Алаш арыстары және ұлттық тәрбие

Жас ұрпақтың тәрбиесі қай заман, қай қоғамда болсын, өте өзекті мәселелердің бірі. Себебі, ел ертеңінің жарық, болашағының баянды болуы бірінші кезекте жас ұрпақтың алған тәрбиесіне байланысты. Сондықтан өрендерімізге ұлттық тәрбие беру мәселесі білім беру мекемелерінің алдында тұрған күрделі міндет. Осы тұрғыда ұлттық тәрбие берудің үлгісін салып кеткен Алаш арыстарының мұрасына жиі жүгініп тұрсақ, одан тек ұтар едік деген ойдамын.
Алаштықтар ХХ ғасырдың басында қазақ ғылымының негізін қалады, ұлттық дәстүрді, тарихи сананы жаңғыртты, ұрпақ тәрбиесін жолға қойды. Сондықтан материалдық құндылықтар алға шығып, рухани құндылықтар артта қалған бүгінгідей кезеңде қазақ зиялыларының еңбектерін насихаттауды күн тәртібінен түсірмеуіміз керек. Себебі Алаш ардақтыларының еңбектері жас ұрпақты тәрбиелейтін нақты бағдар.
Ахмет Байтұрсынов: «…Балам деген жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан шықсын! Балам деп бағып, оқытып, адам қылғаннан кейін жұртым деп танымаса, сонда өкпелеу жөн ғой... Баланы ұлша тәрбиелесең, ұл болмақшы. Құлша тәрбиелесең құл болмақшы…» дейді. Әлқисса, тәрбиенің қайнар бұлағы – бұл отбасы, ата-ана. Отбасы тәрбиесі – тәрбиенің анасы. Отбасында жақсы тәрбие алған бала ертең бүкіл қоғамға үлгі болады. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дегенді қазақ тегін айтты дейсіз бе?! Ата мен әже, әке мен шеше тәрбиесін бойына сіңіріп, ұяда көргенін ұшқанда ілетін қабілетін оята алсақ, ол ұрпақ жоғалмайды. Демек, бірінші кезекте отбасы құндылықтарына баса назар аудару керек. Бір ойдан бір ой туындайды, Ахаңның «Баланы ұлша тәрбиелесең, ұл болмақшы. Құлша тәрбиелесең, құл болмақшы» деген сөзін кейбір ата-аналар қате түсінетін сияқты. Атап айтқанда, олар бұл сөзді бар тапқанды баланың аузына тосу деп ұғатын сияқты болып көрінеді. Ал, бұл түбі енжарлыққа, жалқаулыққа апаратын жол. Ұлт ұстазының негізгі ойы – баланы жастай ел ісіне баулып, көңіл көкжиегін кеңейтіп, қажет жерде ақылдасып, бағдар беру арқылы тәрбиелеу. Ел арасындағы «балық берме, қармақ бер» деген мәтел осы ойды қуаттайды.
Міржақып Дулатұлы: «Бастауыш мектепте алған тәрбиесінің әсерлі, күшті, сіңімді болуы қай халықтың мектебінде болса да оқу кітаптары ана тілі мен өз ұлтының тұрмысы һәм табиғаттан жазылып, баяндап оқытудың асыл мақсатына муафик үйретуден, осылай біліп, баяндап оқытқанда балқыған жас баланың ойына, қанына, сүйегіне ұлт рухы сіңісіп, ана тілін анық үйреніп, керекті мағлұмат алып шығады. Мұндай балалар бастауыш мектепті бітіргеннен кейін қай жұрттың мектеп-медресесінде оқыса да, қай жұрттың арасында жүрсе де сүйегіне сіңген ұлт рухы жасымайды. Қандай болса да тіршілігінде қандай ауырлық өзгерістер көрсе де ұлт ұлы болып қалады. Оқудағы мақсат – жалғыз құрғақ білім беру емес, біліммен бірге жақсы тәрбиені қоса беру» дейді «Қирағат кітабында». Өздеріңіз де көріп отырсыздар, Міржақып Дулатовтың ағартушылық қызметінің кредосы – құрғақ білім беру емес, біліммен бірге ата жолымен ұлттық тәрбие беру.
Алаш ардақтылары – қазақ балалары өз ұлтының бай ауыз әдебиетін, тарихын, түп-тамырын біліп өссін деп өздері оқулық жазды. Осылайша, тіл білімі, әдебиет, математика, психология сынды барлық саладағы кемістіктердің орнын толтырды. Олар қазақтың әлемдік өркениетке тек оқумен ғана жететінін жандарымен түсінді.
Әлихан Бөкейханов: «Мал бақ, егін сал, әдіс қыл, амал қыл, шебер бол, мерген бол, еңбекке, білімге жалын...» десе, Ахмет Байтұрсынов «Жастардың оқу-тәрбие жұмысы түзелмей, жұрт ісі түзелмейді», «Жақсы мұғалім мектепке жан кіргізеді, басқа кемшілігі болса, мұғалімнің жақсылығы жабады, біліндірмейді. Мұғалім нашар болса, сайлы мектепте отырып сабақ бере алмайды» дейді. Ахмет Байтұрсыновтың: «Білімнің бас құралы – кітап, Оқу әдебиетті күшейтеді, әдебиет оқуды күшейтеді» деген сөзі арада жүз жыл өтсе де маңызын жоғалтқан жоқ. Соңғы жылдары жастардың кітапқа немқұрайдылығы байқалады. Бүгінгі ұрпақтың дені әлеуметтік желіден бас алмайды. Жастардың өз пікірлерін еркін жеткізе алмауы, сауатсыздық, екі сөздің басын құрай алмайтын орашолақтық сияқты келеңсіздіктердің астарын әлеуметтік желіге деген әсіре әуестенушіліктен іздесек болады.
Қорыта келе айтарымыз, бүгінгі күннің ең өзекті де басты міндеті – ұлттық тәрбиемен ұштасқан білім берудің ұлттық концепциясын жасау болып тұр. Ендеше, еліміздегі білім берудің ұлттық концепциясын жасауда ұлт қайраткері Әлихан Бөкейханның педагогикалық көзқарасы мен пікірі бізге жол көрсететін бағдаршам болуға тиіс!
Қ.ШЕКЕРБЕКОВ,
ОҚМПУ-дің 1-курс докторанты.