ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жолтай ЖҰМАТ-ӘЛМАШҰЛЫ: «Аңырақай шайқасы – қазақ даласындағы алғашқы Отан соғысы»

Қазақ тарихының қатпарлы кезеңдері қаншама?! Солардың ішінде «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» атанып кеткен зобалаң естен шығар ма?! Міне, осы қанды қырғынның біз білмейтін тұстары әлі де жетерлік. Біз бүгін осы оқиғаның 300 жылдығына орай тарихшы, филолог-ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Жолтай ЖҰМАТ-ӘЛМАШҰЛЫМЕН арнайы сұхбаттасқан едік. Төменде сол сұхбатты оқырмандар назарына ұсынып отырмыз. 

– Жолтай ЖҰМАТ-ӘЛМАШҰЛЫ, еліміз тарихында жоңғарлармен 300 жылға созылған соғыстың алар орны ерекше, зардабы да ауыр. Дегенмен, осынау алапат апаттың, тағдыршешты соғыстың әлі айтылмаған жақтары да аз емес сияқты. Сіз бұған не дейсіз?
– Ұлы Қыпшақ даласы (қазіргі Қазақ елі) басынан нендей сұмдықтарды өткермеді дейсіз?! Иә, дұрыс айтасыз, бүкіл түркі жұртының ежелгі ордасы ретінде тарихтан өз орнын ойып алған біздің ататопырақтың Түптарихы мен Түпсанасы жайынан енді негіздеп жазып, талдап баян етер уақыт туды. Туды деу аз, нағыз баса назар аударар мәселе  осы біз қозғап отырған тақырып  айналасында болса, құба-құп! Өкінішке қарай, біздің тарихшыларымыз бен ойшылдарымыз бұл бағытта біршама ізденгенімен, кең көлемде ойланып, терең қазып сөз қозғауға әлі де шорқақ болып отырғанын қалай жасыра аламыз?! Әлбетте, жасыратын да, жалтақтайтын да түгіміз жоқ. Біздің халықтың Түптарихы да тереңге жол салады, Түпсанасы да ойыңа ой жалғай алады. Талай ғасырлар бойы айтылмаған, айту тұрмақ, әдейі жасырып ұстаған, өтірік тарихты ойдан құрастырған көршілеріміздің бар құпия әрекеті енді су бетіне қалқып шыққалы тұр. Асылында, ақиқатты өлтіре алмайсың! Шындықты тұншықтырып тұра алмайсың! Ақиқат пен Шындық – енші алмаған егіз! Ендеше, біздің ұлы Қыпшақ даласының ақиқи дерекнамасына даңғыл жол салу – сіз бен біздің азаматтық борышымыз ғана емес, ар алдындағы міндетіміз болып тұр осы кезде...
 Арғы жағына ой арқанын  лақтырмай-ақ қоя  тұралық, оны да тілге тиектейтін кез келеді, берірек келіп, яғни Қазақ хандығы құрылған кезден бастасақ, содан бергі уақытта, дәлірегі – он сегізінші  ғасырға   дейінгі кезеңде бұл салқар дала  қанды шайқастар мен ұрыстардан көз ашқан жоқ. Айталық, осы бір уақыттарда қазақтарға өші кеткендей өршелене  шабуыл жасаған – ойраттар болды. Ойрат кім? Қалмақ кім? Жоңғарлар ше? Бұлар қай халық? Араларында байланыс бар ма? Осыны көп жағдайда  шатастырып алып жүрміз, сірә! Қазақ  бабаларымыз  ойраттарды алғашқыда қалмақтар, кейін жоңғарлар деп атаған  екен. Ойрат – Қалмақ – Жоңғарлардың тарих сахнасына шығып, Қазаққа (Қыпшақ даласына) көз тігіп, жер асты мен үстінде байлығы былқыған елге  қызығушылығы оянуы он бесінші ғасырдың басында басталған сияқты. Алғашында тиіп-қашып шабуылдап жүргенімен түбінде үлкен шайқас исі сол кездерде-ақ сезіліп қалғандай (Осы бір қиянатшыл халық ақыр аяғында тарих сахнасынан біржола жоғаларын білді ме екен?).  Ал, алғашқы үлкен шайқас он бесінші ғасырдың  ортасына қарай орын алды.  Ойрат - қалмақ тайпасының сол кездегі  билеушісі Үз-Темір (Үзен-Темір) тайшының аяқ астынан іргелес   жатқан Қыпшақ (қазақ)  даласына  шабуыл бастағаны жазылып қалған тарихта. Арнайы дайындалғаны ә дегеннен-ақ білінеді, олардың беті қатты болды.  Ойламаған жерден жасалған соққы Қыпшақ (қазақ) жасағын демде күйретіп тастады, шегінуге мәжбүрледі де,  қоныстанып отырған  жеріне  еш қымсынбастан, өктем басып кіріп келді. 
