Суданда қарулы қақтығыс...

Қазіргі таңда әлем назарын өзіне ерекше аударып отырған «ыстық нүктелердің» бірі – Судандағы қарулы қақтығыс. 
Судан – Шығыс Африкадағы ірі мемлекеттердің бірі. Тарихқа үңілсек, 1820 жылы Суданды Египет басып алады, сөйтіп ол Египеттің провинциясына айналады. Ал, ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап, Суданда Ұлыбританияның ықпалының күшеюіне байланысты, ол Англия – Египет кондоминиумына өтті. 1899 жылы 19 қаңтарда Ұлыбритания мен Египет Суданды (Англия – Египет кондоминиумы) бірлесіп басқару туралы келісімге қол қояды. Жоғарғы буын шенеуніктерін ағылшындар құраса, орта буын шенеуніктерді мысырлықтар құрады. Осы кезден, шын мәнінде Судан Ұлыбританияның колониясына айналды. Колонизаторларды, ең алдымен, әрине, алтын, піл сүйегі және құлдар қызықтыратын. Бірінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін британдық отарлаушылар Суданды мақта өндіретін елге айналдыру бағытын ұстанды. Нәтижесінде Суданда ұлттық буржуазия қалыптаса бастады. 1921 жылы елде алғашқы саяси ұйым – «Біріккен тайпалардың Судан қоғамы» құрылады, оның негізін  офицер, динка тайпасынан шыққан Али Абд әл-Латиф қалаған. Бұл ұйым – елдің тәуелсіздігі үшін күресті бастаған, судандықтарды қарулы көтеріліске шақырған манифест шығарған алғашқы саяси ұйым. 
Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Судан Африкадағы британдық әуе күштерінің маңызды базасына айналды. Жергілікті тұрғындардан құралған әскери бөлімдер Эритрея, Египет, Ливия, Тунистегі шайқастарға қатысты. Соғысқа қатысу Суданға оң әсер етті: ұлттық өнеркәсіп өсті, саяси өмір жанданды, саяси партиялар мен кәсіподақтар пайда болды, тәуелсіздікке деген ұмтылыс күшейді.
1951 жылы 15 қазанда Египет парламенті 1936 жылғы ағылшын-египет шартын және 1899 жылғы ағылшын-египет келісімін бұзу туралы заңды мақұлдайды және Египет королі Фарук Египет пен Суданның королі болып жарияланады. 1952 жылғы елдегі шілде төңкерісінен кейін Египет Судан халқының өзін-өзі анықтау құқығын мойындады. 1953 жылы қарашада Судан парламентіне сайлау өтеді. Ал, 1954 жылы елде өзін-өзі басқарудың өтпелі үкіметі құрылды. 1955 жылы тамызда Судан парламенті кондоминиумды біржола тоқтату туралы шешім қабылдап, осы жылы ағылшын және египет әскерлері Суданнан шығарылады. 

Ең үлкен мемлекет осылай бөлінді...

Дегенмен, Суданның отарлық кезеңдегі шекаралары жасанды түрде жүргізіліп, елдің этноконфессиялық айырмашылықтары ескерілмеді. Ал, бұл іс жүзінде бітпейтін азаматтық соғысқа әкелді. Өйткені, араб мұсылмандары негізінен солтүстік Суданға, ал, негроид тайпалары оңтүстік Суданға қоныстанған еді. Ұлыбритания Египеттің оңтүстік Суданға исламдық және арабтық ықпалын шектеуге тырысып, өз колониясының солтүстік және оңтүстік бөліктерін бөлек басқаруды енгізді, сонымен қатар олар үшін бөлек даму бағдарламаларын құрды. Мұндай саясат солтүстік пен оңтүстік арасындағы айтарлықтай теңсіздікке әкелді және өткен ғасырдың 40-шы жылдарының соңында Хартумның қысымымен отаршыл билік оңтүстік аймақтарды солтүстікке қосты. Оңтүстікті мәжбүрлі исламдандыру  басталды, бұл тайпалардың қатты наразылығын тудырып, азаматтық соғыстың басталуына алып келді. Ол 1956 жылдан 2004 жыл аралығында қысқа үзілістермен жүріп, 2 миллионға жуық судандықтың өмірін қиды және 4 миллиондай халық атамекендерін тастап, қауіпсіз жерлерге көшуге мәжбүр болды. 
2011 жылы қақтығыстардан зардап шеккен ел ақыры екіге бөлінеді. Осылайша, бұрын Африка құрлығында ауданы бойынша ең үлкен мемлекет болған Судан елі екі тәуелсіз мемлекетке – Судан Республикасы мен Оңтүстік Судан Республикасына бөлінді. 

Төңкеріс неге әкелді?
 
