Дамираның арманы көп
Бүгінде қоғамда «Жастар
кітап оқымайды» деген пікір жиі айтылады. Ол рас та шығар. Бірақ арамызда
Дамира Сайлау секілді көркем әдебиетті көп оқитын, поэзияны сүйетін жастар
баршылық.
Дамира өлеңді мәнерлеп оқуға мектеп кезінен бастап қызығыпты. Көптеген ақындардың өлеңдерін оқып, видеоларын тик-ток, инстаграм секілді әлеуметтік желілерге жариялап тұрады. Оның даусына, мәнеріне тамсанушы оқырмандары қалыптасқан. Бүгінге дейін байқауларға қатысып, жүлделі орындар алған кезі көп. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өткен «Поэзия әлемі» байқауына қатысып, екінші орынды иеленіп қайтты. Сондай-ақ, ол Әселхан Қалыбекованың 70 жылдығына орай ұйымдастырылған «Әселхан оқуларында» ақынның «Қыздар, қыздар...» өлеңін оқып, бірінші орын алған.
Оның жастар арасында танымалдылығын арттырған – жас ақын Айым Дулаттың «Жарым болса» деген өлеңі. Осы өлең әлеуметтік желіде қаралымды арттырып, Дамираның парақшасына жазылушылар санын күрт көбейтіп еді.
Дамира Сайлау – қазіргі таңда
«Түркістан» телеарнасында тележүргізуші.
Ол өлең оқудан бөлек, кітап оқуды, би билеуді ұнатады. Оның
дауысы құлаққа жағымды. Сөйлеу техникасын өзі меңгеріп алған. Сауатты сөйлейді.
Сондықтан да оны неке қию рәсімін жүргізуге шақырып тұрады. Өзінің айтуынша,
келешекте әлеуметтік ток-шоуларды жүргізуді қалайды. Қиындыққа тап болған
жандардың мәселесін шешуге үлес қосып, жалпы адамдарға көмектескісі келді.
Арманыңа жет, Дамира!
Арайлым МҰРАТБЕК,
Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің 2-курс
студенті.