Осы жерде сәл шегініс жасалық. Ұлы Қыпшақ даласында ежелден білекті батырлар мен жаужүрек нояндар өте көп болған. Оларды жаулап алу тұрмақ,  қарсы соғыс ашуға  да көп елдер жүрексініп, батылдары бара бермеген. Қазақ тарихына ойша барлау жасай білген кез келген кісі бұл сөзіміздің ақиқатына көз жеткізе алады. Ендеше, он бесінші ғасырда сол батырлар мен нояндар қайда кетті? Олар неліктен жауға қарсы тұруға қауқарсыз болып қалды? Міне, біз әу баста сөзімізді тізбелеген Түпсана синдромы осы жерден қылаң береді. Кезінде Даналар мен Билер басшылығында (демократиялық билік) болып келген Ұлы Қыпшақ даласында он екінші ғасырдан бастап билік жүргізу  формасы өзгеріске ұшырады. Даналар да, билер де шетке ығыстырылып,   ханды басқару жүйесі қалыптастырылды. Бұл жүйе  он екі-он төртінші ғасырлар ширегінде жүргізілді. Хандық тақ  тікелей Шыңғыс хан ұрпақтарына  бұйырып, елді солардың  ұрпақтары ғана билегенін көзіқарақты оқырман біледі. Хан Шыңғысты былай қойғанда, оның тұңғыш ұлы Жошы хан, одан соң Бату хан, одан кейін Берке хандар билік құрды. Хандық биліктің кейбір пайдалы жақтары да болған шығар, алайда, ол Қыпшақ даласында емін-еркін өмір сүрген тұтас халықтың тіршілігіне елеулі өзгерістер әкелмей тұра алмады. Соның бір көрінісі – кешегі дарабоздар мен нояндардың алдын  кес-кестеуі еді. Олар амал жоқ, хандардың дегенімен  жүрді немесе көп ішіне жұтылып кетті. 
Енді қайтадан ойраттар басқыншылығына келейік. Қалмақ Үзен-Темір тайшы жасағы алдымен Шыңғыс хан билігінен жалғасып келе жатқан  Ақ Орданың шаңырағын ортасына түсірді, халқын қырды, малын талауға салды. Жағалап отырып, жол-жөнекей кезіккен ауылдарды жермен-жексен ете отырып, Сыр бойына жетіп, нық  табан тіреп алған соң,  сол кезде күші әлсіздеу қазақ ұлыстарын оп-оңай оңтүстік-шығысқа қарай ығыстыра қуды. Аз мерзімде Қыпшақ даласының  қасиетті  қалалары – Түркістан, Сығанақ, Отырар, Сауран, Ташкент, т.б. ойраттардың қолына көшті. Мұнымен тоқтамады,  ойраттар шабуыл соңынан шабуыл жасап, қазақтарды біржола жойып жіберуді ойластырған сыңай байқатты. Соғысты қазақтардың тілеп алмағаны шындық. Сөйте тұрса да кей жазбаларда әртүрлі тұжырымдар айтылып-жазылып келе жатыр. Әсіресе, орыс тарихшылары мен ғалымдары еңбегінде көп фактілер бұрмаланып көрсетіледі. Жау тұтқиылдан шабуыл жасаса, онымен қоймай, тағы да еселеп шапқыншылығын жалғастыра берсе, кім де болса, қарсы қайрат жасамас па?! 
