СОЗАҚТЫҢ ҚЫРАН ҰШҚЫШЫ

«...Мәскеу. 1942 жыл, қараша…
Мен алыс қашықтыққа ұшатын авиацияның штабына келдім. Курсанттық өмір артта қалды. Ақырында, майданға баратын арманымыз орындалатын болды...
...Қазан вокзалында қызыләскерлер мен командирлер билет сататын кассалар мен күту залдарына жиналды. Кейбіреулер ұзын орындықтарда ұйықтап жатыр. Басқалары еденде жатып, басына әскери қапшықты жастанып алған. Қастарынан өтіп жатқан вокзал кезекшілері күңкілдесе де ешкім оянар емес. 
...Менің қасымда жиырма жасар бала Вася Кошелев отырды. Оның қалың қасының астынан үлкен көк көздері көрінеді. Дастарқан басына томпақ, қара көз қазақ жігіті Құрал Рүстемов келді. Ол Кошелевпен құрдас екен. Бір купеде бізбен бірге келе жатқан үшінші жолаушы – ақшыл шашты Миша Сысуев. Жасы жағынан ол бәрінен жас, он тоғызда екен. Миша бізге мейірбан көк көздерімен қарап, чемоданынан жарты бөлке нан алып, тең бөліп үлестіріп берді:
– Жігіттер, тамақ жеп алыңдар, енді біз майдандас жауынгерміз – деді.
Василий төрт кесе қайнаған су әкелді, Құрал үстелге екі кептірілген балықты қойды, мен достарыма қант ұсындым.
Біз бір-бірімізбен жақсы танысып алдық. Кошелев чекист майордың ұлы. Рүстемов шымкенттік егіншілер отбасынан шыққан, он екі жасынан бастап балалар үйінде тәрбиеленіпті. Сысуев – Мордовияның Посоп селосының колхозшысы. Барлығының орта білімі бар. Үш ұшқыш және бір штурман. Олар түннің бір уағына дейін сөйлесті. Соғыстың қалай басталғанын еске алды, соңғы курсанттық өмірінен түрлі оқиғаларды айтып отырды. Ақыры бір-біріне сүйенген Кошелев пен Сысуев ұйықтап қалды. Құрал да көп ұзамай ұйқыға кетті...».
Осылай басталатын «Ержүрек ерлер» (Черешнев Александр Иванович. Люди мужества Москва: Воениздат, 1971) деп аталатын Александр Черешневтің 100 мың таралыммен шыққан кітабы қолыма түсті. Ол кітапта 1922 жылы Түркістан облысы (бұрынғы Шымкент облысы), Созақ ауданы, Қозмолдақ ауылында дүниеге келген ұшқыш, экипаж командирі, гвардия лейтенанты Құрал Рүстемовтің ерлігі жайлы кеңінен баяндалады. Черешнев айтып отырғандай, Құрал Рүстемов Түркістан облысы (бұрынғы Шымкент), Созақ ауданында дүниеге келгенімен, 1933 жылдан бастап, Түркістан қаласындағы №14 балалар үйінде тәрбиеленген. Балалар үйінде тәрбиленгенімен Құрал Рүстемов атадан жалғыз емес екен. Рүстем атадан Жаку, Құрал, Нақып, Зейнегүл, Зебергүл, Жақып, Жарылқап деген ұрпағы тараған. Кейін Құрал Рүстемов Алматыдағы әл-Фараби атындағы (бұрынғы Киров) Қазақ Ұлттық университетінің 3 айлық даярлық курсын бітіреді. Азаматтық әуе флоты мектебін тәмамдағаннан кейін Өзбекстанның Жызақ қаласындағы аэроклубқа мүше болып қабылданады. 1941 жылы 20 жастағы Құрал Рүстемов Ресейдің Тамбов қаласындағы әскери әуе күштері ұшқыштарын даярлайтын училищені жеделдетіп оқып, соғысқа аттанады. Демек, «Ержүрек ерлер» кітабының жазуы бойынша Құрал Рүстемов майданға 1942 жылы қыркүйек айында кірген. Мұны біз Қ.Рүстемовке берілген «Қызыл Ту» орденінің марапаттау қағазынан да көре аламыз.    
