Ләйла, лала және ләйлек

Сабырбек ОЛЖАБАЙ,
«Ońtústik Qazaqstan».
Қаратау тәжі – Кентау қаласы көгілжім гүлге оранып, керемет бір көркем келбетімен құлпырып тұрар еді. Арман қанатындағы әрбір жас сан ұлттың өкілдері тоғысқан тамаша қалада «Туған елге қызмет жасасам!» деп қиял кешетін. Соның бірі – Ләйла еді. Ләйлек құстай әдемі, лағыл тастай сұлу Ләйла да лала сезім құшағында тербелетін. Оның әкесі шахтада отыз жыл еңбек етіп, қара жұмыстың бейнетін көп көрген жан болатын. Мектеп бітіріп, сан тарау жолдың қайсысына түсу керек деген таңдау түскенде кіп-кішкентай да нәзік Ләйла:
– Әке! Мен туған қаламда қалып, зауытқа жұмысқа тұрсам деп шештім, – деген.
Бірақ, әкесі мен шешесі қызының бұл таңдауына қарсы шықты. Ләйланы жетектеп апарып сатушылар даярлайтын училищеге түсірді. Қолына куәлік алған ол қаладағы сауда орындарының біріне жұмысқа орналасты.
Алайда, оның жүрек түкпіріндегі «әкем сияқты кенші болсам ғой» деген арманы күн өткен сайын алаулап, шоқтана түсті. Бұл кезде оның ағасы трансформатор зауытында жұмыс істейтін. Үйге келгенде жұмысының өзіне ұнайтынын, онда еңбек етуге шабыт беретін әлдебір құдірет бар екенін айтып отырады. Ләйла қиялымен сол құдіретті іздеп көрді. Ақыры, сатушылықты тастады да зауытқа келді.
Бұл кезде ол он тоғыз жастағы толықсыған бойжеткен еді.
Зауыт директоры Леонид Алексеевич Ан өзінің қабылдауына келген талдырмаш қызға таңырқай қарады.
– Сонымен, біздің зауытта жұмыс істегің келеді ғой, – деп қайтара сұрады ол бойжеткеннен.
– Иә, – деді Ләйла Леонид Алексеевичке тайсалмай тік қарап.
– Қарағым, көзіңде от бар екен. Саған сенемін. Жұмысқа қабылдандың, – деді директор.
Сондағы Ләйланың қуанғанын көрсеңіз, ақша беті алаулап сала берді. Жазған өтінішке бұрыштама қойған парақты алып, шыға бермекші болып еді, директор кідіртіп, қазір сені бригадир цехқа өзі келіп алып кетеді деді.
Түрлі агрегаттар мен станоктар, аппараттар сарт-сұрт етіп жатқан цех ішінде құлағың тұнады екен. Бригадир оны бір станоктың қасына ертіп әкеліп:
– Бүгіннен бастап осы станокта жұмыс істейсің, – деді.
Станоктың жанында жұқа қаңылтыр қабат-қабат жинаулы тұр екен. Мұның жұмысы сол фольгаларды біркелкі етіп кесіп, арнайы жәшікке салып, цехқа жөнелту болып шықты. Зыр айналып, әрі-бері қозғалып тұратын станоктың пышағы қылпып тұр. Қаңылтыр сияқты фольгаларды станокқа салып тұру сырт қарағанда оңай сияқты көрінгенмен, тиянақтылықты, сабырлылықты, ұқыптылықты, дәлдікті қажет етеді екен. Оның үстіне сәл ағаттық жіберсең бітті, өткір пышақ саусағыңды кесіп кетуі әбден мүмкін. Дайын өнімдерді жәшіктерге салып, цехтарға жіберу үшін де қара күш керек. Осы кезде әкесінің «қызым, ол жер саған ойыншық емес. Жұмысы ауыр да жауапты» дегені есіне түсті. «Жауапкершіліктен қашпаймын, сеніміңізді ақтаймын, әке» деп тас-түйін болып бекінген Ләйла тәлімгер-ұстазының әр сөзін жадына тоқып, жұмысқа құлшына кірісті.
Бұл 1982 жылдың көгілдір көктемі болатын.
– Трансформатор зауытына бір әдемі қыз жұмысқа қабылданыпты. Өзі жұмысына өте ыждағатты екен, – деген сөз шағын қалаға тез-ақ тарады.
Иә, аса ыждағаттылығы, жауапкершілігі емес пе, Ләйла арада небәрі үш ай өткенде металл кесушілер бригадасының бригадирі болып тағайындалды. Енді оған жауапкершілік еселене түсті.
– Рас, мұндағы жұмыс нәзік жандыларға ауыр. Алайда, жұмыстың көзін таба білсең, ешқандай ауырлығы сезілмейді. Мен өмірімді зауытсыз елестете алмаймын. Жұмысыма бауыр басқаным сонша, басқа ешқандай мамандықты қаламадым. Енді бүгін қарап отырсам, 41 жылдың зымырап өте шыққанын байқамай да қалыппын. Ырыс дарыған ұяда талай қуанышқа да, марапатқа да, бақытқа да кенелдім. Осы жер маған ұнайды. Уақыт қашан да өз дегенін істейді. Енді бірер жылдан соң мен де зейнеткерлікке шығамын. Бірақ осы ортаны қалай қиып кетемін? – дейді Ләйла бізбен әңгімесінде тебіреніп.
Расында, 1300-дей адам еңбек ететін «Кентау трансформатор зауыты» – бүгінде ырыс ұя салған құтты мекен. Осы зауыттан шыққан трансформаторларды әлемнің барлық елі сатып алады. Сондықтан мұндағы қауырт жұмыс бір сәт те толастамайды.
«Кентау трансформатор зауыты» АҚ басқарма төрағасы – директоры Бауыржан Құдайбергенов те Ләйла Әбдиеваның озаттар қатарында екенін сүйіспеншілікпен атап өтті.
– Ләйла – зауыт мақтаныштарының бірі. Ол 41 жылда талай шәкірт даярлады. Бүгінде Гүлзада Бекішова, Алтынай Бекболатова, Гауһар Жаназарова, Айгүл Тасболатова сынды металл кесушілер Ләйланың шәкірттері. Қазір бұлар да өз ісінің майталмандары саналады, – дейді кадр бөлімінің басшысы Раушан Қабекеева.
Суреті Құрмет тақтасынан түспейтін Ләйла Әбдиева бірнеше марапаттың иесі. Екі медаль, көптеген Құрмет грамоталармен және Алғыс хаттармен марапатталған.
– Ана бір тоқырау жылдары біздің зауытта да біраз қиындықтар болды. Сонда да жұмысымды тастамадым. Міне, соның жемісін көріп отырмын. Зауыт басшылары маған үш бөлмелі пәтер берді, – дейді бізге Ләйла.
...Сол күні біз көп әңгімелестік. Кентау көктемі кемеліне келіп жайнап тұрды. Айнала түрлене құлпырып, құстар сайрады.
– Байқадыңыз ба, әне ләйлек құс та келіпті, – деп бағана басына қуана көз тікті Ләйла.
Мен Ләйла нұсқаған жаққа көз салдым. Ақ ләйлек зауыттағы еңбек симфониясына үн қосып, басын арқасына қойып, тұмсығымен жиі соғып, барабан даңғырындай дыбыс шығарып тұр екен.
Табиғат-Ананы оятып, тіршілік атаулыға керемет көңіл-күй сыйлайтын көрікті көктем биыл да кешікпеді. Қуаныштың үні жүрек кернеді.