Осы арада тағы да шегініс жасағымыз келеді.  Бұған дейін үш ғасыр бойы Шыңғыс ханның басқыншылығын бастан өткізген қазақ халқы әжептәуір-ақ жасып қалып  еді. Десе де, елдің рухы өлмеген. Қазақ батырлары мен нояндары арасынан ақыл-парасаты  әбжілдері хандық жүйеге икемделіп, олармен бірлесе қимыл жасай бастады. Батырлар тек солай ғана өз елінің сағын сындырмай, жерін сақтап қалуға болатынын аңдады. Есесіне Шыңғыс ұрпақтарының айы оңынан туып, енді олардың жасағы (әлбетте, арасында негізінен қазақ нояндары көп болды) көршілес Русия жеріне көз тікті, Бату бастаған қол тіпті Мәскеуге дейін жорық жасады, Русия қалаларын өзіне қаратты. Орыстар Шыңғыс ұрпақтарының батыл шабуылдарына еш тойтарыс бере алмады, амалсыз бағынышты елге айналды. Бұл еріксіз «бағыныштылық» жағдай Русия халқының ішіне шемен болып қатты. Намыстан жарыла жаздаған олар ғасырлар бойы әліптің артын бақты. Оңтайлы сәтті аңдып бақты. Тап осы кезде...
Тағы да ойраттарға оралалық.  Олар соғыс бастаған кезең – бұрынғы кең даланың ержүрек батырлары мен айбынды  қол бастаушылары тұғырынан тайған немесе Шыңғыс ұрпақтары жасағының (Бату хан, Берке хан, т.б.) арасына сіңісіп, солардың айтқанымен жүруге мәжбүр болған уақыт. Қысқасы, қазақтың Түпсанасында бар қиянатқа жоқ, алайда, күш салыстырғандардан тайсалмайтын батылдығы мен қайсарлығына сына түскен» кез деуіміз керек. Ұлы Қыпшақ даласының қиянатқа көне қоймайтын «көкжал мінез» қасиетінің жуасыған тұсын көрші жатқан ойраттар әдемі пайдаланды, қазақтарды «қылдай жерден» ұстады. Сосын да олардың айы оңынан туды, жолы болды. Барлық шабуылдары сәтті аяқталып, ойына келгендерін жүзеге асырды. 
Ал, көрші жатқан Русияға керегі де осы еді. Олар Ойрат елі пен Қыпшақ даласының арасында жан беріп, жан алысқан соғыстың тоқтамауын, екі тарап бірін-бірі «жеп» тынғанын іштей қалады. Қазақтар жеңілсе, әрине, хан Шыңғыстың да айбарлы билігі әлсірейді, өздеріне қоқаңдап, күш көрсетуін доғарады. Тіпті, жеме-жемде күш жинап алып, олардың өзіне қарсы шабуыл жасауға  болатын күн туарын да сезді. 
