«Tesla»-ның да кемшіліктері бар

Бүгінде Илон Маск басқаратын Tesla компаниясы әлемдегі ең танымал компаниялардың бірі. Қазір бұл өндірушінің көліктері көп мөлшерде сатылып жатыр. Дегенмен, Tesla көліктері де мінсіз емес. 
Негізі жанар-жағармаймен жұмыс істейтін қозғалтқышы бар көліктерді жөндету электрлі көліктерге қарағанда арзанырақ. Ал, электрлік көліктерде жиі-жиі май ауыстыру сынды проблемалар болмайды. Есесіне, Tesla көліктеріне техникалық қызмет көрсету құны өте қымбат. Мысалы, қозғалтқышты толық қарап берген шеберге кемінде 500 доллар, ал, оған тежегіш сұйықтығын ауыстыруды қоссаңыз, шамамен 600 доллар төлейсіз. 
Автопилот – Tesla ұсынған танымал қызметтердің бірі. Барлық көліктері автопилотпен жабдықталған десе де болады. Оған қоса, компания сегіз камера және 360 градустық сенсормен қамтылған бұл жүйені үнемі жетілдіріп отырады. Алайда, AutoPilot жүйесімен жабдықталған Tesla көліктерінің қатысуымен бірнеше рет қақтығыстар орын алған. Сонымен бірге, Tesla модельдері панельдің орталығында орналасатын үлкен сенсорлық ақпараттық ойын-сауық экранымен жабдықталған. Бұл жүйе көрнекілік тұрғысынан жағымды болғанымен, физикалық түймелердің болмауы көлік жүргізу кезінде жүргізушіні алаңдатуы мүмкін. Оған қоса, аталған жүйедегі қосымшалар мен ойындар да алаңдаушылықты арттырады. Ал, бұл жағдай жол апатына бірден-бір себеп болуы әбден мүмкін.
Tesla компаниясы әрбір модельді шығару үшін миллиондаған доллар инвестиция салатыны белгілі. Осыған қарамастан кейбір тұтынушылар көлік құрылысының сапасына қатысты мәселелерді айтып қалып жатады. Олар көбіне панельдер арасындағы үлкен саңылаулар, сызаттар мен әлсіз бояуларға шағымданады. 
Электр күшімен жұмыс істейтін көліктің ең тартымды тұсы – жанармай шығындарын азайту. Себебі, бірер жыл бұрын электр энергиясы жанармайға қарағанда әлдеқайда арзан болатын. Ал, қазір оның бағасы күрт көтеріліп, айырмашылық азайып қалды. Көлікті үйдегі тоқ көзінен қуаттау әлі де қолжетімді, бірақ, қуаттау стансаларының қызметін пайдалану тым қымбатқа түсуде. Осы ретте Tesla көліктеріне қолданылатын литий-ионды батареялардың біз білетін батареялардан айтарлықтай ерекшелегі жоқ екенін де атап өту қажет. Бар болғаны, олар әдеттегі батареялардан үлкен және көп мөлшерде энергия сақтайды. Дегенмен, смартфондар мен ноутбуктердегі батареялар сияқты олардың да қызмет ету мерзімі шектеулі. Нақтырақ айтсақ,Tesla компаниясы жаңа батареяларға 8 жылдық кепілдік береді. Яғни көліктің алғашқы иесі үшін қауіп аз болады. Ал, пайдаланылған көлікті сатып алушылар сапасыз батареяға ұрынып қалып, пәленбай мың теңге емес, пәленбай мың долларлап шығындалуы мүмкін. 
Дегенмен, Tesla компаниясы өз көліктерін әлемдегі ең қауіпсіз техникалар деп санайды. Олай деуге әлемдік зерттеулердің нәтижесі де мұрындық болып келеді. Алайда, компания көліктеріне қатысты проблемалар әлі де туындап тұрады. Мәселен, көліктің үлкен батареялары істен шықса, оның соңы өртке ұласуы мүмкін. Бұған осы жылдың басында Калифорния көшелерінің бірінде болған оқиға дәлел. Ондағы Tesla көлігінен шыққан өртті сөндіру үшін 6 мың литрден астам су қажет болыпты. Ал, Илон Маск Tesla көліктерінің тек 0,01%-ы ғана жанған деп мәлімдеп отыр. Одан бөлек, көптеген электромобильдер сияқты Tesla шығарған модельдердің де салмағы өте ауыр. US News and World Report мәліметтеріне сүйенсек, Tesla седандарының салмағы басқа седандарға қарағанда бірнеше жүз келіге ауыр екен. Бұл қозғалтқыштан бөлек, шиналардың тез тозуына да әсер етеді.

Пікір қалдырыңыз