Құрылысқа отандық материалдар пайдаланылады

Түркістан облысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынатын 63 мектептің құрылысына отандық материалдар қолданылады. Сонымен бірге жергілікті өндірушілерге басымдық беріледі. Әрбір мектептің құрылыс материалдары қатаң бақыланады және арнайы стандарт бекітіледі. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды Түркістандағы №28 мектеп-лицейінде ұйымдастырылған көрмеге арнайы барып, «Жайлы мектеп» жобасына қолданылатын құрылыс материалдары мен мектеп жиһаздарының жобаларымен танысты. 

– «Жайлы мектеп» – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тікелей бақылауында тұрған жоба. Әрбір мектеп  өте сапалы әрі жоспарға сай салынуы тиіс. Өңірде ұлттық жобаны жүзеге асыратын жұмыс тобына әр мектептің құрылысын мұқият қадағалауды тапсырамын. Балаларымыздың алаңсыз білім алуына, ұстаздарымыздың жоғары деңгейде жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалуы қажет. Оған мүмкіндік те, жағдай да жетеді. Облыстың жиһаз және құрылыс материалдарын шығаратын компанияларына, жұмысшыларына басымдық берілуі тиіс. Олардың әлеуеті жетпесе, қосымша өзге өңірлердегі отандық өндірушілермен келісім жасалып,  жобалар өз мерзімінде жүзеге асуы керек, – деген Дархан Амангелдіұлы құрылыс материалдары мен мектеп жиһаздарын дайындайтын компания өкілдерімен кездесті. Олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. 
Көрмеде мектептерге қажетті жиһаздар, мектеп құрылысына қолданылатын материалдар туралы мағлұмат берілді. Білім ұяларының іргетасынан бастап, шатырына дейін қолданылатын материалдар ұсынылды. Барлық білім ұясына арнайы стандарт бекітілетіні, мердігерлер сол ережеге сай жұмыс істейтіні айтылды. Мектеп директорлары мен білім сарапшыларына Түркістан облысының және өзге өңірлердің жиһаз шығаратын компаниялары өз өнімдерін ұсынды. 
Жалпы, өңірдегі 63 мектепке екі орынды 25100 парта, 50200 орындық, ұстаздарға арналған 2470 үстел,  2550 кресло, лаборанттарға арналған 3012 үстел, 6034 орындық алу жоспарланған. Шкафтар, асханаға қажетті үстелдер мен орындықтар, тақталар, кеңсе орындықтары және өзге де жиһаздар қажет. Осы қажеттілікті өтеу үшін облыс әкімдігінің осы салаға жауапты басқармалары облыстағы және республиканың өзге өңірлеріндегі отандық компаниялармен келіссөздер жүргізіп, алдын-ала меморандумдар жасалмақ. Бұл бағаның қымбаттауының да алдын алады. Қажетті жиһаз көлемі ауқымды болуына байланысты өңірде жиһаз шығаратын кәсіпорын ашылуда. 
Пікір қалдырыңыз