Түпсана әлсіресе де, о баста қанында бар батылдық пен күрескерлік дәні қурап қалған жоқ еді, әрине! Қазақты енді Намыс деген сезім атқа қондырды. Ойрат ойына келгенін істей бермек пе? Онда біз оларға құл боламыз да, қазақ деген атымыздан айрыламыз және ата-баба дәстүріне кір келтіреміз. Ұлы далада осындай намыскерлік ой оянып келе жатты. Бір ғана мысал, қазақтың  Тайыр есімді ханы ойраттардың жойқын  жасағының жолына кедергі жасау мақсатында Жетісу өңірінде үлкен  бекініс салуға кірісті. Мұның мәні – егер ойрат жасағы кезекті шабуылға шықса, қорғануға әрекет етіп, ең болмаса ішке қарай өткізбеу. Қазақ жасағы әлсіз болатын. Нағыз жаужүрек сарбаздарды даярлап алу үшін біршама  уақыт керек. Сосын да тек қорғанушылық жағдайында тұрып жатты. Он бесінші ғасыр аяғы мен он алтыншы ғасыр басында ойраттарды жеңу мүмкін болмады, олардың бетін қайтару үшін арнайы жасақ құрмай болмайтынын хан билігіндегі (енді хан тұқымы да бұған көнуге мәжбүр еді)  қазақтар іштей білді. Білді де, астыртын даярлыққа кірісті. 
– Осы ретте ойрат озбырлықтарының жолын бөгеудің алғашқы амалдары қай кезден басталды?
– Ойраттардың жойқын  күшіне алғаш тойтарыс берген кезең – Ақназар хандық құрған  тұспен сәйкес келеді. Тұңғыш жеңіс осы кезде жүзеге асты. Ақназар хан өте көреген, алысты болжай алатын, қандай істі де ақылдасып отырып шешетін адам еді. Оның аты тарихта құрметпен аталуы да содан. Бұл – он алтыншы ғасырдың екінші жартысы болатын. Міне, осы кезден бастап ұлы Қыпшақ даласындағы қазақ жауынгерлерінің рухы ояна бастады, өздеріне деген сенімдері нығайды, біріксе, қандай жауды да жеңуге болатынын сезінді. Алайда, Ақназар хан да көп ойларын жүзеге асырып үлгермеді. 
Бұдан кейін тарих сахнасына шығып, қазақ халқын бір ту астында бірігуге  үндеген  Тәуекел хан  тұсында  да қазақ жасақтары жоңғар жаулаушыларына қарсы қайрат көрсете отырып, кейде жеңіліс тапса, кейде жеңіп жатты. Әсіресе, ойраттардың қолы Сырдың бойындағы ірі-ірі сауда орталықтарын басып алуға әрекеттенген кездерде арнайы даярланған  қазақ жасақтарының үлкен қарсылығына ұшырады. Бұл оқиғалар бірқатар тарихи құжаттарда жазылып қалған (Мысалы, ағылшын саяхатшысы Дженкинсон жазбасында, т.б. еңбектерде осыған қатысты мәліметтер бар).
Ұлы Қыпшақ даласын Тәуекел хан біршама уақыт биледі.  Ол билік құрған (ХVI ғасыр)  кезеңдерде аз уақыт тыныштық орнап, қазақ  елінің хал-жағдайы біршама жақсарды, халқы ес жинады, әскери әлеуетін де күшейте бастады. Мұны түркі тарихи жазбалар куәландыра алады. Қазақ жасақтары өздері шабуылға шықпаса да,  қарсы шапқан жау әскерлерінен қорғанып қана қоймай, кей реттерде оларға ойсырата соққы беріп отырды.
Тағы бір тарихи жағдайға тоқтала кетпеске болмайды. Қыпшақ даласына Тәуекел хан билік құрған кезеңдерде ойраттар қазақтарды екінші кезекке ысыра  тұрып, көрші елдерге шабуылдарды үдетіп жатқан-ды. Сондай  қуатты-қуатты елдерге  қарсы соғыс ашамын  деп  көп күш жұмсаған ойрат жасағы едәуір  әлсіреп қалды. Оның үстіне өз арасында алакүлік орын алып, алауыздықтар  туындап, іштеріне іріткі түсті. Бұл жағдай қалмақтардың аз уақытқа әлсіреуіне әкеліп соғып еді. Соның салдарынан қазақ жеріне жасаған жорықтары сәтсіз аяқталып, тіпті жеңіліп қалу фактілері жиіледі. Қазақ жасағы күш біріктіріп, ақылмен әрекет жасағандықтан да, жау  төтеп бере алмай жатты (Мынадай деректер бар:  Орыс патшасы төртінші Иванның Қыпшақ даласына  жіберген елшісі  Губин оралған бетте қазақтардың  ойраттар жасағының бір бөлігімен соғысып, оларды  ойсырата жеңіп, өздеріне  бағындырғаны жайында жазбаша мәлімет берген). 
