Мәжіліс сайлауының ерекшеліктері қандай?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жетінші сайланған ҚР Парламентінің мәжілісін таратып, ҚР Парламенті мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын 2023 жылғы 19 наурызға тағайындағаны белгілі. 2022 жылғы жалпыхалықтық референдумнан кейін мәжіліс сайлауын өткізу тәртібіне бірқатар өзгеріс енгізілді. Осыған дейін саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдар атынан ғана сайлауға түсуге рұқсат етілсе, алғаш рет азаматтар депутаттыққа өзін-өзі ұсына алады.  
Биылғы сайлаудың ерекшеліктері жөнінде Орталық сайлау комиссиясының нақты деректерін назарларыңызға ұсынамыз.  

Мәжіліс осы кезге дейін 107 депутаттан тұрды. Биылдан бастап Қазақстан халқы Ассамблеясына тиесілі 9 мандат болмайды. Парламенттің төменгі палатасына 98 депутат сайланады. Оның ішінде 69 депутат – партиялық тізімдер бойынша, 29 депутат – бір мандаттық аумақтық округтер бойынша.
Партиялық тізімдер бойынша кандидаттарды саяси партиялар ұсынса, бір мандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша кандидаттарды саяси партиялар, қоғамдық бірлестіктер, сондай-ақ жарғыда тиісті өкілеттік көзделген болса, олардың құрылымдық бөлімшелері (филиалдары мен өкілдіктеріне) ұсынады. Кандидаттар ешқандай партияда болмай-ақ өзін-өзі ұсына алады.
Кандидаттарды ұсыну 20 қаңтарда басталып, 8 ақпан  күні сағат 18.00-ге дейін жалғасады.
Астана мен Шымкентте, Қарағанды, Жамбыл, Алматы облыстарында – екі сайлау округі, ал Алматы қаласы мен Түркістан облысында үш сайлау округі бар. Қалған өңірлерде – бір-бірден. 
Мәжіліс депутаттарының өкілеттік мерзімі – 5 жыл. Мәжіліс депутаттығына кандидат ҚР азаматы болуы, соңғы 10 жылда ҚР аумағында тұрақты тұруы, кем дегенде 25 жаста болуы керек.
Саяси партиялар ұсынған партиялық тізімдерді Орталық сайлау комиссиясы тіркейді. Ал, бір мандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша кандидаттарды округтік сайлау комиссиялары тіркейді.
Бір саяси партия бөлінетін депутаттық мандаттардың 30%-ынан аспайтын адамдар саны енгізілген бір ғана тізім береді. Партиялық тізімде әйелдердің, жастардың, мүгедектігі бар адамдардың саны тізімдегі адамдардың жалпы санының кемінде 30 пайызын құрауға тиіс.
Аумақтық сайлау округі бойынша бір саяси партиядан бір ғана тізімді тіркеуге жол беріледі. Партиялық тізімге енгізілген адамға бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша ұсынылуға тыйым салынады. 
Ал, енді сайлау жарнасының сомасына келсек. Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Сәбила Мұстафинаның айтуынша, ең көп жарна Мәжіліс сайлауына тізім ұсынған саяси партиялар мен кандидаттарға қатысты болып отыр.
Бір мандатты округтер бойынша кандидаттар 15 айлық мөлшері деңгейінде, яғни 1 миллион 50 мың теңге сайлау жарнасын төлейді. 
Егер сайлау қорытындысы бойынша кандидат немесе саяси партия дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың 5%-дан кем даусына ғана ие болса, сондай-ақ бір мандаттық округ бойынша немесе партия тізіміне енген жалғыз кандидат қайтыс болған жағдайда жарна кандидатқа немесе саяси партияға қайтарылады. Барлық қалған жағдайларда сайлау жарнасы қайтарылмайды және республикалық бюджет табысына жіберіледі. 
«Сайлау жарнасы – қол жинаудың баламасы. Бірақ, одан өзгеше функционалды мақсаты бар. Ол – кандидаттың, саяси партияның сайлау құқығының кепілі. Сайлау жарнасы тіркеу үшін негіз ретінде қызмет етеді» деді С.Мұстафина.
Сонымен  Мәжіліс депутаттарының кезектен тыс сайлауына түсетін кандидаттар 1 млн. 50 мың теңге сайлау жарнасын төлейді. Ал, мәслихат депутаттығына кандидаттар үшін жарна 350 мың теңгені құрайды.
Сондай-ақ, депутаттық мандаттарды бөлу кезінде әйелдер мен жастарға берілетін 30 пайыздық квотаны міндетті түрде ұстануды заң жүзінде бекіту міндеті қойылып отыр. Бұл норма бұрын тек партиялық тізімге қатысты еді. Енді аталған квота депутаттық мандатты бөлу кезінде де сақталады. Сонымен бірге Президент партиялардың сайлау тізімінде квота берілетін азаматтар санатын кеңейтуді ұсынды. Квотаға мүмкіндігі шектеулі азаматтарды да қосу қажеттігін айтты. Яғни әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдар үшін қарастырылған 30 пайыздық квота партиялық тізім мен мандаттардың бөлінісі кезінде сақталады.
Депутаттар жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы сайланады. Сайлаушылардың 50 пайызынан астамының даусын жинауы керек. 
Партиялардың мәжіліске өтуіне қажет дауыстың төменгі шегі 7 пайыздан 5 пайызға төмендетілді. Сайлаушылар даусының кемінде бес пайызын жинаған партиялар Парламентте мандат ала алады. Заң бойынша мандаттардың тарату кезегін партияның басқарушы органы сайлауға ұсынған партиялық тізім бойынша анықтайды. Оған 10 күн беріледі. Белгіленген уақыт ішінде мандаттарды тарату кезегі анықталмаса, Орталық сайлау комиссиясы мандаттарды тізімдегі алфавит тәртібімен таратады.
Қазақстанның 18 жасқа толған әр азаматы тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiни көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне немесе кез келген өзге жағдаяттарға қарамастан, сайлауда дауыс беруге құқылы. Бір адам бір дауысқа ғана ие. Азамат дауыс беру үшін сайлаушылар тізімінде болуға тиіс. Сайлау учаскесіне келгенде жеке куәлігін (eGov қосымшасындағы цифрлық құжат жарамды) не паспортын көрсетуі қажет. Сайлауға сот iс-әрекетке қабілетсiз деп таныған, бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтар қатыспайды.
          
Саясат бөлімі.

Пікір қалдырыңыз