Шардарадан түбінде Олимпиада чемпионы шығуы мүмкін...

Ерболат АЙНАБЕКОВ, «Ońtústik Qazaqstan».

Біреу сенер, біреу сенбес, алақандай ғана Шардара ауданынан 2001-2022 жылдар аралығында спорттың 8 түрінен 122 әлем чемпионы шыққан! Бұл ретте «Шардара-Армспорт» клубының үлесі айрықша. Жақында Түркістан облысында жұмыс сапарымен болған Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов Шардара ауданына арнайы барып, осындағы бапкерлермен, спортшылармен жүздесті.


Министр «Шардара-Арм­спорт» клубының жұмыстарымен жан-жақты танысып, клубтың жарқын жетістіктерін республика көлемінде дәріптеп, басқа да өңір спортшыларына тәжірибе, үлгі ретінде көрсету керектігін айтты. Шардаралықтардың ғаламат жетістіктеріне алғысын айтып, жоғары бағасын берді. 

Бүгінде облыс әкімі Дархан Сатыбалдының бастамасымен өңірде заманауи спорт кешендері көптеп салынуда. Осыған тоқталған облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев өңір спортшылары Париждегі Олимпиада ойындарының іріктеу додаларына дайындалып жатқанын жеткізді. 

Кездесуде Түркістан облысы спортшыларының қол жеткізген жетістіктері мен ауыл спортын дамыту бағытында атқарылып жатқан тындырымды тірліктер баяндалды.

Айта кетерлігі, биыл қол күресі спортынан бірнеше чемпион тәрбиелеген «Шардара-Армспорт» клубына 26 жыл толып отыр. Ең алғаш армрестлинг спортының дамуына ерекше үлес қосқан азамат Арман Қарсыбаев екенін көпшілік жақсы біледі. 

Қазіргі таңда «Шардара-Армспорт» клубында 500-ден астам спортшы тұрақты түрде жаттығады. Мұнда қол күреспен қатар гір көтеру, дзюдо, ауыр атлетика, каратэ, семсерлесу, найза лақтыру, ядро лақтыру, таэквондо, бокс, пауэрлифтинг сынды бірқатар спорт үйірмелері жұмыс істейді. Клубта 8 жастан бастап ақысыз түрде кез келген жеткіншек спортпен айналыса алады. Сондай-ақ, мұнда жаттығатын балаларды үйлеріне тасу үшін арнайы автобустар қарастырылған.

Айта кетсек, бүгінге дейін қол күресінен «Шардара-Армспорт» клубынан 102 әлем чемпионы, әлем чемпионатының 99 жүлдегері мен әлем кубогының 26 иегері, 209 Азия чемпионы тәрбиеленді. Тағы 500 өрен Қазақстан чемпионы атанды. Бұл – аталмыш клубтағы білікті де білімді 35 жаттықтырушының күнделікті төккен терлерінің өтеуі, жемісі.

Министр жиын соңында Шардарадағы «Спортшылар аллеясына» көшет егіп, осы ауданнан түбінде Олимпиада чемпионы шығатындығына сенім білдірді. Өрендерге сәттілік тіледі. 

Жалпы, Шардара ауданында 1 облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі, 3 аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі, 1 жекпе-жек және күштік спорт түрлері бойынша спорт клубы, 1 күштік спорт түрлерінен спорт клубы, 1 мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясындағы Түркістан облысы гір спорты және армрестлинг федерациясы қоғамдық бірлестігі, барлығы 7 спорт мекемесі жұмыс істейді. Аталған спорт мекемелерінде спорттың 27 түрінен 261 жаттықтырушы 6000 өренді түрлі додаларға дайындап жатыр.

Пікір қалдырыңыз