Алайда, жекелеген жеңілістеріне қарамастан, Жоңғар билігінің құрамындағы ойрат тайпасының жасақтары қайта-қайта топтасып, шабуылдарын үдетіп, қазақтарға күш көрсетуін доғарған жоқ. Ойраттың тағы бір Бадур (Батыр)  есімді қонтайшысы жаңадан қол жасақтап, ең мықты жігіттерін жинап, соларды алға салып, кезекті соғыс  өртін мейлінше өршітіп жіберді.   Бұл – Жәңгір хан билік құрған тұс еді. Жәңгір де осал билеуші болған жоқ. Ол да әп дегеннен әскери жасақ құру жағына қатты көңіл бөліп, әскери дайындықтарды  әлсіретпеуге  тырысты. Түбі ойраттардың тыныш жатпайтынын іші сезетін-ді. Айтқандай-ақ, 1642 жылдың соңында (кей деректерде 1643 жыл деп көрсетілген)  Бадур қонтайшы   әскерімен (саны шамамен 10 мыңдай)  Жәңгір хан бастаған қазақ жасағы  (саны мыңға да жетпейді) арасында қантөгіске ұласқан ірі шайқас болды  деп көрсетеді тарихи деректерде.  Осынау қанқұйлы соғысқа   халха тайпасының билеушісі Алтын ханның баласы Омбу Ердуни жасағы да қатысып, қазақтарға қарсы соғысқан екен, тіпті бұл  шайқасқа  бір бүйірден Еділ қалмақтары да қосылған.  Қай жағынан алып қарасаңыз да, осынау шайқас екі жақтың әскери арасалмағын теңестіре алмайды. Басында айтқанымыздай, Жәңгір хан жасағы небәрі  сегіз жүз – тоғыз жүзден аспайды, ары кетсе мың қол  ғана болған дейді. Бәлкім, бұл деректі әлі де анықтай түсу керек шығар.  Алайда, тарихи жазбалардың көрсетуінше, осы тұста әскери  көмек көрсетуге өз еркімен келіп жеткен   Жалаңтөс баһадүр сарбаздарымен бірігіп (бір деректерде бұдан басқа да қосымша күш қосылған  делінеді),  он мыңға жуық ойрат әскерінің шабуылына батыл түрде тойтарыс берген деседі.  
Ойраттар мұнымен де тоқтамады. Ұлы Қыпшақ даласына қызығушылығын доғармай,  қазақ жеріне қайта-қайта  жорық жасап отырды. Соның салдарынан  көптеген  шаһарлар бүлінді, ел талан-таражға түсті.
Бұл жағдай Қыпшақ даласының тезірек ес жинауына жол ашты...
– Осы тұста қазақтардың өздері де іштей бөліне бастағаны белгілі. Осы туралы да айта отырсаңыз.
