Түлектер бас қосты

Диляра БИМЕНОВА, «Оңтүстік Қазақстан».
Түлектердің араға жылдар салып кездесуі, сағыныса қауышуы – оқу жылы аяқталар тұстағы ең керемет сәт. Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті өзінің 1973 жылы бітірген түлектерін құшақ жая қарсы алды. «Көркемсурет және графика» мамандығын осыдан 50 жыл бұрын бітірген түлектер қанат қаққан алтын ұясына жиналып, өздері білім алған қарашаңырақтарына құрмет көрсетті.
Айта кетейік, Шымкент педагогикалық институтында 1969 жылдан бастап жалпы білім беретін орта мектептерге «бейнелеу өнері және сызу» пәнінің мұғалімдерін даярлау ісі қолға алынды. Осы білім беру бағыты бойынша көркемсурет және графика мамандығын тәмамдаған алғашқы 24 түлекке еліміздің әр қиырына, әр салада еңбек етуге жолдама берілді.
Өңірдегі маңдайалды білім ошағын бітірген жиырма төрт шәкірттің он біріне ғана елу жылдық белесті көру бұйырыпты. Олардың арасынан 2 ғылым докторы, 3 профессор, 2 доцент шыққан.
Айталық, Ілесхан Сманов – бүгінде аталмыш университеттің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы, «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының иегері. Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, профессор Ұлықбек Ибрагимов – Көркемсурет академиясының ректоры қызметін атқарып, қазақтың алғашқы бейнелеу өнері әдістемесін түзген. Қазақстан Суретшілер одағының тағы бір мүшесі Нұрлан Шилібаев – Ә.Қастеев атындағы көркемсурет колледжіне жетекшілік жасап, республикаға, шетелдерге танымал мықты суретшілерді тәрбиелеген. Рахметулла Еділбайұлы – танымал суретшілердің алтын бесігі Төлеби ауданында көркемсурет мектебінің директоры қызметін атқарып, балалардың көркемдік қабілеті мен шығармашылық қиялын шыңдауға үлес қосуда.
Осы топтағы жарық жұлдызды тағы бір тума талант – Бибіажар Иманбекқызы Симова. Қазақстан Шеберлер одағының, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, танымал қолөнерші, тоқыма өнерінің хас шебері атанған Бибіажар Иманбекқызы кезінде Үндістанда, Мәскеуде өткен көрмелерге қатысқан. Ұлт қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің ағалық ақыл-кеңесін алған, Ғани Ілияевтан бейнелеу өнерінің шеберліктерін меңгерген үлкен дарын иесі.
Түлектердің осындай өмірлік жолы даңқты оқу орнының қалыптасу тарихынан сыр шертеді.