«Біз идеологияны өзімізден емес, өзге жақтан іздейміз»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылдың қараша айында «Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі Уәкіл туралы» Конституциялық заңға қол қойғаны белгілі. Бүгінде Уәкілдің республикалық маңызы бар қалалар мен өңірлерде өз өкілдері бар. Оларға нормативтік-құқықтық актілерді жетілдіру және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіру мақсатында белгілі бір құзыреттіліктер берілген. Біз Адам құқықтары жөніндегі Ұлттық орталықтың Түркістан облысы бойынша өкілдігіне басшы болып бекітілген Наталья ҚОЖАБЕКОВАМЕН жолығып, құрылым жөнінде кеңірек айтып беруін өтінген едік.

– Наталья Сүңғатқызы, өзіңізге мәлім еліміздегі құқық қорғау органдарының басты міндеті – адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауға негізделген. Сіздердің олардан ерекшеліктеріңіз қандай?
– Еліміз тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап-ақ адамның құқықтары мен мүдделеріне ерекше мән берді. Ата Заңның алғашқы бабында да «Мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп тайға таңба басқандай жазылды. Яғни еліміз ең бірінші орынға адамды қойып, оның өмірін жоғары бағалады. Сол себепті де айналамыздағы жұрттың бәрі Қазақстанды адам құқығын қамтамасыз ететін егемен ел ретінде таниды. Бүгінге дейінгі қиындықтарды сабырмен жеңген еліміз өзгелерге адам деген асыл құндылықтың бағасы биікте тұратынын айшықтап берді. Дегенмен, Ата Заңда көрсетілгендей, адамның құқығын танығанымызбен, оны қорғауға келгенде сөзіміз бен ісіміз бір-біріне қабыспай жататын сәттері аз емес.
Осыны ескерген Президент өткен жылдың қарашасында «Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі Уәкіл туралы» Конституциялық заңға қол қойып, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, олардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіруге жәрдемдесу, құқықтық сауаттылығын көтеру мәселелеріне ерекше назар аударуды тапсырды. Осыған орай уәкілдің азаматтардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру жөніндегі өкілеттіліктері айтарлықтай кеңейтілді. Мәселен, Уәкіл азаматтың бұзылған құқығын қалпына келтіру үшін қабылдануға тиісті шараларға байланысты мемлекеттік органдарға немесе лауазымды тұлғаларға ұсыныстар жолдап, олардың құқығын қорғау үшін сотқа талап-арызбен жүгіне алатын құзыретке ие. Мұндай тетік алғаш рет ұсынылып отыр. Бұл бір жағынан адамның бұзылған құқығын қалпына келтіруге бағытталған шараларды айтарлықтай нығайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар азаматтың бұзылған құқықтары жөнінде ақпараттарды зерделеп, шағымдарды қарау нәтижелері бойынша қорытынды жасайды.
Заңға сәйкес, Уәкілге айрықша мәртебе берілген. Ол орган емес, жеке тұлға болғандықтан, Ата Заңның нормаларына сәйкес азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғау кезінде қандай да бір өзге мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғаларға тәуелді болмайды. Және Президенттен өзге ешкімге есеп бермейді. 
Құқық қорғау органдарының лексиконында адамның ажырамас табиғи құқықтары деген ұғым бар. Бұл құқықтар адамға туа беріледі. Жаратылыстың құдыреті сол шығар, адам дүние есігін ашқанда нәсіліне, тіліне, туған жері мен ұлтына қарамай, бәрі тең және құқықтары бірдей. Оның ең бастысы – олардың өмір сүруге деген құқығы. Ата Заңның 15-бабын еске түсіріп көріңізші. Онда: «Әркімнің өмір сүруге құқы бар» деп жазылған. Демек, кез келген мемлекет ең алдымен адамның жайлы өмір сүруіне жағдай жасауы керек. Мұның сыртында адамның саяси, әлеуметтік, экономикалық, мәдени, тіпті, экологиялық құқықтары бар. Түптеп келгенде, адам құқығының сақталуы – мемлекеттің берік іргетасы. Себебі, «құқықтық нигилизм»  – өте қауіпті құбылыс. Егер заң орындалмай, жай қолжаулық болып қалса, халықта заңға деген құрмет қалмайды. Мемлекет пен билікке деген сенімі де азаяды. Ал, мұндай сенімсіздіктің зардабы ауыр болатынын айналамыздан көріп отырмыз. Сондықтан ел Президентінің адам құқықтарын қорғауға ерекше мән беруі құқық қорғау органдарының жұмысын қайта құруға және заң шығару қызметін жаңғыртуға алып келеді. 