– Қыпшақ даласын мекендеген қазақ жауынгерлеріне ойрат – қалмақ шабуылдарына тойтарыс беру үшін  тез арада бас біріктірмесе болмайтын еді. Сосын да енді ел болу мен ел қорғау мәселесі  алдыңғы кезекке шықты. Бұл кезде, жасыратыны жоқ, өзіңіз айтқандай,  қазақтар үш жүзге бөлінуді бастаған еді (Бәлкім, мұндай бөліну хандық билікке де тиімді болды ма, кім білген?!).  Міне, бұл да ежелгі қазақтардың Түпсанадан алшақтай бастағанын көрсететін бірден-бір фактор! Баяғы қазақ бұлай «үй ішінен үй тіккен» жоқ болатын. Ең сұмдығы – әр жүз бөлектеніп, өз басшы-қосшыларын  сайлап, қарсы шапқан жауға өз күшімізбен тойтарыс бере аламыз деген ұлы сенімде болатын. Бұл үлкен қателіктің басы еді. Ел ағалары мен билері мұны түсінді де. Сондықтан да осындай «жегіқұрттан» қалай құтылу керектігін ойлап, бас  қатырды. 
Одан шығар жалғыз жол бар-ды. Даналар мен билер енді хан билігіне қолқа салып, сол тиімді жолды ұсынды. Ұсыныс қолдау тауып,  алғаш рет 1710 жылы үш жүздің басын қосқан Қарақұм жиыны өткізілді. Негізгі мақсат –  дереу күш біріктіру және  жоңғарлардың кезекті шабуылына  тойтарыс беру; екінші – үш жүзден құрылған үлкен әскери жасаққа бір ноян басшы болып, барлық сарбаздар тек соны тыңдау; үшінші – жалпы басшылықты  билік басындағы ханға жүктеп, бұйрығын бұлжытпай орындау.  Сол кезде атағы дүркіреп тұрған  Бөгенбай батырды (кей деректерде Қабанбай батыр екеуін)  бір ауыздан  үлкен  жасақтың қолбасшысы деп таныды. 
Жалпы, халық болып топтасқан осындай ауызбіршіліктің арқасында 1711 – 1722  жылдар аралығында   қазақтың біріккен жасағы  Жоңғар хандығының  көптеген шабуылдарына төтеп беріп отырды, тіпті жеңіске жетіп,  қатты соққы берген кездері де болды. Бұл, бірақ, таза емес еді. Ойраттардың ең негізгі басты  күші 1715 – 1723 жылдар аралығында   Цин империясы әскерімен бетпе-бет  соғысты, сол себепті де олардың мұндағы күші әлсіздеу еді.  Цин императоры Ханси (Канси) қайтыс болып кеткен соң (1722 ж),  Рабтан Цеван енді бағытты  күш жинай бастаған   Қазақ хандығына қарай бұрды.
Тағы да шегініс жасалық. Біз білетін атышулы соғыс – Аңырақай шайқасы емес пе! Иә, сол соғыстың бастауы, міне, осы тұстан арқан кереді. Нақтылап айтар болсақ,  ататарихта қанды қырғын болып жазылған, қазақ пен жоңғар арасындағы алапат соғыс  1723 жылы бастау алғанын  естен шығармау ләзім. Қанша әзірлік  жасадық десе де, қазақ жасағы ол кезде әлі де әлсіздеу еді, даярлығы да шамалы болды. Қол бастайтын Бөгенбайдай, Қабанбайдай  жаужүрек нояндары болғанымен жалпы жасақ сарбаздары соғыста ысылмағанын көрсетті. Сосын да әрбір шайқас жоңғарлар пайдасына шешіліп отырды. Айталық,  1723 – 27 жылдар аралығында  әлденеше  рет қайталанған қантөгісті  шайқаста қазақтардың қаны судай ағып,  тарихта  бұл  сұмдық  «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деген атпен қалды. Әйгілі «Қаратаудың басынан көш келеді» атты зарлы жыр осы кезде туды. Малы мен жанынан айрылып, жеңілістен көз ашпаған  Қазақ хандығының билеушілері  қатты састы, не істерлерін білмей, дал болды. Сөйтіп, қазақтың жөн білер данагөйлерімен,  би-батырларымен ақылдаса келе, 1726 жылы Күлтөбеде бас қосып, ойраттарға қарсы қалай күресуді ойластырды. Тап осы Ұлы жиынды өткізуге тікелей мұрындық болған ұлтымыздың үш көрнекті биі еді. Қазақ халқының үш жүзінің ақыл-ойы мен жасақ күшін біріктіруде үш би – Төле, Қазыбек, Әйтеке билер ерекше қайрат көрсетті. 