«Ержүрек ерлер» кітабының авторы соғыс жылдары ауыр бомбалаушы ұшақтың штурманы болған Черешнев Александр Иванович деген орыс азаматы. Ол өзінің қанатты алыбымен Кавказ бен Қырымның тау жоталарын, Брянск облысының ормандары мен Еділ жағалауларын және жау тылдары арқылы талай қиын жолдарды жүріп өткенін айтады. Кітапта нағыз батыл ерлер – ұшқыштар мен штурмандар, фашистік Германияны жеңу ісіне лайықты үлес қосқан саяси қызметкерлер мен техниктердің ерліктері жайлы жылы әрі сүйіспеншілікпен баяндалады. Кітап авторының майдандас досы Құрал Рүстемовпен етене жақын араласқанын сөз саптауынан аңғаруға болады. Бұл кітаптан басқа да Құрал Рүстемов туралы мәліметтер интернетте баршылық. 
Черешневтің кітабында созақтық ұшқыш Құрал Рүстемов туралы тағы не жазылған екен деген қызығушылығым арта түсті. Кітапты қайта парақтап, Құрал Рүстемов туралы айтылған тұстарын қазақшаға аударуға кірістім.
Кітаптың «Мектептен майданға» деп аталатын тарауында 20 жасында майданға аттанған Құрал Рүстемовтің ә дегеннен-ақ ерлік көрсеткенін байқаймыз. Осы тараудағы мына жолдарға назар аударайықшы: 
«1942 жылдың қыркүйегінен бастап біздің полк Сталинград ауданында әрекет жасай бастады...
...Таңертең жеке құрамды жасақтау кезінде майор Кацюржинский бізді әріптестерімен таныстырды. Содан кейін ол полк командирінің Кошелев Василий Павловичті, Сысуев Михаил Петрович пен Рүстемов Құрал Рүстемовичті екінші ұшқыш, ал, мені ТБ-3 ауыр бомбалаушы ұшағына штурман етіп алу туралы бұйрығын оқып берді. Кошелев екеуміз капитан Трушкин Афанасий Николаевичтің отрядына түстік...».
Бұл тараудан біз Құрал Рүстемовтің майор Кацюржинский басшылық ететін 62-ші ұзақ мерзімді авиация дивизиясының 325-бомбалаушы авиациялық полкінде қызмет еткенін көреміз. 1942 жылдың қыркүйегінен бастап дивизия Мичурин әуе торабының аэродромдарында орналасып, жаумен Сталинград және Дон майдандарында шайқасқан. Демек, Құрал Рүстемов те 1942 жылғы қыркүйек айынан бастап экипаж құрамында екінші ұшқыш ретінде майданға кіргенін байқаймыз. 
Ал, кітаптың «Брянск партизандары» деп аталатын тарауында Құрал Рүстемовтің кескілескен шайқастың ортасында жүргені баяндалады: 
«...Днепрге оралғанымызда оның оң жағалауында қиян-кескі ұрыс өрбіді. Совет әскерлерінің десанттық тобы Шығыс майданда фашистік бөлімшелердің тас-талқанын шығарды. Немістер советтік десантшыларға қызмет көрсетіп отырған бірнеше ауылды өртеп жіберді, бірақ, ержүрек жауынгерлер жауға автоматтан оқ жаудырып, барынша шайқасты....
...Майданды әскери жүкпен қамтамасыз ету жұмысын аяқтаған подполковник Афонин экипаждарға тапсырмаларды тамаша орындағандықтары үшін алғысын білдірді. Рүстемовке, Кошелевке, Сысуевке және маған «лейтенант» шенін мерзімінен бұрын берді...».
