Рухани астанадан – Елордаға

Бауыржан Ерман, «Оңтүстік Қазақстан».

Осы уақытқа дейін Жамбыл облысы мен Алматы қаласында Түркістан өңірінің 5 жылдығына арналған «Бес жылдыққа – бес әдеби сапар» атты рухани-мәдени іс-шара өткізілген болатын. Аталған жоба 25 мамыр күні Астанадағы Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында жалғасын тапты. Іс-шараға келген қонақтар алдымен облыс орталығындағы «Farab» әмбебап-ғылыми кітапханасының өлкетану бағыты бойынша жасақтаған кітап көрмесін тамашалады. Сондай-ақ, конференция барысында көпшілік назарына Түркістанды танытатын бейнефильм ұсынылды.
Арнайы ұйымдастырылған жиында алдымен облыс әкімі Дархан Сатыбалдының ыстық ықыласын жеткізген өңір басшысының орынбасары Бейсенбай Тәжібаев әдеби сапардың мақсаты мен басқосудың мән-жайына тоқталды. Ол өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев облыс тұрғындарымен кездесуде Түркістанға «тарихи және рухани елорда» мәртебесін беру мәселесін көтергенін айтса, зиялы қауым өкілдері де осы бағытта өз пікірлерін білдірді. 
Алғаш болып сөз алған қоғам қайраткері Дархан Мыңбай Түркістанда қолөнерді дамытуды, қолөнершілерді шақыртып, жағдай жасауды ұсынды. Ал, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ақын Қазыбек Иса Түркістанның Қазақ хандығының астанасы болғандығын басты назарда ұстау керектігін алға тартып, кітап қорына өз үлесін қосатынын жеткізді. Сондай-ақ, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, Президент жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі Кәрімбек Құрманәлиев Түркістанды таныту мен насихаттауға жіті көңіл бөлу керек екенін жеткізіп, ҚР Ұлттық ғылым академиясының филиалын қасиетті шаһардан ашуды ұсынды. Белгілі журналист, «Астана ақшамы» газетінің бас редакторы Еркін Қыдыр Тәуелсіздіктің 30 жылдығындағы екі ұлы оқиға – Астананың салынуы мен Түркістанның түлегенін тілге тиек етті.
Сонымен бірге, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ақын Жанарбек Әшімжан сөз алып, Түркістан – Қазақстан деген ұғымның баламасына айналғанын айта келе, «Farab» кітапханасының басшысы Жанат Шардарбековаға қуғын-сүргінге қатысты кітабын сыйға тартты. Ал, алаштанушы Ысқақ Қайрат Астанадан әлі де кітап жинап, жыл соңына дейін кітап керуенін ұйымдастыруды ұсынды. Сонымен қатар, Қазақстан Жазушылар одағының Астана қаласы филиалының төрағасы Дәулеткерей Кәпұлы мен жас ақын, «Дарын» жастар сыйлығының иегері Батырхан Сәрсенхан да өз ойларын ортаға салды. Одан бөлек, жиынға  ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің өкілдері де қатысып, пікірлері мен ыстық ықыластарын білдірді. Осылайша, жиынға қатысқан астаналық қаламгерлер кітапхана қорына 4 мыңға жуық кітапты тарту етті. 

Пікір қалдырыңыз