерге барса да артынан бір адам аңдып жүрген. Содан не керек, Шегебай қырық бес жасында  Әзірет Сұлтан кесенесі жанындағы жер асты моншасына түсіп отырғанында біреулер арқасына у жағып жіберген делінеді бір деректе. 

Иә, адал адамдардың жолы қашан да ауыр болған. 

 Нұрқанат ШАЯХМЕТОВ,

мемлекеттік кірістер басқармасының қызметкері.

Пікір қалдырыңыз