1943 жылы қыркүйек айында Днепр өзенінің бойында асқан ерлік көрсеткені үшін Құрал Рүстемовке «лейтенант» шені мерзімінен бұрын берілгенін осы жолдардан оқуға болады. Кітаптың «Ленинград майданында» деген тарауында Құрал Рүстемовтің Ленинград үшін шайқаста да ерлік жасағаны жазылады. Лейтенант Құрал Рүстемов енді жауынгерлік тапсырмаларды экипаж командирі ретінде орындай бастаған.
1944 жылы ақпан айында Қ.Рүстемовке «Қызыл Ту» ордені берілген болуы керек. Өйткені, Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің Орталық архивінде (ЦА МО РФ) сақтаулы тұрған Құрал Рүстемовті «Қызыл Ту» орденімен марапаттау қағазында құнды мәліметтер бар. Мұнда майданға кіргеннен бастап жасаған бүкіл ерліктері рет-ретімен жазылған. Құрметті оқырман, мұны өзіңіз оқып, көз жеткізгеніңіз жөн:  
«Лейтенант Құрал Рүстемов 1942 жылдың қыркүйегінен бастап Қызыл Армия қатарында белсенді қызмет атқарды. Соңғы кездері ол неміс басқыншыларын талқандау үшін штурман лейтенант ПЕТРЕНКО, борт инженер лейтенант ХОЛОДОВ, әуедегі атқыш, радист, сержант КУРБАТОВ, әуедегі мерген, аға сержант МАКСИМЕНКО бар экипаждың құрамында ұшып жүр. 1944 жылдың ақпан айынан бастап Құрал Рүстемов әуе кемесінің командирі ретінде жауынгерлік тапсырмаларды орындайды.
Отан соғысы жылдарында ТБ-3 және ЛИ-2 ұшақтарында түнде 67 рет ұшып, оның 48-ін Қ.Рүстемовтің экипажы сәтті орындады.
Брянск облысындағы 1 және 2 теміржол тораптарына, Карачев, Орел қалаларына; Сеща, Олсуфьево, Полтава аэродромдарына мықтап бекінген жау нысандарына шабуыл жасады. Кіші лейтенант РҮСТЕМОВ ұшқан экипаж осы мақсаттағы барлық тапсырманы сәтті орындады.
Ленинград майданындағы қоршауды бұзу үшін Красное селосы, Ропша, Сиверская пункттерінде жаудың адам күші мен техникасын жою үшін ол 11 рет әуеге көтерілді.
1944 жылы ақпанда Финляндияның әскери-өнеркәсіптік нысандарын бомбалау үшін түнде 6 рет әуеге көтерілді, оның ішінде Хельсинки қаласына 4 рет, Котка қаласына 1 рет және Турку қаласына 1 рет ұшып шықты.
1944 жылы 26 ақпаннан 27 ақпанға қараған түні Хельсинкиге 2 рет ұшып шықты. Қарсыластың күшті әуе қорғанысына қарамастан ержүрек ұшқыш өзінің бомбалаушы ұшағымен нысананы белгіленген уақытта дәл бомбалады. Осы екі рейсте тасталған бомбалардан нысанда екі алапат өрт шығып, оны экипаж мүшелері растады.
Ол ұшқыш мамандығы бойынша тиянақты дайындықтан өткен. TБ-3 және Ли-2 ұшақтарының техникалық бөлігін сауатты меңгерген және олармен талапқа сай жұмыс істей алады». 
Кітаптың ең басты тарауы «Өте маңызды тапсырма» деп аталады. Ол тараудың үшінші бөлімі былай басталады: 
«...1944 жылдың қазан айының қара түндерінің бірінде экипаж командирі, майдандас досым, лейтенант Рүстемов Құрал Рүстемұлы басқарған ұшақтың экипажы түгел опат болды.
Тапсырманы орындап болған Рүстемов «Три Дуба» аэродромынан ұшты. Зволен ауданында 800 метр биіктікте оның көлігіне жаудың атқылаушы ұшақтары шабуыл жасады. Жылдамдық пен маневрдегі артықшылықты пайдаланып, фашистік ұшақ Рүстемовтің Ли-2 ұшағына бір жағынан, бірде екінші жағынан атқылаған. Бірақ, біздің әуе атқыштарымыз «Мессершмиттің» шабуылдарын жеңді. Содан кейін жау алға шықты. Құрал Рүстемов жарықты қосты. Кенеттен пайда болған жарықтың жарқыраған сәулелері фашистерді соқыр етіп, олар ғайып болды.
