«Елорданы дамыту тұжырымдамасын қайта қарау керек»

Мемлекет басшысы Астана қаласын дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Қазақстан Президенті жиында сөйлеген сөзінде ел дамуындағы Астананың орны ерекше екенін атап өтті. Қалаға қойылатын талап та жоғары болады және бұл – тек экономикаға байланысты емес, архитектуралық, урбанистикалық, рухани және әлеуметтік салаға қатысы бар мәселе.

Қасым-Жомарт Тоқаев қол жеткізген жетістіктерге тоқмейілсімеуді ескертіп, астананы дамыту жөнінде бірқатар нақты міндет қойды. Оның айтуынша, Астананың инфрақұрылымын дәйекті түрде дамыту қажет. Урбанизация үдерісінің қазіргі қарқыны сақталатын болса, елорда халқының саны 2030 жылға қарай екі миллион адамға жетуі мүмкін.

– Қала тез үлкейіп келеді. Сол себепті қазіргі таңда Бас жоспарға қойылатын талаптар жиі бұзылады. Сондықтан инженерлік инфрақұрылымды кешенді түрде дамыту – басты міндет. Алайда, бұл бағытта бірқатар мәселе бар. Атап айтқанда, әкімдік ЖЭС-3-ті пайдалануға бере алмай келе жатқанына 10 жылдан асты. Жобаны аяқтау мерзімі бірнеше рет шегерілді. Бұл оның 53 миллиард теңгеге қымбаттауына себеп болды. Аталған мәселе 2019 жылы көтерілді. Бірақ, нысанның әзірлік деңгейі бұрынғыдай 83 пайызды құрап отыр. Нәтижесінде, қазір елорда 300 гигакалорийден астам жылу энергиясы тапшылығынан зардап шегіп отыр. Үкімет әкімдікпен бірлесіп, жыл соңына дейін ЖЭС-3-тің бірінші кезеңінің іске қосылуын қамтамасыз етуге және екі газ қазандығының құрылысын аяқтауға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.

Президент аса маңызды міндеттерге – электр қуатымен тұрақты түрде қамтамасыз ету мен қаланы газбен қамту мәселесіне де назар аударды.

Президент қаланы дамыту тұжырымдамасын қайта қарауды ұсынды. Оның пікірінше, қазір Астанада саябақтар жетіспейді, тұрғындар серуенге шығатын, демалатын орындар аз. Бірақ, қала әкімдігі мұны ескермей, құрылысқа рұқсат береді. Саябақтарды, жаяу адамға арналған көшелерді көбейту қажет.

– Қазір Есілдің жағасына дұрыс көңіл бөлінбей отыр. Мысалы, көрші елдегі Қазан қаласының тәжірибесін зерттеп көруге болады. Бұл қаланың көшелері, саябақтары және жағалау алаңдары өте әдемі және тартымды. Біздің мақсатымыз – елордамызды жылдың кез келген мезгілінде халқымызға және шетел адамдарына барынша қолайлы ету, Астананың келбетін мейлінше жақсарту. Өзенге жаяу адам жүретін көпірлер салу керек. Мұндай өткел, әсіресе, қазір салынып жатқан Тәуелсіздік даңғылындағы көпірдің маңайына қажет. Көлік жүруге болмайтын көшелер жөнінде талай рет айтылды. Бірақ, қалада ондай бірде-бір көше салынған жоқ. Жалпы, әлемдік тәжірибеде дәл осындай көшелер көптеп салынады. Бұл мәселені мұқият ойластыру керек. Білікті мамандарды тартып, оңтайлы шешім қабылдауға болады. Мысалы, бізде ЭКСПО аумағы бар. Бір қарағанда, өте әдемі жер. Бірақ, қаңырап бос жатыр. Шын мәнінде, оған жан бітіріп, жұрт жаппай демалатын орынға айналдыруға болады. Қоғамдық кеңістікті дамытудың бірыңғай тұжырымдамасын қабылдаған жөн, – деді Президент. 

Сонымен қатар қаланың келбетін сақтап қалу және қаладағы орынсыз құрылыс жұмыстары көбейіп кеткені жайында айтылды. Көлік тұрағы жоқ үйлердің көптеп салынуы тағы бір маңызды мәселе ретінде атап өтілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Астана дарынды және зиялы азаматтар шоғырланған орталыққа айналуға тиіс деп есептейді. Бірақ, бұған кедергі болып отырған жайттар бар. Соның бірі – балабақшадағы және мектептегі орын тапшылығы. Қазір балабақша кезегінде 45 мың бала тұр.

Президент елордамыз дамудың жаңа үлгісіне көшуге, Астана инновациялық шаһар болуға тиіс екенін атап өтті. Әлемде қаланы басқарудың жаңа цифрлық тәсілдері қарқынды түрде енгізіліп жатыр. Біз де бұған баса назар аударуымыз керек.

– Мен Біріккен Араб Әмірліктеріндегі G42 компаниясының басшыларымен арнайы кездестім. Бұл компания жасанды интеллектіні дамыту ісінде көш бастап отыр. Олар «ақылды қала» жобасы аясында осы саладағы озық тәжірибесін бізге ұсынуға дайын. Әкімдікке Цифрлық даму министрлігімен бірлесіп, бұл жұмысты дереу қолға алуды тапсырамын. Жалпы, ІТ-бизнес өкілдерін және осы саладағы білікті мамандарды тарту қажет. Сол арқылы бас қаламыз аймақтың «Digital nomads» орталығына айналмақ. Біз Астананы жасампаз, жайлы және таза қала қағидасына сәйкес дамытуымыз керек. Әлемдегі барлық озық тәжірибені тиімді пайдалануымыз керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, елорданы тез арада жаңғыртып, қаланың даму стратегиясын қайта қарау керек.

– Құжатта қаланы кешенді түрде дамытудың негізгі бағыт-бағдары айқын көрсетілуге тиіс. Әкімдікке арнайы қоғамдық тыңдау өткізіп, қаланың жаңа Бас жоспарын әзірлеуді тапсырамын. Сосын Үкімет оны жыл соңына дейін мақұлдауы керек. Президент Әкімшілігі жұмыстың уақтылы әрі сапалы орындалуын бақылауға алады, – деді Президент.


Пікір қалдырыңыз