Көлік шанағы тозбасын десеңіз...

Кез келген адам көлік алар кезде шанағының тазалығына мән береді. Біреулер бір де бір сызат түспегенін сатып алса, енді біреулер сатып алғаннан кейін қайтадан өңдеп жатады. Ал, осынша еңбектен кейін шанақтың түрлі себептермен бүлінуі жүргізушінің көңіл- күйін түсіріп жіберетіні белгілі. Сондықтан, көлік сатып алған кезде шанақтың тозуын баяулататын әдістер бар екенін естен шығармай, сол шараларды бірден қолданған абзал. Әрине, біз ұсынған кеңестер барлық жүргізушіге пайдалы болмауы мүмкін. Бірақ, біз шанаққа түскен зақымды қанша жөндесе де, өңдесе де, бастапқы қалпына келмейтінін естен шығармауымыз керек. Сондықтан, мұндай жағымсыз жағдайлардың алдын алуға көмектесетін шараларды қаперде ұстаған жөн. 

Әуелі көліктің алдынан қарасақ

Бронды пленка (әдетте полиуретанды деп аталады) жаңа шанақты қорғаудың заманауи тәсілі. Пленка тек полиуретанды ғана емес, сонымен қатар, винилді де болады. Бірақ, винилді түрі жұқа, тез тозғыш болып келеді. Ал, полиуретанды пленка қалың болады және кем дегенде бес жыл бойы шанақты тиімді қорғайды. Дегенмен, сапасына қарай бағасы да қымбаттау болғандықтан, кей адамдар шанақтың белгілі бір бөліктерін ғана пленкалайды. Жалпы, бәрі қалтаңыздың қаншалықты қалың, жұқа екендігіне байланысты. 
Екіншіден, таңертең шанаққа тұрып қалған қарды щеткамен сүрткенді қойыңыз. Себебі, щетканың қатты қылшықтары пластикке де, шанақ бояуына сызат түсіреді. 
Үшінші, «ауру аймағының» бірі – шатырдың жиектері. Өкініштісі сол, шатырдың жиегі әдетте мырышталмайды. Сол себепті шанақтың басқа бөліктеріне қарағанда тезірек зардап шегеді. Сіз бұл аймақты тек бір жолмен, яғни пленкамен ғана қорғай аласыз. Бұдан артық тиімді нұсқа жоқ. Бұл бөлік көбіне жолда ұшып келіп тиетін қиыршық тастардан зақымданады. 

Енді бүйірден қарайық

Жоғарыда көліктің алдынан қарағанда көрінетін тұстарды сақтау туралы айттық. Енді, жанынан көрінетін бөліктерді қарастырайық. Көлік жанындағы ең әлсіз жерлердің бірі – шанақ пен бамперлердің түйісетін тұсы. Бұл жалғанған жерді ұзақ уақыт бойы қорғаудың тиімді әдісі – оларды біркелкі пленкамен желімдеу. Мұны өз қолыңызбен де жасауға болады және аталған әдісті мейілінше ертерек қолданған дұрыс. 
Назар аударуды қажет ететін келесі аймақ – есіктер мен тұтқалардың қосылған жері. Бұл аймақтың бүлінуіне әдетте тырнақ, кілт немесе сақиналар себеп болады. Ал, мұның алдын алу үшін ұқыпты болсаңыз жеткілікті. Егер өзіңіз бен өзгелерге сенімді болмасаңыз, тұтқалардың артындағы бұл аймақты да пленкамен брондауға болады. 
Кейде жаңа көліктегі есіктердің де жиектері тез зақымданады. Ал, мұны болдырмау үшін не істеу керек? Әдіс соншалықты күрделі емес: есіктерді ашқанда басқа да қатты заттарға тигізбеңіз немесе кез келген автодүкеннен соққыға қарсы жапсырғыш сатып алуға болады. 
Ал, есіктің төменгі жағын зақымдамау үшін жай ғана ұқыпты болуыңыз керек. Яғни, көлікті тоқтатқанда есіктің асты басқа заттарға тимейтінін ескеру қажет. Сондай-ақ, есік жиектері жиналып қалған судың салдарынан да зақымданады. Сондықтан есіктің төменгі жағындағы дренаждардың тазалығын бақылау керек.
Әлбетте, бұл шараларды қолданғасын, шанақ жүз пайыз зақымданбайды деп ешкім кепілдік бере алмайды. Десе де, көліктің мерзімінен бұрын тозуын тежейді.
Пікір қалдырыңыз