Зақымдаған әуе кемесін басқару мүмкін болмады, командир Рүстемов шұғыл қонуға шешім қабылдады. Брезно қаласына таяу жерде Ли-2 ұшағы ұшқыштардың еркіне бағынбай, өрт-жалынға оранды...».
Экипаж командирі, гвардия лейтенанты Құрал Рүстемов басқаратын Ли-2 ұшағы осылай апатқа ұшырады. Созақтың даласында туып, Еуропа жерінде жантәсілім еткен Құрал Рүстемовтің соңғы минуттардағы жанталасқан әрекетін мына кітаптан айқын көруге болады. Кітап авторы Александр Черешнев соғыс аяқталғаннан кейін Құрал Рүстемов қайтыс болған бейіттің басына ескерткіш-тақта қойылғанын былай деп еске алады:    
«...Көп жылдар өткен соң Брезно қаласынан хат алдым. Онда командир, гвардия лейтенанты Құрал Рүстемов экипажының бейітіне ескерткіш-тақта орнатылғаны, онда ұшқыштардың аты-жөндері мен мынадай мәтін жазылған екен: 
«1944 жылы 16 қазанда Брезно қаласының маңында опат болған КСРО батырларына мәңгілік құрмет. 
Гвардия лейтенанты Рүстемов Құрал Рүстемұлы, аға сержант Беседа Дмитрий Иванович, Гвардия старшинасы Шкуркин Василий Дмитриевич. 
...Сіздер, асылдарым, бізге қымбат Отан-Ананы қайтарып бердіңдер,  
Біз сіздердің қабірлеріңізге келіп, басымызды иеміз, 
«Мәңгі есіміздесің» деп тек сыбырлап қана айтады, 
Тірі жандар туған жерімізде опат болғандарға.
Ю.Есенски». 
Құрал Рүстемовтің ұшағы 1944 жылы қазанның 16-сынан 17-не қараған түні апатқа ұшыраған. Қабір басындағы ескерткіш тақтайшадағы жазбаға қарап, Словакияның Брезно қаласында апатқа ұшыраған гвардия лейтенанты Құрал Рүстемов басқарған ұшақтың экипажында аға сержант Дмитрий Беседа, гвардия старшинасы Василий Шкуркин болғанын көреміз.
Біз де интернеттен іздестіріп, гвардия лейтенанты Құрал Рүстемов жатқан Брезно қаласындағы бейіттің орнын анықтадық (Орналасқан жері: Брезно (Словакия), Školská 52, Nový cintorín, бейітке кіргеннен кейінгі тура жолдың сол жағындағы үшінші қорым).
Құрметті оқырман!
Биыл туғанына 100 жыл толып отырған ұшқыш Құрал Рүстемовтің өмірі мен ерлігі жайлы мақаламызға айғақтайтын мәліметтерді әдейі келтіріп отырмыз. Құрал Рүстемовтің туған жылы марапаттау қағазында «1921 жыл» деп көрсетілгенмен, елдегі ағайындары «1922 жылы» туғанын растады. Құрал Рүстемовтің 100 жылдығы былтыр тойлануы керек еді. Алайда, елде жаппай тараған індетке байланысты карантин жарияланып, 
100 жылдық мерейтойы кейінге қалдырылған еді. Биыл 5 мамыр күні Түркістан облысы, Созақ ауданы, Сызған ауылында ұшқыш Құрал Рүстемовтің 100 жылдығына арналып, мәдени-
спорттық шаралар өтті. Іс-шара соңында батырдың рухына Құран 
бағыштады. 

Жылбек СЕНБЕКҰЛЫ,
Абай атындағы ҰПУ-дің аға оқытушысы.
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. 
Пікір қалдырыңыз