Кешірім деген ұлы күш!

Жасым тоқсанға таяп қалды. Бақытты аналардың бірімін. Алланың берген ұл-қызын өмірге әкелдім. Қазір ененің енесі болып, немере келіндер жұмсап отырған жайым бар.
Әрине, өмір болған соң әркімнің тағдыры әртүрлі болады. Мен қайнаға, абысынның қолына келін болып түстім. Екі жылдай бірге тұрдық. Ата-енеміз жеке тұрады екен. Енеміз жастау болды. Ол жолдасымның кейінгі анасы екен. Алғашқыда қиындау болды. Ол кісі мені біраз әуре-сарсаңға салды, жолдасым үшін бәріне көндім. Анам жарықтық «қызым, бір үйде екі әйел болса, біреуі кешірімді болуы керек. Сонда ол үйде ынтымақ-береке болады. Сен кішірейіп енеңді сыйлай бер. Одан кем болмайсың. Келешекте сен де ана боласың, сыйластығың алдыңа келеді» деп басу айтып отыратын. Мен солай істедім. Кей кездерде жоқ жерден ұрыс шығып кетеді. Сол кезде мен далаға шығып тірлігімді істей жүріп, самаурын қоямын. Дастарқан жайып, самаурынның шайын алдына қойып:
– Апа, маған ұрсамын деп шаршап қалған шығарсыз, шәй ішіңіз, –  деймін.  
Сол кезде енем:
– О, әдіре қалғыр, – деп күліп жіберіп, қасыма келіп отыратын. 
Бір күні «апа, отырыңызшы, бір нәрсе айтайын» дедім. «Осы ұрыстың керегі не? Сіз менің туған анам болып ұрсыңыз. Мен қызыңыз болып өкпелеп қоя салайын. Бірақ, даусыңыз сыртқа шықпасыншы. Сіз не айтсаңыз да мен орындаймын. Қазіргі заманда бір адамды бір адамға қосатын адам аз, ал, ажырататын адам көп. Сондықтан тату болайық» дедім. 
Осы әңгімеден соң тату-тәтті тұрдық. Менен үлкен, бөлек тұратын екі келіні бар еді, ол кісілер маған «қалай бағындырып алдың?» деп күлетін. Мен бәрі сыйластықтан дейтінмін. Сөйтіп жүргенде атам ауырып, орнынан тұра алмай қалды. Артынша енем де құлады.  Атам екеуін екі жыл қарадым. Төрт жылдан кейін атам өмірден озды. Енем тағы алты жыл төсекте жатты. Қатты қиналдым. «Тас түскен жеріне ауыр». Басқалардың менімен шаруасы болған жоқ. Жұмысты да істедім, балаларыма да қарадым. Алладан сұрайтыным, мен көрген қиындықты  келіндерім мен қыздарым көрмесе екен деген тілек болды. 
Ұл-қыздарым өсіп, біреуі оқуда, біреу әскери міндетін өтеп жатты. Балалар үйленіп, қыздар тұрмысқа шықты. Алғашқыда екі келін  бірге тұрды. Әрине, «кісі есігі тоң есік» дегендей, оларға да қиындау болды. Екеуі бір-біріне үйренісе алмай жүрді. Мен  «осылар күліп жүрсе екен, тату болса екен» деп отыратынмын. Үлкен келін орысшалау, қаланың қызы еді. Оңашада оған «сен үлкенсің, кешірімді бол, анау-мынауларды ұмыта сал» дейтінмін. Ал, кіші келінге «сен өзіміздің ауылдың қызысың ғой, бәрін білесің әрі жолың кіші, анау-мынауды елемей, тірлігіңді істеп жүре бер, жаным» деймін. Кейіндеу тағы үш келін түсті. Олар да бізбен екі жыл бірге тұрды. Бір жаққа қыдырып кетсем «қалай жүр екен, ұрысып қалған жоқ па?» деп келгенше жаным тынбайтын. Алдымнан үшеуі күліп шықса қуанып беттерінен сүйіп, «балапандарым менің!» деп риза боламын. Анаға бұдан  үлкен бақыт бар ма?! 
Қыздар өсті. Олар да өз теңдерін тауып, кете бастады. Үлкен қызым Алматыда оқып жүріп Ақтауға тұрмысқа шықты. Қатты уайымдадым. Адай деген елді қатал деп еститін едім. Бес-алты күннен кейін хабаршыға мұрттары тікірейген, өздері едіреңдеп тұрған екі жігіт келді, мән-жайды естіп, жүрегім орнына түсті. 
Қыз – жатжұрттық. Олардың енді өз енелері бар. Ене келіндерін өз қыздарынан кем көрмеуі керек. Бес балам бес келін әкелді. Бесеуі – бес елдің қызы. Бес түрлі мінез. Бес түрлі тәрбие. Халқымыз «келініңді қызыңдай көр, қызың да келін болар, күйеу балаңды ұлыңдай көр, ұлың да күйеу бала болар» демей ме?! Келін жаңа түскенде үйренісе алмай жүреді, өз шаңырағын сағынады. Осыны біліп, әрбір ене оған қамқор бола білуі керек. Оларды өз қыздарымдай көрдім. Жіберген қателіктерін кешіріп отырдым, олар да мені сыйлады. Қазір олар өз алдарына шаңырақ көтерді, бөлек тұрады. Әр келгендерінде сыйлықтарын әкеледі. Қазір олардың да келіндері бар. Олар «мен сендерге қалай қарасам, сендер де келіндеріңе солай қараңдар. Олар сендердің қыздарың, енді анасы сендерсіңдер» деп айтып отырамын. 
Қазір кенже ұлыммен тұрамын. Кенже ұлым да келінді болды. Немере келінім маған қарайды. Мен шөберемнің бесігін тербетіп отырамын. Келіндеріме ризамын, оларға рахметімді айтып, Алланың нұры жаусын деймін. 
Жас келін! «Ана көрген тон пішер» деген. Аналарыңнан алған жақсы тәрбие-үлгіні түскен отбасыңа көрсете біл! Әрбір қыз барған жеріне сіңісіп кету керек. Сонда ғана отбасыда ынтымақ, береке болады. Жарыңның ата-анасын сыйла. Бұған жарың да риза болады. Екеуің тату болсаңдар төбедегіге қолдарың жетеді. 

Гүлжахан БӘЛШЕНҚЫЗЫ,
еңбек және тыл ардагері, 
«Алтын алқа» иегері. Созақ ауданы.

Пікір қалдырыңыз