Трендте – тары шай мен тары кофе

Бауыржан ЕРМАН, «Ońtústik Qazaqstan».

Тарихи деректерге сүйенсек, біздің күнделікті ішіп жүрген шайымыз ең алғаш Қытайда шыққан деседі. Сондай аңыз-әфсаналардың бірінде б.з.д. 2500 жылдары Қытай императоры Шен Йонгтің суды қайнатып, ыстықтай ішетіндігі айтылады. Күндердің күнінде қайнаған суына ойламаған жерден бірер түйір жапырақ түсіп кетіп, император өзіне сергектік сыйлаған сусынды ұнатып қалыпты. Ал, Лу Йу есімді ғалым 758 жылы шайды өсіру, өңдеу және демдеу амалдары жайлы «Шай қаруы» атты кітап жазған. Сондай-ақ, жапондар шайды «Ча-но-йо» атты рәсіммен ұсынған болса, Какузо деген ақын «Шай-нама» атты еңбек жазып, оны Құдайдың адамзатқа берген нығметі ретінде сипаттайды. Ал, Еуропаға шайды алғаш рет венециялық саудагерлер алып келсе, 1560 жылдардан бастап португалиялық саудагерлер де оны кеңінен саудалай бастаған. Бертін келе шайдың құны артып, байлардың үлкен сұранысына ие бола бастаған соң ағылшындар Үндістан мен Цейлон колонияларында шай өсіріп, қытайлықтармен бәсекелес болыпты.


Ал, қазақтардың тұрмыс-тіршілігіне шайдың қашан, қалай келгенін дөп басып айту қиын. Десе де, Мұхтар Әуезов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Ілияс Есенберлин, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов сияқты қаламгерлердің тарихтан сыр шертетін шығармаларын оқысаңыз, қазақтардың сол кезеңдерде шай ішкеніне қанық боласыз. Сондықтан шай біздің өмірімізге отарлау кезінде кірді немесе жоңғарлармен соғысып жүріп, қытайлықтардан шай дайындауды үйрендік деп топшылауға болатын шығар. Ал, «самаурын» сөзі орыстың «самовар» сөзінен пайда болған деген пікірге қазір елдің бәрі тоқтайды. 

Осы ретте әр халықтың шай ішу салтына аз-кем тоқтала кетсек. Мәселен, Солтүстік Африкадағы туарегтер шайға жалбыз қосса, тибеттіктер мен ұйғырлар сары май, сүт және тұз араластырып ішеді екен. Өзбектер қызыл шайға қарағанда көк шайды көбірек ішетін болса, моңғолдар шайға ұн қататын көрінеді. Ал, әлемдік статистикаларға сүйенсек, шайды ең көп ішетін халық ағылшындар екен. Дей тұрғанмен, қазекемдер де шайдың қадірін өзге халықтан кем білмейді. Тіпті, қазір қазақ жұртын шайсыз көз алдыңызға елестету мүмкін еместей. Күніне бір шәйнек шай ішпесе, басы ауырып, ұйықтай алмай қалатын бауырларымыз да жоқ емес. 

Әлбетте, біз қазақтың дәстүрлі ұлттық сусыны деп қымыз, қымыран, көже мен айранды айтамыз. Дегенмен, қазақ тұрмысына ертеден енген бұл сусынға қатысты да дәстүрлер қалыптасып үлгерді. Қонақ келсе, бір кесе шай ішкізбей жібермейміз. Жаңа түскен келіннің қолынан шай ішіп, артынша жастарға шаңырақ көрсетіп, шай береміз. Құда-жекжатпен «тәтті шай», ауқымды іс атқарарда «кеңес шай» ішеміз. Одан бөлек, түрлі өңірлерде «онның шайы», «төрттің шайы», «бестің шайы» деген ұғымдар қалыптасып кеткен. Тіпті, шай құюдың түрлі халықтық «заңдары» да бар. «Заманына қарай адамы» демекші, мұның барлығы уақытпен қатар қалыптасып келе жатқан салт-дәстүрлер десек, қателеспейтін болармыз.

Осы орайда, әр өңірдегі, әсіресе, еліміздің батыс өңіріндегі шай ішу ерекшеліктерін де атап өтсек артық болмас. Мәселен, Сыр бойындағы қазақтар шайды сексеуілмен қайнатса, Ақтөбе өңіріндегі ағайын шайды кесенің түбіне бірер ұрттам ғана құйып ішеді екен. Ал, маңғыстаулықтар шайды пиала немесе шыныаяқпен де іше беретін болса, қос өңірдің арасындағы Атырау халқы шайды орташа қылып құяды дейді білетіндер. Ал, қазір біздің оңтүстік өңірлердің тұрғындары үйінде кәдімгі қызыл шайды тұтынса, мейрамханаларда «Ташкент шайына» жиі тапсырыс береді. Бір қызығы, мұндай көк шайдың бар екенін ташкенттіктердің өздері де білмейтін көрінеді. Бұл да маркетингтің бір әдіс-айласы болса керек.

Енді негізгі тақырыбымызға оралып, трендте жүрген тары шай мен тары кофе жайлы айтайық. Жалпы, шай мен кофенің бұл түрін әзірлеудің еш қиындығы жоқ. Алдымен шәйнекке науат, артынан шай немесе кофе ұнтағын, жақсылап шайылған тарыны салып, сүт пен қайнаған су құясыз. Осылайша тары қосылған шайымыз бен кофеміз әп-сәтте дайын болады. 

– Еліміздің көптеген аймақтарында кеңінен танылып жатқан тары шай мен тары кофе ерекше дәмі және хош иісімен адамдарды өзіне тез баурап алады. Әсіресе, бұл ауылдың қазақы дастарқаны мен кең даланы аңсап жүргендерге қатты ұнайтыны сөзсіз. Сонымен қатар, тарының иммундық жүйені ретке келтіріп, ас қорыту, ішек жұмысы мен қан айналымын жақсартатыны да дәлелденген. Сол себепті, тары қосылған шай мен кофені оқта-текте этно-кафелерден ішіп тұрамын. Күнделікті тұрмыста қолдансақ, тіптен жақсы болар еді деп ойлаймын, – дейді тары қосылған сусынды жиі тұтынатын түркістандық тұрғын Назерке Әубәкір.

Қорыта айтсақ, қазақ халқының тұрмысына шай қалай енсе, қазір тары қосылған шайдың да сұранысы дәл солай артып келеді. Яғни бұрын тарыны ағарғанға қосып тұтынатын ел пайдалы дақылды заман талабына сай түрлендіріп қолдануда. Бастысы, қоғамда бұл шайдың пайдасы жайлы пікірлер болмаса, зияны туралы әңгіме туындап жатқан жоқ. Бұл дана бабаларымыздың тарыны күнделікті тіршілікте бекерден бекер қолданбағанын аңғартып тұрғандай. Ендеше, трендтен қалмай, талғамымызды түрлендіріп отырайық.  

Пікір қалдырыңыз