Шәмші әндерін бір мезетте 3000 адам шырқады

Астанадағы «QAZAQSTAN» орталық концерт залында Түркістан өңірінің тарихынан сыр шертетін көрме көпшілік назарына ұсынылды. Көрмені ҚР Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов, ҚР Әділет министрі Азамат Есқараев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мен Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, сонымен қатар зиялы қауым өкілдері мен Шәмші Қалдаяқов атындағы Түркістан облыстық филармониясының «Менің Қазақстаным» концертіне келуші астаналық көрермен тамашалады.

Мұнда Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейі, «Ұлы дала елі» орталығы, Руханият – Әбу Нәсір әл-Фараби музейі, Бейнелеу өнер музейі, Түркістан облысының мақта шаруашылығы тарихы музейі және Қажымұқан атындағы облыстық спорт музейінің экспонаттары мен «Оңтүстікфильм» мекемесінің көрмесі жасақталған. Атап айтсақ, ұлы ғұлама, энциклопедист ғалым Әбу Нәсір әл-Фарабиден бастап, атақты балуан Қажымұқан мен ұлы композитор, ҚР Әнұранының авторы Шәмші Қалдаяқов сынды тұлғалардың мұралары, түркі тілдес елдердің ұлттық киімдері, қылқалам шеберлерінің туындылары, оңтүстік өңірде түсірілген фильмдер, өлкенің бай мұрасы мен тарихы қамтылған.
Ал, ҚР Мемлекеттік Әнұранының авторы, қазақ вальсінің падишасы Шәмші Қалдаяқов әндерін насихаттау мақсатында ұйымдастырылған концерттің шымылдығы композитордың «Отырардағы той» әнімен басталды. Салтанатты шараны ҚР Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов ашып беріп, қалың жұртты Түркістан облысының 5 жылдығымен және Шәмші Қалдаяқов атындағы Түркістан облыстық филармониясының ұжымын 60 жылдық мерейлі мерекесімен құттықтады. Сонымен қатар өнер ордасына министрлік атынан Алғыс хат табыстады.
Кеш барысында Қазақстанның халық әртісі Нұржамал Үсенбаева, ҚР мәдениет қайраткері Айжан Тәженова, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Наркенже Серікбаева, ҚР мәдениет саласының үздіктері Мамадияр Тәукеев пен Дінмұхамед Байқожа, Айзада Әлімбек, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Дана Мақатаева, халық­аралық «Славян базары» фестивалінің гран-при иегері Рухия Байдүкенова, эстрада жұлдыздары Ғазизхан Шекербеков, «Қазақстан даусы» жобасының финалисі Данияр Барыс сынды өнер иелерімен қатар, «Яссы» және «Фараб» би ансамблдері, «Алаш» вокалды аспаптар ансамблі, «Сүгір» атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрі өнер көрсетті. 
Айта кетейік, Шәмші Қалдаяқов соңына 300-ге тарта ән қалдырған. Әрбір туындысы жүрек төрінде жатталған өнер иесінің әндері аталмыш концертте жаңаша сипат алды. Ұлттық рухани мұрамыздың ажырамас бөлігіне айналған ұлы композитордың есімі қазақ үшін қашан да қастерлі. Филармония ұжымы Шәмші әндеріне сусап келген астаналық тыңдарманның көңілдеріне көрік сыйлап, көптің ықыласына бөленді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Пікір қалдырыңыз