Жасөспірімдер тегін үйірмемен қамтылады

Биыл облысымызда 30 мың жасөспірім «Artsport» жобасы бойынша спорттық және шығармашылық үйірмемен қамтылады. Бұл туралы облыстық мәдениет басқармасының алқа мәжілісінде айтылды. Мемлекет басшысының балаларды тегін шығармашылық үйірмелермен қамту  жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру аясында елімізде 2021 жылы шығармашылық үйірмелер бойынша жан басына шаққандағы қаржыландыру механизмі енгізілді.

Бұл орайда, Түркістан облысында «ArtSport» жобасы бойынша арнайы платформа іске қосылып, облыс әкімдігі тарапынан тиісті  жұмыстар атқарылып келеді. Былтыр өңірде 145 мәдени-шығармашылық үйірме ашылып, оған 7 487 бала қамтылды. Сондай-ақ, 270 спорт секциясы ашылып, оған 23 982 бала барған.
Биыл өңірде жоба аясында балалардың спортпен, дене шынықтырумен айналысуына үлкен көңіл бөлініп отыр. Облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың айтуынша, жобаға қатысушылардың құжаттары электронды түрде қабылданады. Бағдарламаны жүйелі іске асыру бағытында барлығы автоматты түрде есептеліп, қаржыландырылатын болады. Бұл – жүйенің ашықтығы үшін қолға алынып отыр.
– Жобаның басты мақсаты – спорттық үйірмелерге ақша төлеп қатысуға мүмкіндігі жоқ көп балалы, аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларды тегін үйірмемен қамту. Өткен жылы «ArtSport» жобасын жүзеге асыруға 1,6 млрд. теңге қаралған болатын. Ал, биыл аталған жобаны іске асыруға 4,6 млрд. теңге бөлінді. Оның 2,2 млрд. теңгесі мәдениет саласындағы шығармашылық үйірмелерге бағытталды. Жалпы, облыс бойынша 30 мың бала спорт және шығармашылық үйірмелерге қатысады деп жоспарланып отыр, – деді Бейсенбай Дәулетұлы. 
Аталған жұмыстарды облыстық мәдениет басқармасы мен спорт басқармасы бірігіп жүргізеді. Еске сала кетсек, биыл қаңтар айында ҚР Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов елімізде «Artsport» жобасы жалғасатынын, бірақ ол жаңа форматта жүретінін және өткен жылы ережелері қабылданғанын айтқан еді. Бұл ретте, әр өңір аталған бағдарлама негізінде өз бағдарламаларын әзірлейді.
Пікір қалдырыңыз