Бұл кезде қазақты Болат хан билеп тұрған, ол үш жүздің хандарын (Жолбарыс, Сәмеке, Әбілқайыр), билері мен сұлтандарының басын қосып, Ордабасыда үлкен жиын өткізді. Сол алқалы жиында  Әбілқайыр хан бас қолбасшылыққа тағайындалып, сосын жауға қалай қарсы тұру керектігін ойласып, жаңа жоспар жасап бекітті. Бұған үш жүздің ең мықты билері мен ақылгөйлері өз ойларын қосып, ортақ мақсатқа жұмылды. Олай етпеске амал да жоқ еді. Алда – жоңғарлардың ел үлкен шабуылы күтіп тұрған-ды. Оны тарих – Аңырақай шайқасы деп атады. Бұл шайқас тарихи деректерде 1729 (кей деректерде – 1730) жылы болды деп көрсетіледі. Ал, сол атақты шайқастың  нәтижесі  қандай? Әлбетте, жеңіс туы  ұлы Қыпшақ даласында желбіреді. Қазақтардың алғашқы үлкен жеңісі  Балқаштың оңтүстігіндегі Отар даласы, батысы – Шу, шығысы – Күртіге дейін созылып жатқанын  (кей деректерде Алакөл маңы деп көрсетіледі)  тарих мәлім етіп отыр. Тап осы кезде қазақ жасағы  жоңғар басқыншыларына естен кетпестей етіп,  күйрете соққы беріп, әскерлерін талқандап, ірі жеңіске қол жеткізді. Бұл ұрыста Қабанбай, Бөгенбаймен қабат Бекжан, Қазыбек, Бөрібай және садақшылар тобын бастаған Саурық батырлар да тарих сахнасына шыққанын атап айту керек. Шайқастың ең басында қазақтардан Бөлек батыр Қараұлы мен жоңғар батыры Аңырақай жекпе-жекке шығып, қалмақ нояны жер құшқан.  Бірақ, жоңғарлар бұған да тоқтамай, шайқасты жалғастырған. 
Айтпақшы, осы ұлы шайқасқа жас Абылай да қатысқан, ол қалмақ батыры Шарышпен жекпе-жекке шығып, оны өлтірген. 
Жеңіске жеткен қазақ жасақтары құрамында, әрине, қаны туыс ағайындар – қырғыздар, қарақалпақтар, т.б.  да болғанын атап өту керек. 
– Тарихшылар «Аңырақай шайқасын» Отан соғысы деп жаза бастады. Сіздің бұған көзқарасыңыз қалай?
– Жоңғар басқыншылығына қарсы жүз жылдық азаттық соғысында ең үлкен бетбұрыс жасаған соғыс – осы Аңырақай шайқасы! Мұны тарихшылар ара-тұра Отан соғысы деп жаза бастады. Біздіңше, өте дұрыс! Тіпті бұған қоса айтарымыз – бұл соғысты ұлы Қыпшақ даласындағы тұңғыш Отан соғысы деуге толық хақылымыз! 
