Жүрілген көліктердің кемшіліктерін қалай білуге болады?

Бүгінгі экономикалық ахуал барлық адамның жаңа көлік мінуіне мүмкіндік бермейтіндіктен, көпшілігі пайдаланылған көлік сатып алады. Ал, мұндай сәтте ескі автомобильдің қай тұсына ерекше мән беру керек? 

Бекіткіш, саңылау, геометрия. Қолданылған көлік сатып алғанда қай бөлігінің ауысқанын болжау өте қиын. Алайда, бөліктер арасындағы бос кеңістіктер мен бекітпелерге мұқият зер салсаңыз, көп нәрсе түсінікті болады. Яғни «қанат», есік пен тұтқалардағы барлық бекітпелер зауыттық болуы керек және бөлшектеу белгілері болмауы қажет. Егер бекіткіштің айналасындағы бояу қабаты қабыршақтанған болса, сол бөлшек ауыстырылған немесе жөнделген деген сөз. Өйткені, бөлшектеуден кейін зауыттық параметрлерді қайта қалпына келтіру мүмкін емес. Мысалы, есікке жоғарыдан, төменнен, бүйірден қарағанда бос кеңістік міндетті түрде бірдей көрінеді. Егер ондай болмаса, элемент бөлшектеліп, содан кейін дұрыс орнатылмаған деген сөз. 
Қозғалтқыш. Қолданылған көлік аларда әсіресе дизельді қозғалтқыштарға ерекше назар аударған жөн. Өйткені, оларды жөндеу қиын әрі қымбат. Мұндай қозғалтқыштар отынның сапасы мен майды уақтылы алмастырмауға келгенде өте сезімтал. Дизельді қозғалтқыш пайдаланылған газды қайта өңдеу жүйесінің клапанымен, қабылдау коллекторының ластануымен, жиі бітелетін және ауыстыруды қажет ететін сүзгісімен сипатталады. Ең бастысы, турбодизельдердегі турбина ең негізгі шығын болып саналады. Себебі, оның бағасы өте қымбат. Сондай- ақ, сатылатын көліктің қозғалтқышы жуылған болса, дұрыстап тексеру қажет. Сонымен бірге, радиатордың ауысуы, ұсақ бөлшектердің майысуы, май мен басқа да сұйықтықтардың ағуы көліктің соқтығысуынан пайда болуы мүмкін. 
Шамдар. Көлік апатынан кейін панельдегі кейбір жарық белгілердің жанып қалуы әбден ықтимал. Егер қауіпсіздік жастығының белгісі жанбайтын болса, ол жабдық қандай да бір апат кезінде қолданылған болуы да мүмкін. Мұндай жағдайда көлікті арнайы тексерістен өткізген абзал. 
Қауіпсіздік белдігі. Тағы бір пайдалы кеңес, барлық қауіпсіздік белдіктерін мұқият тексеріп, әрқайсысын соңына дейін созып көру. Мұндай кезде созылған белдік тезірек қалпына келуі қажет. Ал, апатқа ұшыраған көліктердің қауіпсіздік белдігі дұрыс жұмыс істемей қалады. 
Шанақ бояуы. Көліктің бояуы уақыт өткен сайын сыр беретіндіктен, оны жаңарту қисынды. Бірақ, жаңа көліктің толықтай қайта боялуы күмән тудыратын жағдай. Мұндай кезде бояудың қалыңдығын өлшеуге мүмкіндік беретін арнайы ультрадыбыстық құрылғыларды қолдану қажет. Егер, бояудың қалыңдығы стандартқа сәйкес келмесе, көлік соғылған болуы ықтимал.
Беріліс қорабы. Ақау автоматты беріліс қорабында да, механикалық беріліс қорабында да болуы мүмкін. Механикалық беріліс қорабы әсіресе, жүргізушілердің тәжірибесіздігінен зақымданады. Мәселен, біреу іліністі аяғына дейін баспаса, енді бірі берілістерді қалай болса солай ауыстыра салады. Сонымен қатар, берілісті жиі-жиі қате таңдау да бұзылуға себеп болады. Айтпақшы, беріліс қорабының тұтқасын үнемі қолмен ұстап отыру әдеті де зиянды. Ал, автокөліктің бұрынғы иесі бұл олқылықтарды мойындауы екіталай. Сондай-ақ, беріліс қорабындағы майды уақтылы ауыстырып тұруды ұмытпаған жөн. 
Автокөлік «тарихы». Есіңізде болсын, пайдаланылған көліктің иелері кейде бағаны көтеру үшін жүрілген жолды есептегіштің көрсеткіштерін төмендетіп қояды. Сондай-ақ, маңызды бөлшектерді уақтылы ауыстырмай, қызмет ету мерзімінің қысқаруына себеп болады. 
Сондықтан сатушылардың асыра мақтауына сеніп қалып, асығыс шешім қабылдамаңыз. 
Пікір қалдырыңыз