Мәселе – ата-анада!

Ажар БЕРМҰХАНОВА, «Оңтүстік Қазақстан».

Қазығұрт ауданындағы Құлмат Өмірәлиев атындағы  орталық кітапханада отбасылық қарым-қатынас мәселесін қозғаған жиын өтті. Оған ауданның бір топ әжелері, Т.Рысқұлов атындағы мектеп-лицей директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Б.Өтеқұлова мен ұйымдастырушы педагогы Г.Құрбанова, мектеп оқушылары қатысты. Іс-шара «Отбасы деген не?» деген сауалды талқылаудан басталды. Жиналғандар кітапхана қызметкерлерінің алдын-ала дайындаған «Отбасыдағы тәрбие» атты бейнеролигін тамашалады. Онда  отбасыдағы сыйластық пен татулық, құрмет пен имандылықтың маңыздылығы көрініс тапқан, қазақ отбасыдағы әкенің рөлі, ата мен әженің тәрбиесі айтылған. 

Кеш барысында сөз алған аталмыш кітапхана директоры Гүлсім Дәулетбаева балаларды әдептілікке, ағайын-туыстың арасындағы қарым-қатынасқа үйретудің маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ, іс-шара барысында жиналғандар бала тәрбиесіндегі ұлттық фольклордың маңыздылығына тоқталды.
– Дәстүрлі қоғамда ата-әжелер немерелеріне ертегі, жыр-дастан айтып беру арқылы оларды рухани дамытып отырған. Сондай-ақ, баланы атқа мінгізіп, бәйгеге шаптыру арқылы ептілік пен батылдыққа, келіссөз жүргізу, даулы мәселелерді шешудегі би-шешендеріміздің даналық тәлімін ұғындыру арқылы жауапкершілікке тәрбиелеген. Бүгінде бабадан қалған осынау дара жолдың маңызы зор, – деді аудандық әжелер кеңесінің төрайымы Бағила Смайыл. Ал, Қазығұрт ауылдық әжелер кеңесінің төрайымы Боранкүл Жантасова ата-бабамыздан қалған ұлттық тәрбиеге дақ түсірмеу қажеттігін сөз етіп, ол үшін ең басты жауапты тұлға ата-ана екеніне тоқталды.
– Ел болашағының тізгінін ұстар тұлғаның бойына білімнің нәрін, тәрбиенің маңызын сіңіруіміз қажет. «Балам дейтін жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан болсын» деп Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, баланың болашағына толғанар ел, ойланар отбасы қалыптасса, үмітіміздің ақталғаны, – деді Боранкүл Жантасова.
Жиын соңында Т.Рысқұлов атындағы мектеп-лицейдің  оқушылары қазақ ақындарының ата-ана тақырыбына арнаған жырларын жатқа оқыды. 

Пікір қалдырыңыз