Президент Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына қатысты

Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің (ЖЕЭК) Мәскеуде өткен кезекті отырысына қатысты.

Саммитке Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен қатар Ресей Федерациясының Президенті – ЖЕЭК төрағасы Владимир Путин, Армения Премьер-министрі Никол Пашинян, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, ЖЕЭК жанындағы бақылаушы мемлекеттерден Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Куба Президенті Мигель Марио Диас-Канель Бермудес; жиынға шақырылған елдерден Әзірбайжан Президенті Ильхам Әлиев, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, сондай-ақ ТМД бас хатшысы Сергей Лебедев пен ШЫҰ бас хатшысы Чжан Мин қатысты.
Мемлекет басшысы өз сөзінде геосаяси қиындықтар бүкіл әлемдегі экономикалық жағдайға айтарлықтай ықпал етіп отырғанын атап өтті.
– Биыл халықаралық қаржы институттары әлемдік экономиканың дамуына қатысты болжамды орташа есеппен алғанда шамамен екі есе төмендетті. Бірақ, сыртқы факторлардың қысымына қарамастан, Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы ынтымақтастығымыз қарқынды дамып келеді. Одаққа мүше мемлекеттер макроэкономикалық тұрақтылығын сақтап, экономикалық өсім қарқыны мен өзара сауда көлемін арттыруда. Мен өз тарапымнан ЕАЭО құрылғаннан бері Қазақстанның Одаққа мүше өзге елдермен арадағы тауар айналымы 74 пайызға ұлғайғанын атап өткім келеді. Осы орайда экспорт 98 пайызға өсті. Бұл жақсы көрсеткіш деп санаймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, қазіргі геоэкономикалық жағдайда Одақтың әлеуетін мейлінше толық әрі тиімді пайдалану ортақ басымдыққа айналды.
Президент ортақ күшті жұмылдыра отырып, экспорттаушыларымыздың тауар өткізетін нарығын кеңейту маңызды екеніне тоқталды. Оның айтуынша, Одақты құрудағы негізгі мақсаттың бірі – қуатты, үйлесімді ортақ ұстаным негізінде үшінші елдермен барынша тиімді сауда шарттарына қол жеткізу.
– Интеграциялық бірлестіктермен және елдермен жүйелі диалогты жалғастыру маңызды. Себебі, олармен ынтымақтастық орнатуға экономикалық тұрғыда мүдделіміз. Комиссия Біріккен Араб Әмірліктерімен, Үндістанмен, Мысырмен, Индонезиямен, Израильмен еркін сауда аймағы туралы келісім жасау жұмысын жедел түрде аяқтауы керек. Біз ШЫҰ, АСЕАН, МЕРКОСУР және басқа да халықаралық ұйымдармен арадағы іс-әрекеттерді сапалы түрде күшейткеніміз жөн, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің пікірінше, Одақ жанындағы бақылаушы институтын дамыту және рәсімдеу маңызды. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы аталған институт өзара тиімді ынтымақтастықтың механизміне айналуға тиіс деп санайды.
Президент өнеркәсіпті дамыту ісін маңызды бағыт ретінде атап өтті. Бұл саладағы ынтымақтастықты нығайту үшін бірнеше көпжақты кооперациялық жоба мен мемлекетаралық бағдарлама жүзеге асырыла бастады. Жерді қашықтан зондтауға қатысты мемлекетаралық бағдарлама аясында ЕАЭО-дағы әріптестер өзара табысты іс-әрекет жасап жатқаны атап өтілді.
Президент жаңа халықаралық күре жолдардың салынуы алдағы уақытта интеграциялық дамудың маңызды бағытына айналуы мүмкін деп санайды. Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразиялық экономикалық одақтың Еуропа мен Азияны, жаһандық Оңтүстік пен Солтүстікті байланыстырушы торапқа айналатынына сенім білдірді.
– Біз Ресей Федерациясының Қытай, Үндістан, Пәкістан, Иран, Таяу Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Азия елдерімен арада көлік дәліздерін ашу ниетін құптаймыз. Транскаспий бағытымен өзара ұштасатын Солтүстік – Оңтүстік көлік дәлізін дамыту қажет екенін түсінетін уақыт жетті деп ойлаймын. Осы ретте Қазақстан бүкіл мүмкіндіктері мен ресурстарын жұмылдырып, Еуразиялық экономикалық одақтың сенімді логистикалық хабы болады. Нақты бастама ретінде біз Челябинск – Болашақ – Иран теміржол магистраліне жүрдек жүк пойыздарын шығаруды ұсынамыз. Челябинскіде жүк жинақтайтын орталық аша отырып, Солтүстік – Оңтүстік көлік дәлізінің қолданыстағы инфрақұрылымын осы мақсатта пайдалануға болады. Біз өзіміздің Бейнеу – Маңғыстау теміржол желісіндегі және Бейнеу – Шалқар автомобиль жолындағы талапқа сай келмейтін учаскелерді қайта салуға әзірміз. Тиісті жүк тасымалы ағынын қалыптастыру үшін ортақ күш жұмылдыру маңызды. Сол себепті Қазақстан мұны сөзсіз іске асырады. Бақты – Аягөз теміржолының құрылысын өзара тиімді ынтымақтастығымыздың айқын мысалы деуге болады. Оның іске қосылуы Қазақстанның да, Ресейдің де Қытай бағытына жөнелтетін жүк көлемін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар Иран мен Түрікмен­станның теңіз және құрғақ порттарындағы инфрақұрылым құрылысына бірлесе инвестиция салу мүмкіндігін қарастыруға болар еді. Бұл ұйымға мүше мемлекеттердің экспорт географиясын айтарлықтай кеңейтіп, логистикалық әлеуетімізді арттыра түседі, – деді Президент.
Президент Еуразиялық экономикалық одақтың орасан зор әлеуетін елдеріміздің игілігі үшін дәйекті әрі жүйелі түрде іске асыру маңызды деп санайды.
Президент сөзінің соңында келесі жылы Одақтың құрылғанына 10 жыл толатынын және ЕАЭО-ның мерейтойлық саммитін ұйымдастыру жоспарланып отырғанын жеткізді.
Жиын қорытындысы бойынша бірқатар құжат қабылданды.

Пікір қалдырыңыз