Түркістанда халықаралық IT университетін ашу мәселесі талқыланды

Түркістан қаласында IT саласы мамандарын даярлайтын халықаралық университет филиалы ашылуы мүмкін. Осыған орай Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды АҚШ-тың Penn state (Пенсильвания) университетінің Түлектер бағдарламалары және халықаралық бағдарламалар жөніндегі деканы Стивен Барнсты қабылдады. Кездесуде университет филиалын ашу бастамасының алғышарттары талқыланып, әріптестікті нығайту жолдары әңгіме өзегіне айналды.
– Еліміздің ең көне қалаларының бірі – Түркістанға қош келдіңіз! Түркістан қаласында IT университеті филиалын ашу мәселесіне қолдау көрсетіп жатқаныңыз үшін шын жүректен алғысымды білдіремін. 2018 жылы Түркістан облысы құрылғалы бері бұл қалаға тартылған инвестиция көлемі едәуір артқан. Қала құрылысында заманауи сәулет үлгілері қолданылды. Жаңа жұмыс орындары ашылып, халық саны өсіп келеді. Облыстың екі миллионнан астам тұрғыны бар. Түркістан бұрын Қазақ хандығының астанасы болған. Қалада түркі әлемінің рухани ұстазы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі орналасқан. Бүгінгі таңда облыста 2 университет бар. Қазіргі дәуір – цифрландыру дәуірі екенін ескеретін болсақ, өңір жастары үшін IT бағыты бойынша жоғары оқу орнын ашу қажеттілігі бар. Сондықтан Түркістан қаласында IT университетінің филиалын ашуды қарастыруды ұсынамын. Осы жоба аясында облыс әкімдігі тарапынан барлық қолдау көрсетіледі, тиісті инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге әзір екенімізді хабарлаймын. Біз жастардың заманауи оқу ордасында білім алып, жан-жақты дамуына жағдай жасауымыз керек, – деді Дархан Сатыбалды.
Стивен Барнс өңір басшысының құрметпен қабылдағанына ризашылығын білдірді.
– Ұлы Жібек жолындағы бірнеше елде жұмыс істегендіктен, тарихынан хабардармын. Қазақ даласының тарихы тым тереңде, мұнда бұрыннан өркениет болған. Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесін көріп, ғасырлардан жалғасқан сабақтастықты сезіндім. Мен Пенсильвания университетінде жұмыс істеймін. Үндістандағы Ұлттық сот сараптамасы университетімен тығыз байланыстамын әрі құрылтайшыларымен бірлесе жұмыс атқарып жүрмін. Халықаралық деңгейдегі келіссөздеріне көмектесемін. Футбол тілімен айтқанда, білім мен ғылым саласындағы үздіктерді іздейтін скаутпын. Түркістанға келу мақсатым – Үндістанның сол жетекші оқу ордаларының бірінің филиалын Түркістанда ашуға көмектесу. Жол, ғимарат салу оңай, бірақ, білімді ұрпақ тәрбиелеу, сапалы білім жүйесін дамыту өте қиын іс. Мен Түркістанда оқу ордасының филиалын қысқа уақытта ашу мүмкіндігі бар екенін көріп тұрмын. Арнайы ғимарат бөлінсе, университет өз филиалын ашуға, мамандарын уақытша жіберуге және қазақстандық оқытушылардың біліктілігін көтеруге көмектесуге дайын, – деді Стивен Барнс.
Облыс әкімі Дархан Сатыбалды кездесу барысындағы ұсыныстар мен шарттар толық сарапталып, тиісті жұмыстар жүргізілетінін, халықаралық талапқа сай оқу ордасын ашуға қолдау көрсетілетінін жеткізді.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің жобалар жетекшісі Самғат Ермекбаев бұл бастаманың маңызы жоғары екеніне тоқталып, тиімді әріптестік орнайтынына сенім білдірді. Университет өкілдері келіссөздерді жалғастыру үшін елімізге биыл маусым айында келеді деп жоспарланып отыр.
Ұлттық сот сараптамасы университеті (National Forensic Sciences University) – Үндістандағы киберқауіпсіздік, цифрлық криминалистика, сот сараптамасы салалары бойынша әлемдегі жетекші оқу ордаларының бірі.
Күрделі технологиялармен байланысты қылмыстар санының күрт өсуі кезінде ғалымдар мен технократтарға қажеттілік туындауына байланысты 2009 жылы құрылған. Оқу ордасы сот сараптамасы және криминалистика саласындағы 14 факультетте киберқауіпсіздік, цифрлық криминалистика бағытын қоса алғанда 75 (оның ішінде 10 мамандық IT саласына қатысты) мамандық бойынша білім береді.


Пікір қалдырыңыз