– Қандай шағымдарды қарайсыздар? Жалпы, бүгінге дейін сіздерге қанша шағым түсті?
– Біз негізінен мемлекеттік органдар мен мемлекеттік қызметшінің үстінен жазылған шағымдарды қараймыз. Жоғарыда өзіңіз айтып өткендей, біздің құқық қорғау органдарынан негізгі ерекшелігіміз де осы. Егер шағымда көрсетілген мәселе жергілікті жерде шешімін таппаса, жоғарыда отырған басшыларына ұсыныс жолдаймыз. Ал, одан нәтиже шықпаса, Конституциялық Сотқа жүгінеміз.
Жалпы, бүгінге дейін Түркістан қаласы мен Сайрам, Төлеби аудандарынан 7 шағым түсті. Көпшілігі әлеуметтік қолдаудың кемшіндігіне наразы. Мәселен, жақында бізге түскен шағым бойынша Төлеби ауданына барып, жетпістің үстіне шыққан жалғызбасты әйелдің жағдайын көзіммен көріп қайттым. Сенсеңіз, жағдайы адам шошырлық. Ауыл, аудан әкімдігі, аудандық әлеуметтік бағдарламалар бөлімі қараусыз қалған кейуананы мүлде естерінен шығарып алған. Тіпті, ондай адамның бар екенін де бейхабар. Бұл нені білдіреді? Бұл жергілікті атқарушы органдар арасындағы өзара байланыстың мүлдем жоқтығын аңғартады. Әйтпесе, алақандай ауылда тұратын қорғансыз әйелді әкімнің білмеуі мүмкін бе? 
Тиісті органдардан кейуананың неге тіркеуге алынбағанын сұрасақ, олар заңда мұндай тетіктің қаралмағанын алға тартады. Ал, заң бойынша қорғансыз қалған адамды әлеуметтік қорғау органдарына тіркеуге алу үшін одан өтініш түсуі керек екен. Сосын оның қараусыз қалғандығы, қамқорлыққа мұқтаж екендігі сот шешімімен нақтылануы қажет. Өзі өлместің күйін кешіп отырған жанға мұның бәрін кім түсіндіруі керек? Әрине, бұл қамқоршылық әрі қорғаншылық жөніндегі мәселелермен айналысатын әлеуметтік қорғау бөліміндегі мамандардың тікелей жұмысы. Өкінішке қарай, ондағы мамандар заңның осы олқы тұсына әбден иек артып алған. Тіпті, олардың тарапынан заңның осы тұсын жетілдіруге қатысты ешқандай да ұсыныс-пікірлер жолданбаған. Бірақ, қағаз жүзінде бәрі керемет. Меніңше, бұл олқылық тек Төлеби ауданына ғана емес, барлық өңірлерге тән.
Ал, Түркістан қаласындағы жағдай бұдан да сорақы. Ешкімі жоқ, қараусыз қалған адамның өзіне тиесілі дүние-мүлкі түгелдей сатылып кеткен. Оны кім сатты дейсіз ғой. Өзіне сенімхат арқылы қамқорлық көрсетуге бекітілген адам істеген. Яғни қорғансыз жанның әрекетсіздігін пайдаланған. Қазір сотқа шағым түсіріп, дүние-мүлікті қайтаруға әрекет жасап жатырмыз. 
– Өңір бойынша қай салаларда адам құқығы жиі бұзылады? Осы жағына зерделеу жұмыстарын жүргізіп көрдіңіз бе?
