«Халық әртісі» деген үлкен атақ, тек қадірін қашырып алмайық

VІІІ сайланған Парламенттің бірінші сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстанның халық әртісі» атағын қалпына келтіру туралы шешім қабылдағанын айтты. Бұл мәдениет саласының ең үздіктеріне берілетін атақ. «Қазақ АКСР халық әртісі» деген атақты алғаш рет 1923 - 1924 жылы композитор А.В. Затаевич пен драматург Н.П. Анненкова Бернар, 1931 жылы қазақ театр өнерінің негізін салушылар Елубай Өмірзақов пен Жұмат Шанин иеленген-ді.  

 1991 жылы бұл атақтың атауы «Қазақстанның халық әртісі» деп өзгертілді. Тәуелсіздік жылдарында мәдениет саласының дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар азаматтар «Қазақстанның халық әртісі» атанды. Олардың арасында балет әртісі Болат Аюханов, театр және кино әртістері Тұңғышбай Жаманқұлов, Бикен Римова, Зәмзәгүл Шәріпова мен Роза Әшірбекова, әнші-компазитор Ескендір Хасанғалиев пен Роза Рымбаева сынды танымал өнер иелері болды. Мәдениет және спорт министрлігінің мәліметіне сүйенсек, жалпы елімізде осы күнге дейін 50-ден астам өнер қайраткері «Қазақстанның халық әртісі» атағын иеленіп үлгерген екен. Бұлай деуіміздің себебі, 1999 жылдың шілде айынан бастап «Қазақстанның халық әртісі» деген атақ алынып тасталынды. 
Әрине, одан кейін мәдениет пен өнер саласының өкілдері «Қазақстанның халық әртісі» деген атақты қайтару туралы ұсыныстарын биік мінбелерден әлсін-әлсін көтерумен болды. 2022 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстанның халық әртісі» деген құрметті атақты қайтару туралы ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне  тапсырма берген-ді. Ал, ағымдағы жылы VІІІ сайланған Парламенттің бірінші сессиясында Қасым-Жомарт Кемелұлы мәдениет саласына баса назар аудару қажеттігін айтып, «Қазақстанның халық әртісі» деген атақты қайта қалпына келтіру туралы түкпілікті шешім қабылдағанын жеткізді. 
– Мәдениет саласындағы саясатты жан-жақты ойластырып жүргізу керек. Қазір бұл саланы өркендету үшін жаңа тұжырымдама жасалып жатыр. Бұл құжат еліміздің мәдени мұрасын сақтау, насихаттау және ұлттық бірегейлікті нығайту ісінде шешуші рөл атқарады деп сенемін. Шығармашыл зиялы қауым көпшіліктің көңілінен шығатын, мемлекеттің мүддесіне сай келетін туындылар ұсынады деп үміттенемін. Осы ретте, креативті индустрияға жүйелі қолдау көрсету өте маңызды, – дей келе Президент  «Қазақстанның халық әртісі» атағын қайта қалпына келтіру туралы шешім қабылдағанын және биыл Республика күнінде осы атаққа лайықты мәдениет қайраткерлерінің алғашқы тобы марапатталатынын мәлімдеді. 
Бұйыртса, биыл қазан айында Республика күні мерекесінде мәдениет және өнер саласының үздіктері «Қазақстанның халық әртісі» атағымен марапатталатын болады. Бұл жаңалық мені шексіз қуантып отыр. Біле білсеңіздер, «Қазақстанның халық әртісі» деген атақ өнердің нағыз бағасын білдіреді. Өркениетті елдерде мәдениет және өнер саласы мамандарына берілетін атақтар әлі күнге дейін сақталып қалған. Айтайын дегенім, «Қазақстанның халық әртісі» деген атақ ең жоғары деңгейдегі марапат болуы керек. Оған кез келген өнер адамын ұсына беруге болмайды. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін барлық сала қызметкерлеріне «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» деген атақ беріле бастады. Оны лайықтылар да, лайықсыздар да бәрі-бәрі иеленді. «Қазақстанның халық әртісі» деген атақтың да қадірін осылай қашырып алмауға барынша маңыз берілуі керек деп есептеймін.
«Қазақстанның халық әртісі» деген атақ өнерімізді әлемдік деңгейде мойындата алатын өнер иелеріне ғана берілуі қажет. Той-томалақтарда фонограммамен ән айтатындарды да, операда жанды дауыста өнер көрсететіндерді де «Қазақстанның халық әртісі» дей алмаймыз. Өйтетін болсақ, «Қазақстанның халық әртісінің» екінің бірі алып жүрген жәй атақтардан еш айырмашылығы болмай қалады. 
Сондықтан, алдымен «Қазақстанның халық әртісі» деген атақтың өзге марапаттардан шоқтығы биік екенін жақсылап түсініп алғанымыз жөн. 

Аблайхан ОСПАНОВ,
Әміре Қашаубаев атындағы ән байқауының лауреаты,
 ҚР мәдениет қайраткері.
Пікір қалдырыңыз