Қарулы Күштер тарихымен танысты

Қорғаныс министрлігінің ақпараттық-түсіндіру тобы Түркістан облысының жастары арасында Қарулы күштердің имиджін көтеріп, жастарды әскери борышын өтеуге шақыруға бағытталған кездесу өткізді. «Ұлы дала елі» орталығында өткен іс-шараны облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент ұйымдастырды.

Болашақ Отан қорғаушылармен өткен кездесуде Қорғаныс министрлігі Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің қызметкері, подполковник Ғалымжан Жұмабаев әскери-патриоттық тәрбие, Отанды қорғауға әзірлік және әскери борышқа адалдық тақырыбында әңгіме өрбітті. Ал, әскери білім және ғылым департаментінің қызметкері, полковник Қуаныш Зекенұлы 2023 жылдан бастап іске асырылатын мерзімді әскери қызметін өтегендерге жоғары оқу орындарынан берілетін жеңілдіктерге тоқталып, бұл жобаның қалай жүзеге асырылатыны туралы түсіндірді.

Сондай-ақ, осы іс-шараға қатысқан Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері әскери институтының курсанты Жаңабай Бұрханов пен Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының курсанты Мырзахан Рүстемұлы сөз алып, жерлестеріне әскери оқу орындарына түсу тәртібін түсіндіріп, оқу процесі, мамандықтар мен атқаратын оқу-жауынгерлік міндеттер туралы айтып берді. Кездесу барысында өңір жастары мемлекеттік әскери-тарихи мұражайдың көшпелі экспозициясын тамашалап, Қарулы Күштердің 30 жылдық тарихымен және жетістіктерімен танысты. 

Пікір қалдырыңыз