Қыздар қара шаңыраққа таласа ма?

Алда-жалда «таксиге» отыра қалсам, небір оқиғаларды естимін. Кеше кешкісін тоқтатқан жеңіл көліктің жүргізушісі әлденеге қапалы сияқты болып көрінген. Содан соң оны әңгімеге тартуды ыңғайсыз көрдім. Сәл жүргеннен кейін телефоны шырылдап, әлдебіреумен қызу сөйлесіп кетті. Тіпті дауласқандай болды. Ондайда «аман-есен діттеген жеріме жетіп алсам екен, жүргізуші ашумен рөлге еге бола алмай қала ма?» деп іштей қылпылдап отырады екенсің. Жан деген шіркін тәтті ғой. Әупірімнен соң ол телефонын өшірді. Бәрібір түрі өрт сөндіргендей. Менің алаң көңіліме көзі түсті ме, ашылып әңгімесін айта бастады. «Ішімдегіні тап» деп отыратын тұйықтардың санатынан емес екен. 
– Әпкем ғой, – деді телефонына қарай нұсқап. – Әкемнің қарындасы. Құдай бере салған үш қарындасы бар, үшеуінің де мінездері жетісіп тұрған жоқ. Бірінен бірі өтеді. Әкем дүниеден өте салысымен бұлар әке-шешеден қалған қара шаңыраққа таласты бастады. Үй ескіргенімен, тұрған жері жақсы, қаланың орталығында. Соны үшеуі сатып, ақшасын тең бөліп алғылары келеді. Ал, мен әкемнен қалған қарашаңырақты оларға бере салғым келмейді. Содан арамызда күнде ұрыс-керіс. Жастарын сыйлаймын, бірақ, өздері тәубелеріне келер емес. Қалай да алып тынбайтын түрлері бар. Әкем жалғыз ұл болған. Өзі көп балалы болуды армандапты, алайда, отбасында қарындасым екеуміз ғана дүниеге келіппіз. Әкем осыдан үш жыл бұрын, ал, анам бір жарым жыл бұрын мәңгілік мекендеріне аттанған. Олар барда бәрі тыныш еді. Әкемнің көзі кетісімен қарындастары бізге жиі келгіштеп кетті. Бауырмалдық танытып жүр екен десем, көздегендері басқа нәрсе екен. Өз еңбегімнің арқасында жаңа шағынауданнан жер алып, үй салып қойғанмын. Бизнесім де бар. Осының бәрі олардың түн ұйқысын қашырып жүр ме, қайдам, әйтеуір, соңғы уақытта тым тықақтап кетті. «Әке-шешеміздің үйіне сен егелік ете алмайсың, өзіңнің үйіңе көшіп бар. Мұны бізге бер» деп әлгі әзірде үлкені тағы байбалам салып жатыр. Бұлармен сөз таластыру да қиын, сөзге қонақ бермейді. Қазақтың салт-дәстүрінде шаңыраққа ұл еге болмай ма, әкемнен соң ол үй маған тиесілі. Өзімнің төрт ұлым бар, ертеңгі күні оларға да баспана керек. Соны айтсам, өздері салып алсын дейді. Баспаналары жоқ болса түсінер едім, тіпті, сөзге келмей-ақ бере салар едім үйді. Бірақ, тұрмыстары жақсы. Үшеуінің де зіңгіттей-зіңгіттей ұлдары бар.  
Ашу үстінде ол тағы біраз әңгімелер айтқан, алайда, мен өз ойыммен өзім болып кеттім. Шынымен де қыздардың қара шаңыраққа таласуының жөні жоқ қой. Отбасында ұл жоқ болса, бір сәрі. Осыдан бес жыл бұрынғы бір жәйт әлі есімде. Жастары елуден еркін асып, алпысты алқымдап қалған, бала-шағалары өсіп, әрқайсысы өмірден өз орындарын тауып кеткен, тұрмыстары да бақуатты төрт әйел, яғни бір отбасының төрт қызы шешелері дүниеден өтісімен қара шаңыраққа таласқан-ды. Ал, бесіншісі, сол үйдің үлкен қызы өмір бойы күйеуге шықпай, ұл орнына әке-шешесінің жандарына жалау болып, соларға қарайлап келген еді. Зәулім үйдің бүкіл күтімі, ішкі-сыртқы жөндеу жұмыстары соның мойнында болғанын білемін. Егер адамгершілік тұрғысынан келгенде, үй сол үлкен қызға тиесілі еді. Алайда, дүниеқоңыздық десек пе екен, әлде адамдардың пиғылы өзгерді ме, әйтеуір кішілері үлкен деп оған жол бермеді. Үйді сатқан соң ақшаның бір бөлігіне оған бір бөлмелі шағын баспана әперетін болып даурығысты. Оған үлкені көне қоймады, үй құжаты соның қолында еді. Ақыры бәрі өзара пәтуаға келмей тарқасты. Содан бері бастары бір қосылған емес. Сол кезде мен мұны қыздардың кезінде қазақы тәрбие көрмей өскендерінен деп ойлағанмын. Сол төртеудің бірі түрікке, екіншісі әзірбайжанға күйеуге тиген. Ана тілінде сөйлескендерін өмірі көрген емеспін. Осы жәйт есіме түсті де, көлік тізгіндеп отырған жігіттен әпкелерінің қандай мектепте білім алғандарын сұрадым. «Қазақ тілінде оқыды, орыс тіліне шорқақ» деді ол. Демек, мәселе тілде емес, ділде, тәрбиеде болғаны да.
Әдетте, қазақта қара шаңырақты киелі деп жатады. Өйткені, ол әкеден қалған мұра. Көбінесе қара шаңыраққа отбасыдағы кенже ұл ие болады. Ал, сол шаңырақтан енші алып, отау тігіп бөлек шыққан ұл-қыздары сәлем беріп, төркіндеп келетін болған. Ата салтын, дәстүрін құрметтейтіндер мұны жақсы біледі.
«Шаңыраққа ие болып қалатын, ұлдың аты ұл ғой шіркін, қашан да» дегендей, шыққан қыз шиден тысқары деп жатады атам қазақ. Олар барған жерінің шаңырағын шайқалтпай, ұйытқысына айналуы тиіс. Ата-анасы балаға тәлім-тәрбие бергенде осының бәрін ұғындырады. Бірлігі жарасқан отбасыда дүниеге келген ұл-қыздар ешуақытта ата салтынан, дәстүрінен ауытқып кетпесі анық. Жастар болса бір сәрі, көпті көрген, өмірден түйген тәжірибелері мол, ұрпақ өрбітіп, қызығына кенеліп отырған жандардың қара шаңыраққа таласқаны нені білдіреді? Ашкөздік пе, пайдакүнемдік пе, соны түсіне алмай-ақ қойдым...

 М.ОСПАНОВА. Шымкент қаласы.
Пікір қалдырыңыз