2018 жылы желтоқсанда өмір суру құнының күрт өсуіне байланысты Судан республикасында наразылық басталып, оның аяғы ел президенті Омар әл-Баширдің отставкаға кетуін талап ету ұранына ауысты. Нәтижесінде, Суданды ұзақ уақыт басқарған президент Омар әл-Башир 2019 жылы 11 сәуірде әскери төңкеріс арқылы құлатылып, әскери және азаматтық көшбасшылар арасындағы билікті бөлу туралы келісім негізінде өтпелі азаматтық үкімет құрылады. Осыдан соң елде демократиялық қайта құруларды ілгерілету процестері басталады, алайда, ол ұзаққа созылмайды. Жаңа үкімет  басына Абдель Фатах әл-Бурхан отырды, ол жаңа құрылған Өтпелі әскери кеңесті (кейін Егемендік кеңес аталды) басқарды. Алайда, осы жылдың 25 қазанында үкіметтің әскери және азаматтық өкілдері арасындағы қақтығыс нәтижесінде генерал Бурхан мемлекеттік төңкеріс жасап, жаңа Өтпелі егемендік кеңесте армияның толық үстемдігін орнатады. Премьер-министр Абдалла Хамдук уақытша қамауға алынды, кейін тағы екі ай қызметінде қалып, сосын отставкаға кетеді. Осы төңкерістен кейін ел билігі толық әскери хунта (Суданның Өтпелі егемендік кеңесі) қолына өтеді. 
Судан қарулы күштерінің қолбасшысы Абдель Фаттах әл-Бурхан мен Жедел әрекет ету күштерінің қолбасшысы Мұхамед Хамдан Дагло президентке қастандық жасаушылардың жетекшілері болған еді. Хунтаны басқарған әл-Бурхан бар билікті өз қолына шоғырландырғандықтан, кейін Мұхамед Хамдан Дагло төңкеріс жайында өкінішін білдірді. Хамидти деген атпен танымал болған ол әл-Башир тұсында және одан кейінгі билікте күшті позицияға ие еді. Қарапайым түйекеш отбасынан шыққан Хамидти 2013 жылы Дарфурдағы қақтығыс кезінде жазалау операцияларымен аты шыққан «Джанджавид» жасақтарының негізінде құрылған Жедел әрекет ету күштерін басқарды.

Биыл елде гуманитарлық дағдарыс орын алды

Осы сәуір айының басында хунта және 50-ден астам азаматтық ұйым мен топтардың өкілдері арасында келісімге қол қою кейінге қалдырылды. Келісім елде өтпелі азаматтық билікті құруды көздеді және оппозициялық «Бостандық пен өзгеріс күштері» альянсының жетекшілері қол қойған құжат өтпелі кезеңнің мерзімдерін белгілеген. Содан кейін сайлау өтуі керек еді. Қол қоюдың кейінге қалдырылу себебі Жедел әрекет ету күштерінің Қарулы күштер құрамына кірігуін келісу қажеттілігінен туындады. Өйткені, армия мен Дагло әскерлері арасында болашақ қауіпсіздік құрылымы мен оны жасақтау принциптері туралы алауыздық басталды. Атап айтқанда, Қарулы Күштерді кім басқаруы керек, кәсіби әскери ме немесе азаматтық көшбасшы ма деген сұрақ туындады. Нәтижесінде, 11 сәуірден бастап Жедел әрекет ету күштерінің отрядтары Мерове қаласының маңында, сондай-ақ Хартумда орналастырыла бастады. Билік оларға кетуге бұйрық бергенімен, олар бұйрыққа бағынудан бас тартты. 13 сәуірде Жедел әрекет ету күштері мобилизациялауды бастады. Бұл хунтаға қарсы көтеріліс болуы мүмкін деген алаңдаушылықты туғызды. Сондықтан, Судан билігі мобилизацияның заңсыз екенін мәлімдеді. Дагло өз ұстанымын дәлелдей отырып, әл-Бурханды әл-Баширді билікке қайтаруға тырысты деп айыптайды. Ал, Судан армиясы, өз кезегінде, Жедел әрекет ету күштерін елге қарсы «сатқындық жоспары» үшін айыптап, ұйымның таратылатынын мәлімдеді. Оған жауап ретінде 2023 жылдың 15 сәуірінде Жедел әрекет ету күштері бүкіл елдегі, оның ішінде ел астанасы Хартумдағы көптеген Судан армиясының базаларына шабуыл жасайды. Жедел әрекет ету күштері президенттік сарайдың, Хартумдағы халықаралық әуежайдың басып алынғандығы туралы жариялады. Судан армиясы өз кезегінде  елдегі барлық әуежайлардың жабылғаны туралы хабарлайды және Суданның әуе күштері Хартумдағы Жедел әрекет ету күштерінің позицияларына әуе шабуылдарын бастайды. Осылайша, елдегі ең күшті екі қарулы топ: Судан армиясының қолбасшысы және Өтпелі егемендік кеңесінің басшысы генерал Абдель Фаттах әл-Бурхан мен кеңес басшысының орынбасары Мұхамед Хамдан Дагло басқаратын Жедел әрекет ету күштері арасындағы қарулы қақтығыс Суданның басқа бөліктеріне тез тарап, елді тағы соғыс жағдайына әкелді.
Онсыз да ауыр экономикалық жағдайдан, қауымаралық қақтығыстардан зардап шегіп отырған бейбіт халық үшін бұл қақтығыстың салдары ауыр болып отыр. Судандағы шайқас екінші ай жалғасуда. Босқындар көрші елдерге ағылды, аймақта нағыз гуманитарлық дағдарыс орын алды. Төтенше жағдайлар жөніндегі үйлестіруші Мартин Гриффитс мәлімдемесінде «бұл қақтығыс Судан тұрғындарына қатты соққы болып тиді, олар онсыз да ауыр гуманитарлық жағдайда отыр еді. Гуманитарлық ұйымдар оларға көмектесуге бел буып отыр» деп атап өтті. 
Катардың «әл-Жазира» телеарнасының хабарлауынша, 20 мамырда  Судандағы қарулы қақтығыс тараптарының делегациялары Сауд Арабиясының Жидда қаласында сенбіден бастап бір аптаға атысты тоқтату туралы екінші келісімге қол қойды және оның мерзімі ұзартылуы мүмкін. Сөз соңында айтарымыз, қазіргідей жағдайда саяси келіссөздерге оралу халықтың қайғы-қасіретін жеңілдетіп, соғыстың аяқталуына себі тиер еді. 

Г.СЫЗДЫҚОВА, 
философия ғылымдарының кандидаты, ОҚМПУ-нің доценті.

Пікір қалдырыңыз