Атағы жер жарған  Аңырақай шайқасында  (ол 40-45 күнге созылған) қазақтар жасағы ерекше ауызбіршілікте болып, нәтижесінде үлкен жеңіске қол жеткізді. Қазақтардың үш жүзден құралған  жасақтарына негізгі басшылық жасаған  Әбілқайыр хан болса,  Ұлы жүз қолын Жолбарыс хан мен Төле би, Орта жүз қолын қанжығалы Бөгенбай, шақшақ Жәнібек, қаракерей Қабанбай, Кіші жүзді тама Есет, шекті Тайлақ, т.б. батырлар басқарып, өзара бірлікте қимыл жасай алды. Әрине, соғыс шығынсыз бола ма?!  Бұл соғыста екі жақтан да көптеген жауынгерлер жер құшып, біршама атақты батырлар  қаза болды. Әйткенмен, шын жеңіс қазақтар жағына ауып, есеңгіреген  қалмақтар кері шегініп,  сосын  сусыз сортаң жердегі шөлге ұшырап, одан әрі соғыса алмай Аягөз, Шарға қарай бағыт ұстады деп жазылады тарихи деректерде.  
Әттең, қазақтар осы жеңісті әрі қарай жалғастырып, қиянатшыл жоңғарларды біржола құртып тынуы керек еді. Сонда бәрі де басқаша қиюласар ма еді?! Әйтсе де,  қазақтар бұл соғысты әрі қарай жалғастырмады. Өкінішке қарай, сол кезде  Болат хан жараланып, қайтыс болғаннан кейін  тақ үшін талас (бұл да ежелгі Түпсананың күйреу белгісін әйгілей алады) басталып кетті. Хан кім болуы керек? Егер шайқас кезіндегі еңбегі сараланып, жеңіске қосқан үлесі таразыға түсер  болса, не хан Сәмекенің, не хан Әбілқайырдың жөні келіп тұрған-ды. Алайда, шағын билікші топ  Болат ханның баласы жас Әбілмәмбетті таң иесі деп тапты. Мұндай шешімге наразылық білдірген Әбілқайыр майдан даласын тастап, Кіші жүздің қолын Ырғызға қарай бағыттады. Ал, Орта жүз ханы  Сәмеке  солтүстікке қарай бұрылып кете барды. Бұл енді, әрине, басқа баянның тақырыбы болмақ. Сондықтан да осы жерден тізгін тарта тұрайық. 
Бір нәрсенің басы ашық, Аңырақай шайқасының мәні мынада: біріншіден, осыған дейін тарыдай шашырап жүрген барша  қазақ халқының басын біріктірген,  тайлы-тұяғы қалмай Отан қорғауға жетелеген,  бір жұдырықтай болуға негіз қалаған  соғыс еді; екіншіден,  елдің  рухын көтерген, жеңіске деген үміті мен сенімін шегелей түскен майдан болды; үшіншіден, бұл соғыс қазақ елінің сол кездегі әскери жасағының әлеуеті  қуатты да мықты екенін алыс-жақынға әйгіледі. Осындай белгілері арқылы Аңырақай шайқасы тарих бетінен ойып тұрып орын алды.  Жалпықазақ болып көтеріліп, жоңғар жасағын Қыпшақ даласынан тырқырата қуған  бұл  шайқасты ендігі жерде тарих безбеніне салып қарасақ, орыстың  Бородино, Еуропаның біріккен қолының  Ватерлоо,  КСРО  халықтарының 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Сталинград түбіндегі жан беріп, жан алысқан шайқастарынан асып түспесе, кем болмағанын атап айтуға тиіспіз. 
Міне, сол себепті де Аңырақай шайқасы – Ұлы Қыпшақ даласындағы бірінші Отан соғысы деп ой түйіндедік. 
Ал, қазақ даласын алда әлі де талай-талай шайқастар күтіп тұрған болатын. Қазақ халқының қайта-қайта мазасын алған жоңғар жасақтарымен арадағы соғыс хандық таққа  Абылай отырған соң  да ұзақ жылға жалғасып, табан тіреп  күресуге тура келді. Бұл енді басқа әңгіме тақырыбы! 
– Тарихтың терең түкпірінен тартып айтқан әсерлі де мазмұнды әңгімеңіз үшін үлкен рахмет!

Сұхбаттасқан Сабырбек ОЛЖАБАЙ,
«Оңтүстік Қазақстан».

Пікір қалдырыңыз