Еркін күрестен облыс біріншілігі өтті

Түлкібас ауданы, Састөбе елді мекендегі «Ер Жәнібек» спорт кешенінде еркін күрестен жөсөспірімдер мен жеткіншектер арасында Түркістан облысының біріншілігі өтті. Аса тартысты өтіп жатқан бұл чемпионатқа 32 команда, 518 балуан қатысып, өзара жеңімпаздарды анықтады.
Бекзат Саттарханов атындағы дарынды балалар спорт мектеп-интернатының талантты шәкірті, 38 келіде өнер көрсететін Тимур Сапаров бұл жарысқа жоғары дайындықпен келіпті. Келешегі кемел төлебилік жас балуан еркін күрестен болашақта ел намысын әлемдік ареналарда қорғап, көк туымызды көкте қалықтатуды басты мақсаты санайды.
Жарыстың ашылу салтанатына Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қанат Жолдықараев, Түлкібас ауданының әкімі Нұрлан Байғұт және Түркістан облысының күрес түрлері федерациясының президенті Бауыржан Мұсабеков арнайы қатысып, тәуелсіз еліміздің намысын қорғайтын саңлақтарға сәттілік тілеп, алдағы өтетін ел чемпионатында өңір намысын жоғары дәрежеде қорғайды деген сенім білдірді. 
UWW ережесі бойынша ұйымдастырылған  біріншілікте Түркістан облыстық жасөспірімдер және жеткіншектер арасындағы құраманың аға бапкері Абылайхан Рыспаев күрес бәсекесінің негізгі мақсатына тоқталды. 
– Негізгі мақсат – облыс чемпионатында жақсы нәтиже көрсеткен балуандарды іріктеп, облыс құрамасын анықтау. Алдағы наурыз айының 2-8 аралығында Талдықорған қаласында 15 жасқа дейінгі балуандар арасында ел чемпионаты өтеді. Сонымен қатар, сәуір айында Семей қаласында 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионатының жалауы желбірейтін болады. Осы елішілік жарыстарда облыс намысын жоғары дәрежеде қорғап, топ жару басты мақсатымыз, – деді аға бапкер.
Тартысты күрес додасының бас төрешісі Марат Керімбаев боз кілемде балуандардың тартысқа толы белдесулері өткенін айтып, өз ойымен бөлісті. 
Жастайынан күрес өнеріне жақын болып өскен Сайрам ауданының тумасы Нұрхан Жұмабек бұл спортқа кездейсоқ келмегенін, болашақта өзінің Олимп шыңын бағындыру үшін аянбай тер төгетінін жеткізді. Жеңімпаз балуандар диплом, медаль, кубоктармен және облыстық күрес түрлері федерациясы тарапынан қаржылай сыйлықпен марапатталды. Сонымен қатар жарыс жеңімпаздары алдағы уақытта республикалық сайыстарда облыс намысын қорғайтын болады.
Пікір қалдырыңыз