Жас кітапханашылар арасында семинар өтуде

Ысқақ САДЫҚ,

«Оңтүстік Қазақстан».

 

Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында «Жас кітапханашы-2023» тақырыбында семинар өтті. Облыс құрылғалы бері алғаш рет өткізіліп отырған шараға облысымыздағы барлық аудандардан 30 жасқа дейінгі 27 кітапханашы қатысып, бақ сынап жатыр.

Үш күнге жалғасатын семинарда кітапханашылар өз қызметтеріне қатысты түрлі тақырыптар бойынша тәжірибе алмасып, жаңа технологиялар, кітаптарды насихаттау әдістері, оқырмандармен қарым-қатынас жасаудың жолдары, мобильді кітапханашы, цифрлы кітапхана және мәдени-рухани іс-шара ұйымдастыруды үйлестіру бойынша тренингтер өткізбек. Семинар-форумда жас кітапханашылар өздеріне қажетті көптеген пайдалы ақпараттармен танысып, кәсіби біліктіліктегін арттыратын болады. 

Басқосуды «Фараб» кітапханасының директоры Жанат Шардарбекова ашып, шараның маңыздылығына тоқталды. «Бүгін әріптестермен танысу, тығыз байланыс орнату мақсатында форум өткізіп отырмыз. Семинар аясында әрбір қатысушының белсенділігі нақтыланатын болады. Бұл бастама алдағы уақытта да жалғасады. Бүгінде кітапханашы көптеген саланы қамтитын көпфункционалды мамандыққа айналды. Тәжірибе алмасу – уақыт талабы. Әр бір жас маман көкейінде жүрген сауалдарына жауап алады деген үміттемін. Руханиятты бірге дамытып, насихаттай берейік, – деді Жанат Сәдібекқызы.  

Шара аясында көрермендер назарына кітапхананың бір жылда атқарылған жұмыстары мен жеткен жетістіктерін қамтыған бейнеролик ұсынылды. Сондай-ақ көтерінкі көңіл-күй сыйлайтын форумда жас кітапханашылар өз енерлерін ортаға салып, әсем әндерге де кезек берілді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, алыс ауылдардан келген қатысушылар семинардың екінші күнінде Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне және «Ұлы дала елі» орталығына саяхат жасамақ. Сондай-ақ жас кітапханашылар «Цифрлы сауаттылық» тақырыбында онлайн байланыс тренингін өткізбек. Ал, форумның үшінші күнінде кітапханашылар өздері көтерген тақырып аясында презентация мен баяндамалар жасаса, шара соңында медиясауаттылық пен мобилография тақырыптарында өткізілетін семинар-тренингте өз белсенділіктерін танытпақ.

 

         
Пікір қалдырыңыз