– Алдағы уақытта Түркістан қаласы бойынша әлеуметтік қолдау шараларының қаншалықты орындалып жатқанына мониторинг жүргіземін. Себебі, өңірде дәл осы әлеуметтік салаға қатысты шағым көп.
– Адам құқығы дегеннен шығады, қазір заңның түр-түрі жазылып, азаматтардың құқығын қорғайтын түрлі нормалар бекітілп жатса да, өз мүддесін қорғай алмай құқығы бұзылып, намысы тапталып жатқандар баршылық. Әділетті қоғам орнату үшін бізге не керек деп ойлайсыз?
– Біз үнемі өткеніміз керемет болды деуден жалықпайтын халықпыз. Сөйте тұра, идеологияны өзімізден емес, өзге жақтан іздейміз. Бізде не керектің бәрі бар. Әрине, заманауи білім алу үшін Еуропа, Америка асқанымыз дұрыс шығар. Бірақ, тәрбие, құқық мәселелерінде өткенімізге үңіліп, керегін жаратып отырсақ одан ұтылмас едік. Әділетті Қазақстан қоғамын орнату үшін топырлатып түрмеге отырғыза беру жеткіліксіз. Себебі, аталарымыз ел ішіндегі тәртіпті жазамен емес, тәрбиемен ұстаған. Сондықтан бірінші кезекте тәрбие мәселесін қолға алу керек. 
– Осы күні оқыған, сауатты дегендердің өзі түрлі заң бұзушылық әрекеттерге жол беріп жатады. Бұл халықтың бәріне немқұрайлы қарайтын салғырттығынан ба, әлде, заңды жете білмеудің көрінісі ме? Жалпы, көпшіліктің құқықтық сауаттылығын көтеру үшін не істеу керек?
– Қанша жерден зайырлымыз десек те, тәрбиенің атқарар рөлі өте зор. Сіз айтып отырған сауаттылық бұл жерде екінші кезектегі мәселе. Өйткені, құлқынның құлы болған адам неғұрлым сауатты болған сайын оның жасаған қылмыстары да сауаттана түседі, күрделілене түседі. Сондықтан бұл мәселені заңнамадан гөрі тәрбие мәселесін жолға қою арқылы шешкен тиімдірек.  
– Соңғы сауал, сіздерге құқықтары бұзылған қарапайым тұрғындар қалай жүгіне алады?
– Кез келген адам лауазымды тұлғалар мен ұйымдардың құқық бұзуға әкеп соқтырған әрекеттеріне немесе шешімдеріне шағымдана алады. Уәкіл өз құзыреті шегінде республика азаматтары мен Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардан немесе олардың өкілдері арқылы келіп түскен шағымдарды түскен күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде қарайды.
Уәкіл шағымды қабылдап алғаннан кейін шағымданушыға оның шешілу жолдарын түсіндіреді. Егер нақтылануға жататын мән-жайларды тексеру қажет болса, шағымды мемлекеттік органдарға немесе лауазымды тұлғаларға жібереді. Шағымды қарау мерзімі Уәкілдің шешімі бойынша екі айға дейін ұзартылуы мүмкін, бұл туралы өтініш берушіге үш жұмыс күні ішінде хабарланады. Шағымдарды қарау ережелері бойынша Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің атына түскен барлық шағымдар мен өтініштерді Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық қарайды. Бізге өтініштерді үш жолмен беруге болады: «e-otinish» порталы арқылы, пошта арқылы және қолма-қол беруге болады. Уәкіл қабылдаған шешімге қарай мемлекеттік органдарға, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдарына, лауазымды тұлғаларға және мемлекеттік қызметшілерге ұсынымдар жібереді. Егер уәкіл адамның құқықтары мен бостандықтарын бұзған адамға қатысты тәртіптік немесе әкімшілік жауапкершілікке тарту немесе қылмыстық іс жүргізу қажет деп тапса, бұл жөнінде уәкілетті мемлекеттік органға немесе лауазымды тұлғаға жүгінеді.
– Әңгімеңізге рақмет! Алдағы жұмыстарыңызға табыс тілейміз!

Әңгімелескен 
Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ,
«Ońtústik Qazaqstan».

Пікір қалдырыңыз