Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші «Орталық Азия – Қытай» саммитіне қатысты

Мемлекет басшысы өз сөзінде алғашқы «Орталық Азия – Қытай» саммиті  – өте маңызды тарихи оқиға екенін атап өтті. Президент іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастырғаны және дәстүрлі қонақжайлығы үшін Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинге алғыс айтты.
Ол бүгінде Қытай әлемдік держава ретіндегі өзінің мәртебесін нығайтып келе жатқанын және жаһандық тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісінде маңызды рөл атқаратынын, экономикалық және технологиялық дамудың қозғаушы күші екенін атап өтті.

– Қытай – әлемдегі ірі инвестор және жаһандық экономиканың көшін бастап тұрған мемлекеттердің бірі. Сондықтан Қытаймен жан-жақты ынтымақтастықты нығайту Қазақстанның орнықты дамуына мүмкіндік береді. Орталық Азия елдерінің әлеуетін Қытайдың орасан зор экономикалық қуатымен ұштастыру біздің көп қырлы серіктeстігімізге тың серпін береді. Қазақстан осы мақсатқа жету үшін бар күш-жігерін жұмсауға дайын. Қазіргі таңда елімізде ұлттық экономикамызды әртараптандыру үшін ауқымды әрі жан-жақты реформа жүргізіп жатырмыз. Шетел инвесторларына қолайлы жағдай жасауға және кедергілерді жоюға бағытталған жұмыстар атқарылып жатыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы тәуелсіздік жылдарында елімізге 350 миллиард доллардан астам инвестиция тартылғанын айтты. Соның 23 миллиард доллардан астамы – Қытайдың еншісінде. Президент Қытаймен инвестиция саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға әзір екенін жеткізді.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы аймақтағы ел басшыларының бірлескен күш-жігерін талап ететін ынтымақтастықтың басым бағыттарын айқындады. Ең алдымен, тауар айналымының көлемін арттыру мәселесі қозғалды.
Президент көлік-логистика инфрақұрылымын дамытуды тағы бір басым бағыт деп санайды. Оның айтуынша, осыдан он жыл бұрын Астанада Төраға Си Цзиньпин «Бір белдеу – бір жол» мегажобасының тұжырымдамасын жария етті. Содан бері бұл бастаманың тиімділігіне және қажеттігіне бүкіл әлем көз жеткізді.
Президент энергетика саласында, соның ішінде мұнай-газ секторындағы қарым-қатынасты дамытуға мол мүмкіндік бар деп есептейді. Қазақстан мұнай экспортын көбейтуге мүдделі. Сол үшін «Қазақстан – Қытай» мұнай құбырының тасымал мүмкіндігін арттыруды жоспарлап отыр.
Сонымен қатар, Президент ауыл шаруашылығы саласындағы ықпалдастықты дамыту маңызды екеніне тоқталды. Қазақстан агроөнеркәсіп өнімдерінің экспортын арттыруға және оның түрлерін көбейтуге мүдделі.
Мемлекет басшысы трансшекаралық су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесін ынтымақтастықтың келесі басым бағыт ретінде атап өтті. Президент Орталық Азия елдерінің тұщы су тапшылығына ұшырау қаупі жоғары деп санайды. Біріккен Ұлттар Ұйымының дерегіне сәйкес, 2050 жылға қарай 5 миллиардтан астам адам ауызсуға мұқтаж болуы мүмкін.
– Климаттың өзгеруіне байланысты біздің аймақтың басты су көзі саналатын мұздықтар да күрт азайып барады. Осы жағдай Орталық Азияның азық-түлік, энергетика және экология қауіпсіздігіне едәуір қатер төндіреді. Сондықтан бірлесіп шұғыл шаралар қабылдауымыз қажет. Су ресурстарын өзара келісіп, ұтымды пайдалану біз үшін өте маңызды. Суды үнемдеп жұмсауға және жер суаруға қатысты тиімді цифрлық тәсілдерді қолданысқа енгізудің орны бөлек. Қытай бұл салада зор табысқа жетті. Сол үшін Қытаймен бірге су шаруашылығы саласына жаңа технология енгізу жоспарын әзірлеуді ұсынамын, – деді Президент.
Мемлекет басшысы мәдениет және білім ынтымақтастығын, сондай-ақ, туризмді дамыту мәселесіне де назар аударды. Оның айтуынша, жеке адамдардың қарым-қатынасы мемлекетаралық байланыстарды нығайтуға септігін тигізері сөзсіз. Осы мақсатта Қазақстан мен Қытай азаматтарының екі ел арасында 30 күнге дейін визасыз жүруіне мүмкіндік беретін үкіметаралық келісімге қол қойылды. Бұл құжат іскерлік байланыс аясын кеңейтіп, туристер легін арттыруға ықпал етеді.
Сонымен қатар, Президент аймақтың қауіпсіздігін және тұрақтылығын қамтамасыз ету басты міндеттің бірі екенін атап өтті. Қытай Халық Республикасы аймақтағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету ісінде маңызды рөл атқарады. Барлық елдің аумақтық тұтастығын және егемендігін сақтауға қатысты Бейжіңнің берік ұстанымы еш өзгерген емес. Сондай-ақ, өзге мемлекеттердің ішкі ісіне араласпау қағидатынан айнымай келеді. Қытайдың осы берік ұстанымы ерекше құрметке лайық.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан көтерген бастамалардың бәрі еліміздің жан-жақты ынтымақтастық пен мызғымас қарым-қатынасты нығайта түсуге ұмтылысын көрсететінін айтты.  Сол себепті тиімді серіктестіктің стратегиялық бағдарын жалғастыра беру маңызды. Сондай-ақ, Президент сөзінің соңында Орталық Азия мен Қытайдың екінші саммитін Қазақстанда өткізуге әзір екенін жеткізді.
Саммите, сондай-ақ, Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан президенті Сердар Бердімұхамедов,  Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев сөз сөйледі.
«Орталық Азия – Қытай» саммитінің қорытындысы бойынша мемлекеттер басшылары Сиань декларациясына қол қойды және бірқатар бастаманы қабылдады. Келесі саммит 2025 жылы Қазақстанда өтеді.
Пікір қалдырыңыз