Балмұздақ жеймін деп...


Көктем-жаз мезгілдерінде балмұздақ сататындардың саудасы қыза түседі. Бірақ сол балмұздақтардың сапасы қаншалықты талапқа сай екені ескеріле бермейді. Санитариялық талаптары сақталмаған жағдайда балмұздақтан уланып қалуыңыз әбден мүмкін екенін ескертеміз.

Әсіресе, өте жылдам дайындалатын жұмсақ балмұздақтан келер қауіп көп. Мұндай балмұздақты дайындау және өткізу үшін қауіпсіздік талаптарына сәйкес келетін, тазаланатын, жуылатын және дезинфекцияланатын конструктивті автоматтар пайдаланылуы тиіс. Автоматтарда жұмсақ балмұздақты дайындау кезінде дайындаушының техникалық құжаттамасына сәйкес келесі талаптар сақталуы қажет.

-        құрғақ қоспалардан немесе концентраттардан дайындалған, қалпына келтірілген қоспаларды пайдаланады, қалпына келтірілген қоспаны дайындау үшін жаңа қайнатылған ауыз су пайдаланылады;

-        шикі, пастерленбеген сүтті, шикі жұмыртқаны пайдалануға жол берілмейді;

-        тек оларды дайындаған орындарда ғана өткізуге жол беріледі;

-        қоспалардың сапасын және қауіпсіздігін растайтын құжаттардың болуы қажет;

-        автоматтар үшін пайдалануға дайын тағамдық компоненттерді сақтау осындай тамақ өнімдерін дайындаушы белгілеген сақтау жағдайларына сәйкес жүзеге асырылады;

-        қызметкерлердің санитариялық киіммен қамтамасыз етілуі және медициналық байқаудан өткендігі туралы кітапшаларының жұмыс орнында болуы;

-        нысанда жұмысшылардың жеке бас гигиенасын сақтауға арналған жағдайдың болуы;

-        жуу, тазалау және залалсыздандыру құралдарының болуына,  пайдалануына қойылатын талаптардың сақталуы.

Бүгінгі таңда аталған сауда нысандары эпидемиялық мәні болмашы нысандар тізіміне еніп, Қазақстан Республикасының № 360-VI ҚРЗ 07.07.2020ж. «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінің  24 бабы  негізінде қызметін бастағандығы жөнінде хабарлама берумен шектеліп, кесте бойынша тексеруден босатылған. Сондықтан Қазақстан Республикасы  Кәсіпкерлік Кодексінің 144 бабының 4 тармағына, 5 тармақтың 3 тармақшасына сай нақты фактілер мен мән-жайлар, сенімді негіздер және растайтын дәлелдемелер  көрсетілген жазбаша арыз-шағым мен мемлекеттік органдардың тапсырмалары  негізінде ғана жоспардан тыс тексеріледі.

Тұрғындардан жұмсақ балмұздақты тұтынар алдында аса сақ болуды сұраймыз, өйткені мұндай өнімдер тез бұзылады. Жұмсақ балмұздақ сатып аларда, нысанның санитариялық жағдайы сізге ұнамаса немесе күдік туғызса, өнімді сатып алудан бас тартқаныңыз жөн. Бұл сіздің денсаулығыңыз бен өміріңізді сақтап қалады!

Жұмсақ балмұздақты тұтынғаннан кейін Сіздің денсаулығыңыз нашарлап, улану белгілері (асқазанның ауырсынуы, құсу, жүрек айну, дене қызуының көтерілуі т.б.) пайда болған жағдайда, тез арада дәрігердің көмегіне жүгіну қажет!

Әбдіманап ТӨЛЕБАЕВ,

Шымкент қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау

департаментінің басшысы.

 

Пікір қалдырыңыз